Ел ішінде түйенің пірі – Ойсылқара есімімен танылған Уайс аль-Қорани сахабаның жеті жерде бейіті бар деп айтылады. Солардың бірі Батыстан шығысқа созылып жатқан кәрі Мұғалжар қыраттарының шеткі тұсы, Ойсылқара өзеніне жақын төбешіктегі қорым. 1980 жылдары өлкетанушы, сол кездегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Ілиясқызы Ойсылқара ауылының тұрғындары –Тұрсын Нұрмұқанов, Ғилман Төлезбаев, Абай Жақсылықовтан осы жердің қарттарынан жеткен аңызды жазып алған. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, жеті жұртты аралап қартайған сахаба осы жерге жеткенде, түйесін шөгеріп өмірден өткен. Сахаба қайтыс болған кезде, оның денесін алып кеткен адамдар осы төбешіктен жеті бағытқа қарай тарасқан. Әрқайсысы жетектеген түйеге артқан сандықта Ойсылқара әулиенің денесі жатыпты деген аңыз қалған.
Үлкен төбеде ең бірінші болып сахаба жерленген соң басқа бейіттер кейінірек пайда болғанға ұқсайды. Қорымның шетіндегі мүк басқан көне тастармен қоршалған Ойсылқара зиратын адамдар аяғымен тақырланған ескі сүрлеу қоршап жатыр. Әулие зиратын үш айнала тілек тілеу үрдісі ежелден осы кезге дейін жалғасып келеді. Тас қорымның оңтүстік бетінде «Қыз әулие» атанған екі тас белгі тұр. Бұл жердегі зират тастарының көпшілігінің ортасында ойықшалар тесілген.
Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұргүл Аманғалиеваның айтуынша, кеңес өкіметі орнамастан бұрын Ойсылқара өзенінің бойын жайлаған жұрттың ақсақалдары бабасынан жеткен аңыздарды кейінгілерге аманаттап отырған. Өйткені, бұл өлкеде адамдар көші ежелден жалғасып келеді. Ал, пайғамбар заманының дін таратушылары Батыстан шығысқа қарай созылып жатқан кәрі Мұғалжар қыраттарының бойымен өзен жағалап жүре берген.
Құдықсай ауылдық округінің әкімі Қасым Шүйінішбайұлының айтуынша, демеушілер көмегімен орталық қақпасы бар 1500 метрлік қоршауға және арнайы баннерге тапсырыс берілген. Себебі, жан-жақтағы шаруа қожалықтарының малы осы жерге жиі-жиі кіріп кетіп жатады. Қоршаудың биіктігі 4 метр деп үлгіленген.