Қоғам • 26 Қазан, 2020

«ARASHA» адам өмірін бағалауға көмектеседі

393 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһанды жайлаған індет талай мәселені шиеленістіре түскені анық. Карантин кезінде бүкіл отбасылардың бір үйге тығылуы бұрыннан да бар жұмыссыздық, озбырлық, әлімжеттік сияқты оқиғаларды ушықтыра түсті. Бұл әрине мемлекетіміздің құ­қық қорғау сала­сындағы көп­те­ген заңды қайта қарауға мәж­бүр етіп отыр. Ал осы мә­­­се­лелерге араласып жүр­ген қо­ғам­дық қорлардың не тын­дыр­­­ғаны бар? Өйткені бұл қор­лар­­дың қаржылай гранттарды ием­де­ніп отырғанын ұмытпау қажет.

«ARASHA» адам өмірін бағалауға көмектеседі

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «ЕQ»

Мәселен, «Қазақстан­ның тең құқық­тары мен тең мүм­кіндіктері инс­титуты» қоғамдық қорына 10 жыл толған. Осы уақыт ішінде Қор 20 қоғамдық маңызды және әлеуметтік жобаны іске асырып, 100 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, ма­ңызды құжаттарды әзірлеуге қатысқан.

Қор 2017 жылдан бері әлеу­меттік маңызы бар жоба – тұрмыстық зорлық-зом­былық көргендерді паналататын «ARASHA» баспанасын іске асырып келеді. Айтқандай, «ARASHA» бас­панасы Алматы қалалық Жұ­мыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қар­масы мен Еңбек және халық­ты әлеу­меттік қорғау министр­лігінің қол­дауымен ашылған.

Содан бері соңғы үш жылда осы әлеуметтік бас­пана жақындарынан әлімжет­тік көрген 342 әйел мен бала­ның үйіне айналды. Қор пре­зи­денті, балалар психоло­гі Маргарита Өскембаева бұрын да қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмек­тесіп келгендіктен, тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық жәбір­ленушілеріне жүйелі көмек қажет екеніне көзі жетіп, осы іске мұрындық болып отыр.

Баспана бір тәулікте 20 адамды паналата алады. Соны­мен қатар заңгерлік кеңес пен психологиялық көмек­ке жүгінген әйелдерді күндізгі және кешкі уақытта қабылдау үшін жағдай жаса­лынған. «ARASHA» бас­панасы және «жедел желі» тәу­лік бойы жұмыс істейді. Көмекке мұқтаж барлық адам­дар қауіпсіз жерге ор­на­лас­тырылады, оларға тамақ бе­ріліп, қамқорлық көр­се­ті­леді. Сондай-ақ заңды, пси­­х­о­логиялық, қажет бол­ған жағ­дайда медициналық қолдау көрсетіледі.

Әлеуметтік қызметкер-баспана үйлестірушісі қа­жетті анықтамаларды алу­ға, құжаттарды қалпына кел­­тіруге, ауыстыруға, мем­­ле­кет­тік органдарға өтініш жазу­ға көмектеседі. Соны­мен қатар әртүрлі бағыт­тағы тренинг­тер ұйымдас­ты­ры­лады, оның арқасында әйел­дер мен балалар қолдау, көмек алады.

Өткен жылы Ақпарат және қо­ғамдық даму министр­лігінің тапсыры­сы бойынша және «Азаматтық баста­ма­ларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық қолдауымен Қор «Қазақ­стандық отбасылар-2019» ауқымды зерттеуін жүргізді. Оған 3 мыңнан астам қазақстандық қатысыпты. Зерттеу Нұр-Сұлтан, Алматы және Шым­кент қалаларында және еліміздің 14 өңірінде жүргізілді. Алғаш рет қа­зақ­стандық отбасылар әртүрлі тұрғы­дан қаралды.

Ал биыл, яғни 2020 жылы Қор екі маңызды жобаны сәтті жүзеге асыруда: «Жас­тар арасында отбасылық құн­дылықтарды нығайту жөнін­дегі іс-шаралар кешені» және «Жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар ке­шенін өткізу».

Бұл жобалар да Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің тапсырысы бойынша және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық қолдауымен жүзеге асырылады.

Бірінші жоба бойынша жарты жыл ішінде «Қазақ­станның тең құқық­тары мен тең мүмкіндіктері институты» ҚҚ еліміздің 17 өңіріндегі жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайтуды көздейтін ауқымды ақпарат­тық науқан өткізді. Оның ішінде ажырасу алдында тұрған ерлі-за­йыптыларға арналған 14 тренинг 600 адам­ды қамтыған көрінеді.

Сол сияқты «Менің отбасым – менің байлығым!» от­басы­­­лық фотография бай­­­қауына 150-ден астам адам қаты­сып­ты. Ал 30 адам қа­тыс­қан «Қа­зақ­­стан­дық отбасылардың сүйікті тағамдары» бұл іске қаншалықты септеседі? Және 100 шақты адам қосылған «Сіз үшін отбасы дегеніміз не?» деген байқау-сауалнама да ұйымдастырылған. Биыл 12-13 қыркүйекте онлайн фор­матта «OTAUFEST» отба­сылық фестивалі өтіп, оған 7 мыңнан астам адам қатысқан.

Осы қазан айында қор еліміздің өңірлерінде «Менің отбасым – менің байлығым» акциясын өткізбек. Оған мектеп оқушылары, студенттер, психологтер, «OTAUFEST» отбасылық фестивалінің же­ңімпаздары, медиа тұлға­лар қатысады. Акция жалпы 17 мыңнан астам адамды қамтуды көздейді.

Екінші, «Жастар арасында суицид­тік мінез-құлықтың алдын алуға бағыт­талған іс-шара­лар кешенін өт­кізу» жоба­сының қандай пайдасы бар? Бұл «Мен өмірді таң­дай­мын!» ауқым­ды ақпа­рат­тық-түсіндіру нау­қаны еліміздің 17 өңі­рін қам­туы керек. Жоба аясын­да «Қазақстандық жас­тар­дың суицидтік мінез-құл­қы: әлеуметтік және пси­холо­­­гия­­лық триггерлер» ауқым­­­ды әлеуметтік зерттеу жүр­­гі­зі­­ліп, таныстырылыпты. Сауал­­намаға 16-29 жас ара­лы­­ғын­дағы 2 мың адам тартылған.

Жоба жетекшілерінің сөзіне қарағанда, қыркүйек айының соңынан бас­тап «Мен өмірді таңдаймын!» шара­сы өңірлердегі мектеп, кол­ледж оқушылары және ЖОО студент­тері арасында Zoom платформа­сында өтуде. Жастар алдында таны­мал қазақстандық психологтер, жастар арасындағы суицидпен жұмыс жөніндегі мамандар, медиа тұлғалар өмірді бағалауға шақырып, сөз сөйлейді. Қазан айында барлық өңірде жетекші сарап­шы­лардың қатысуымен дөңгелек үстелдер өтеді.­ Ша­раға 15 мыңнан астам жас қазақстандық қатысады.

 

АЛМАТЫ