Қаржы • 26 Қазан, 2020

Коллекторлық қызмет керек пе?

1059 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстанда коллекторлық қызметтің заңдастырылғанына бірнеше жыл болды. Қазір республика бойынша 193 коллекторлық агенттік ресми түрде жұмыс істейді. Демек, ел ішінде қызметтің аталған түріне сұраныс бар.

Коллекторлық қызмет керек пе?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Коллектордан қорықпаңыз!

Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, коллектор дегеніміз – қарыз жинаушы, өндіріп алушы. Бұрын мұндайды кинодан ғана көретінбіз. Коллектор дегенде қарызын қайтармай, қаржы ұйымдарынан қашып-пысып жүрген бейбақтың қыр-соңынан қалмайтын тұрқы суық, түсі сұсты адамның көз алдымызға келетіні де сондықтан. Осыдан үш-төрт жыл бұрын коллектор­лық қызметті заңдастыру тура­лы әңгіме айтыла бастағанда-ақ ел тұр­ғындарының өре түрегеліп, қарсы шығуының бір себебі де осында жатыр.

Коллектор көпшілік үрейленетіндей қорқынышты адам емес. Олар жайлы ел ішінде аңызға бергісіз әртүрлі әңгімелер айтылғанымен, қарызды өндіріп алушылар да сіз бен біз секілді адам. Олар да заң шеңберінде жұмыс істеп, нәпақа табады. Банктер мен қаржы ұйымдары берген несиесін борышкерден өндіре алмай тығырыққа тірелгенде, дәл осы коллекторлардың қызметіне жүгінеді.

Қазақстанда «коллекторлық» туралы ұғым 2017 жылы заңмен бекітілді. Мұндай агенттіктер жауапкершілігі шектеулі серіктестік формасы бойынша жұмыс істейді. Әділет органдарына, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тіркеледі. Тіркеуге алған кезде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атауына «коллекторлық ұйым» деген айқындауыш сөз міндетті түрде қосылуы керек. Әйтпесе, заң қабылданғанға дейін Қазақстанда коллекторлық қызметпен айналысатын ұйымдар өте көп болған. Кейін олардың бәріне Ұлттық банкке тіркелу туралы талап қойылды. Міне, сол кезде көбі нарықтан кетуге мәжбүр болды.

Коллектордың негізгі құқықтары «Кол­лекторлық қызмет туралы» заңда жазыл­ған. Алдымен қаржы ұйымдары мен кол­лекторлық агенттіктер өзара қыз­мет көрсету туралы келісімшарт жасайды. Соның негізінде қарызды өндіріп алу­шы­лар борышкерді «мазалай» бас­тайды.

Заңда көрсетілгендей, коллекторлар берешекке қатысты ақпаратты банк берген құжат шеңберінде ғана пайдалана алады. Сондай-ақ олар борышкермен жұмыс күндері таңғы сағат 8-ден кешкі 21.00-ге дейін телефон арқылы сөйлесуге құқылы. Тек үш реттен артық сөйлеспеуі шарт. Сол секілді жұмыс күндері жеке кездесу өткізе алады. Онда да күніне үш рет қана кездесуге рұқсат етілген. Бұдан бөлек, пошта арқылы хат жөнелтуге, ұялы байланыс арқылы мәтіндік және дыбыстық хабарлама жіберуге, интернет кеңістігіндегі мессенджерлер арқылы хабарлама жолдауға құқылы.

 

Құзыреті – тілдесу һәм жүздесу

Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаевтың сөзінше, коллекторлар борышкерге қысым көрсетуі, әдептің шеңберінен шығып, өктемдік танытуы да мүмкін. Мұндай жағдайда коллектордың заңға қайшы әрекетін аудио немесе бейне жазбаға түсіріп алған жөн. Соның негізінде Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігіне шағым түсіруге болады. Егер заң бұзушылықтар анықталса, ведомства коллекторлық компанияға қа­тыс­ты тәр­тіптік жаза қолданады. Бұл рет­те, қа­рызды өндіріп алушы дөрекілік таныт­ты екен деп жұдырық ала жүгіруге бол­май­ды. Өйткені олар да көп жағдайда орын алған әңгімені немесе кездесуді аудио, бейне жазбаға түсіріп алуы мүмкін.

– Коллекторлар несие алған кезде кепілдікке қойылған мүлікті тартып ала алмайды. Егер мұндай қадамға барса, онда үлкен қателікке ұрынғаны. Сондай-ақ олардың борышкер туралы ақпаратты әріптестері мен туыстарына таратып, қысым көрсетуге құқығы жоқ. «Коллекторлық қызмет туралы» заңда банктік құпия ақпараттарды таратуға жол берілмейтіні айтылған. Банктік құпия дегеніміз – қарыз алушы мен банк арасындағы келісімшарт. Сондықтан мұндай ақпаратты ешбір жерде таратуға жол жоқ. Көп жағдайда олар борышкердің туыстары мен жұмыс берушіні жағалайды. Бұл да заңсыз әрекет болып саналады, – дейді тәуелсіз сарапшы.

Осы орайда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Коллекторлық қызмет туралы» заңға түзетулер енгізу­ді ұсынуда. Ондағы мақсат – қазақ­стан­дықтарды компаниялардың заңсыз әрекеттерінен сақтау. Атап айтқанда, мынадай жаңашылдықтар ұсынылуда: коллекторлық агенттікте тіркелмеген телефон нөмірлері арқылы борышкермен тілдесуге тыйым салу; борышкермен болған әңгімені, кездесуді аудио және бейне жазбаға жазуды міндеттеу; коллекторлардың борышкерге қатысты үшінші тұлғалармен байланысын шектеу. Тек оның тұратын жерін немесе бай­ланыс нөмірін анықтау үшін ғана туыс­тарына, әріптестеріне хабарласуға рұқсат берілмек.

– Бұрын банктер мұндай ұйымдарсыз-ақ қарызды өндіріп ала беретін. Осы бағытта жұмыс істейтін арнайы департаменттер болды. Жалпы алғанда, аталған механизм де тиімді еді. Өйткені борышкер кіммен сөйлесіп отырғанын біледі және қос тарап мәселені бірлесіп реттеудің жолын қарастыратын. Кейін коллек­торлық ұйымдар көбейді. Олар­мен бірге алаяқтар да төбе көр­сете бас­тады. Банк пен борышкер ара­сын­дағы «делдалдық», яғни коллек­торлық қызметтің соңы кейде үлкен проб­ле­ма­ларға ұласып жатты. Осы тұрғыдан алғанда «Коллекторлық қызмет туралы» заң керек және оны жетілдіру де орында. Қазір нарықта лайықты ойыншылар ғана қалды ғой. Осы орайда, тұрғындар коллекторлар келгенде мұқият болғаны жөн. Оның лицензиясын сұрап, тиісті мекеме басшысының мөрі мен қолы қойылған ресми құжатты көрсетуін талап ету қажет, – дейді ол.

Коллекторлық қызметті бақылау әрі реттеу Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүктелген. Меке­менің деректеріне сүйенсек, былтыр мұндай ұйымдардың әрекетіне қатысты 353 өтініш-шағым қаралған. Ал 2020 жылдың сегіз айында 158 шағым келіп түсіпті.

Коллекторлардың қызметі заңмен реттелгенін айттық. Сондықтан олар адам өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіре алмайды. Бірақ бұл салада шешімін таппаған мәселелер әлі де бар. Соның бірі ретінде жартылай заңсыз жұмыс істейтін коллекторлық ұйымдарды атауға болады. Олардан зардап шеккендер жоқ емес. Мұндай мекемелерден сақтанудың бір жолы – күмәнді жерлерден несие алмау.

 

Халықты қалай алдаған?

Жуырда прокурорлар коллекторлық ұйым­дардың қызметіне қатысты ауқым­ды тексеріс жүргізді. Бұған ел тұр­ғын­дарынан түскен шағымдар түрткі болған. Белгілі болғандай, прокурорлар өрескел заң бұзушылықтарды анық­тады. Бұл туралы Бас прокурордың аға көмекшісі Қайрат Раисов айтып берді.

– Қазақстандықтар тарапынан коллекторлар мен жеке сот орындаушыларына қатысты шағымдар көп түсе бастады. Сондықтан арнайы тексеріс жүргізілді. Шағымдарда олардың адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнді­ретіндігі, мүлкін тартып алып, банктегі есепшотын бұғаттап тастайтыны көр­сетілген. Шынында да солай болып шықты. Ал уәкілетті органдар бұған мән бермеген, – деді ол.

Сөйтсек, жекелеген коллекторлар мен сот орындаушылары қарыздарды заң­сыз өндіріп алудың схемасын жаса­ған. Коллекторлар қаржы ұйым­дары­нан проблемалық қарыздарды алып, оны өндіріп алуға тырысады. Бірақ олар­дың борышкерге әсер ете алатындай өкілеттігі жоқ. Яғни өкілеттігі шектеулі. заң бойынша олардың қолынан келетіні – борышкерге қоңырау шалу немесе кездесу ғана. Алайда қарызды өндіріп алушылар тығырықтан шығудың жолын тапқан.

– Олар өздеріне бағынысты жеке сот орындаушы кеңселерін ашқан. Ол үшін коллекторлардың бірі арнайы лицензия алады. Формальды түрде кеңсе ашады. Сөйтіп сот орындаушылары­ның базасына кіруге мүмкіндік туады. Осы­­лайша негізгі жұмысты ысырып қойып, қарызды өндірумен айналыса­ды. Олардың қолында жеке сот орын­дау­шының электронды цифрлы қол­таңбасы (ЭЦҚ) болған. Сол арқылы базаға кіріп, барлық мүмкіндікті өз мақсаттарына пайдаланған. Борыш­кердің мүлкін, банктік есепшоттарын бұғаттап, елден шығуына тыйым салуға ықпал еткен. Басқа да шектеу шараларын пайдаланған, – дейді Бас прокурордың аға көмекшісі.

Бұл ретте, жеке сот орындаушы­лары­ның базасы мемлекеттік ақпараттық жүйе екенін еске сала кеткен жөн. Олар осы базаға кіріп, заң аясында атқарушылық қызметтерін орындайды. Ал базада тараптардың жеке деректері сақталған. Оған бөгде адамдардың кіруіне болмайды. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңда көрсетілгендей, тек сот орындау­шыларына ғана мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға мүмкіндік беріл­ген. Оған коллекторлар секілді басқа да адамдардың араласуына жол жоқ.

Прокурорлар жүргізген тексеру­лер­дің нәтижесінде коллекторлық «қыз­метті» орындайтын 17 жеке сот орындаушысының жолы кесілген. Тағы 40 жеке сот орындаушысынан коллек­торлық «бақылаудың» белгілері анық­талған. Сондай-ақ коллекторлардың IP-адрестерінен, яғни коллекторлық агент­тіктердің интернет-нүктелерінен жүйеге логин мен құпия сөз арқылы 200 мың рет кіру фактісі тіркелген. Бұл ретте, интернет-сигналдар коллекторлық ұйым жұмыс істейтін ғимараттардан шыққан.

Ал кейбір аймақтарда коллекторлар прокурордың санкциясын алу үшін жеке сот орындаушыларының атынан қаулылар жіберген. Заңсыз әрекеттерін жабу үшін алдымен коллекторлар мен сот орындаушылары арасындағы ынты­мақтастық туралы ресми келісім жасал­ған. Келісімнің шарттарына сәйкес, коллекторлар жеке сот орындаушыларына 10-ға жуық қызмет түрін көрсетеді. Сөйтіп базаға кіріп, түрлі әрекеттер жасау көзделген. Заң бойынша жеке сот орындаушылары өздеріне қолғабыс жасайтын көмекші ғана ала алады. Алайда көмекшінің өкілеттігі шектелген.

– Тексеру барысында прокурорлар коллекторлардың қолынан жеке сот орындаушыларына тиесілі материалдарды тауып алды. Олар мұны жасырмай-ақ жұмыс істеген. Ал сот орындаушысы ретінде отырған адамның қолында атқарушылық істерге қатысты түпнұсқа құжаттар болмай шықты. Мұндай кең­селерде сот орындаушысының көмек­шісі яки маманы ретінде негізінен кол­лек­торлар жұмыс істеген. Ол аздай жеке сот орындаушыларының кеңсе­лері коллекторлар отыратын ғима­рат­тарда орналасқан. Олардың ара­сында кеңсені жалға алу туралы фор­мальды келісімшарттар жасалған. Арен­далық төлем мүлдем жүргізілмеген. Коллек­торлар сот орындаушыларының кеңсені жалға алу құнын төлеп отырған, көлік және кеңсе тауарларына жұмсалатын шығындарын да өз мойындарына алған, – дейді Қайрат Раисов.

Бұл ретте Әділет министрлігіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс берілген. Соның нәтижесінде 18 жеке сот орындаушысы республикалық палатадан шығарылған. Сөйтіп лицензияларынан айырылған. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам деген осы шығар.