Парламент • 26 Қазан, 2020

Ауыл дамымай, мемлекет дамымайды

638 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Сенатта ауылдық аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамытудың жай-күйі және олардың теңгерімді даму келешегі тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау болды.

Ауыл дамымай, мемлекет дамымайды

 

Түйіні тарқатылмаған мәселе

Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев өзінің кіріспе сөзінде Мем­лекет басшысы ауыл тұрғын­да­ры­ның табысын ұлғайту және ауыл инфрақұрылымының сапа­сын жақсарту жөнінде нақты мін­дет­тер қойғанын атап өтті. Қа­зіргі таңда Қазақстан халқының 41 пайызы ауылдық жерлерде тұ­рады.

«Ауылдың экономикалық, демографиялық және мәдени әлеуеті зор. Сондықтан бүгін тал­қы­ланып отырған мәселе мемлекетіміздің ары қарай дамуы үшін үлкен маңызға ие. Шын мәнінде ауыл дамымай, мемле­кет дамымайды. Соңғы жыл­дары Қазақстанда ауылдық аумақ­тарды тиімді дамыту үшін маңызды қадамдар жасалуда. 2019 жыл­дан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылып келеді. Дегенмен бүгінде жағдай түбе­гейлі жақсарып кетті деп айта алмаймыз. Қазіргі таңда еліміз­де 6 322 ауыл бар. Ұлттық эконо­мика министрлігінің баға­лауы бойынша оның 3,5 мыңын­да немесе 56 пайызында ғана дамуға қажетті әлеует бар», деді М.Әшімбаев.

Сенат Төрағасының айтуын­ша, ауылдар әлеуметтік жә­не тұр­мыстық жайлы инфра­құ­­ры­лым жағынан артта қалып отыр. Әлі күнге дейін ауыз суды тасып ішетін ауылдар же­­­терлік.

«Ауылдардың 69 пайызы интернетке қосылған деген ақпарат бар. Бірақ интернет бар жерлердің өзінде байланыс сапасы сын көтермейді. Әр бесінші ауылда білім беру нысандары жөндеуді қажет етеді. Денсаулық сақтау мекемелерінің де жағдайы мәз емес. Олардың үштен біріне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Кадр тапшылығы да үлкен мәселе.

Ауыл тұрғындарының табыс деңгейі төмен екенін білеміз. Ауылдан көшу қарқыны да бәсеңдемей отыр. Негізінен жас­тар, еңбекке жарамды адамдар кетіп жатыр. Соның салдарынан халықтың қартаю үдерісі бе­лең алып келеді. Ауылдағы ең бас­ты мәселелердің бірі – жұмыс­сыздық. Қысқа мерзімде оқыту және қайта оқыту сияқты мүмкін­діктер қарастырылса да, қазіргі жұ­мыспен қамту бағдарламалары тұрғындарды толық қамти алмау­да.

Ауылдағы кәсіпкерлік те тиісті деңгейде дамымай отыр. 2019 жылдың қорытындысы бо­йынша ауылдық жерлерде жұмыс істейтін 412 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл еліміз бойынша шағын және орта кәсіпкерлік көлемінің 31 пайызына тең. Алайда ауылдағы кәсіпкерлер шығарған өнімнің үлесі барлық шағын және орта кәсіпкерліктің 14 пайызын ғана құрайды.

Оған бұрыннан қордаланып қалған мәселелер ғана себеп емес. Ауылдық аумақтарды дамы­туға қатысты мемлекеттік басқа­ру­дағы қазіргі тетіктердің осалдығы да осыған әкеліп отыр. Орталық деңгейде де, жер­гілікті деңгейде де ауыл дамуын басқарудың және үйлестірудің кешенді тәсілі жоқ екенін жиі естіп келеміз. Ауылдарды мемлекеттік қолдау түрлі бағдарламалардың тасасында қалып, нақты жүргізілмей келеді. Сондықтан жүйелі саясат қажет. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқанын жақсы білесіздер. Ол үшін орталық мемлекеттік органдар жергілікті билік органдарымен бірлесіп, конструктивті жұмыс жүргізген жөн», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы ауылдарды сақтау және дамыту – ұлт­тық қауіпсіздікке де қатысты мәселе екенін атап өтті. Бұл, әсіресе қазіргідей сын-қатерлер кезеңінде өте өзекті. Әсіресе шекара маңындағы елді мекендерді сақтау аса маңызды мәселелердің бірі. М.Әшімбаевтың айтуын­ша, ауылдық аумақтарды дамы­туға тың серпін беру – тиісті мем­ле­кеттік органдардың алдында тұрған негізгі міндет.

 

Халық азайып барады

Бұдан кейін сөз кезегін алған Аграрлық мәсе­лелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақ­тарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев ауыл­дық жерлердің бүгінгі ахуалына, халықтың тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік жағдайына назар аударды.

«2011 жылы бізде ауыл хал­­­қы­ның үлесі 45,4 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 41,3 пайызға тең. Әсіресе оның экономикалық белсенді бөлігі үлесінің күрт төмендеуі алаң­да­тады. Мәселен, соңғы 10 жылда еңбекке қабілетті жастағы адам­дар саны 4,1-ден 3,8 млн адамға дейін төмендеген. Жыл­дан жылға халықтың ауыл­дық жер­­ден көшуі өсіп келе жат­қа­нын жеткізді. Өткен жылы жар­ты миллионға жуық адам ауыл­дан қалаларға қоныс аудар­ған.

Бұрын ауылда бала туу дең­гейі қалаға қарағанда әрқашанда жоғары болатын. Ал соңғы алты жылда бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде төмендеп кетті. Ста­тистика мәліметтері бойынша, 2019 жылы ауылдағы жан басына шаққандағы табыс айына 45 829 теңгені құраған (қалада – 66 207 теңге). Ал біз жүргізген сауалдама нәтижелері бойынша ауыл тұрғындарының табыстарын бағалау одан да аз, айына 35 349 теңге екенін көрсетті. Айта кету керек, бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші 3,6 млн адамның 2 млн немесе 56,2 пайызы ауылдарда тұрады.

Сондай-ақ табысы күнкөріс деңгейінен төмен, аз қамтылған отбасылар саны ауылдық жерлерде 6,6 пайыз, бұл қалаға қара­ғанда 2,5 есе көп. Осылайша еліміздің кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады», деді А.Күрішбаев.

Сенатор ауылдық аймақ­тар­дағы білім беру саласы мен ден­саулық саласындағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Бұдан бөлек ауыл­дық жерлерде жүр­гізілген сауал­нама қорытындысы жұмыссыз­дықтың басты мәселе екенін көр­сеткен. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан ұйым­­дас­тырылған көптеген бағ­дар­ла­маның жүзеге асырылуы жос­пар­дағыдай болмай отыр.

«Біріншіден, ауылдық аумақ­­­тарды дамыту мәсе­ле­лерін­де орталық және жергі­лік­ті атқа­рушы органдардың жұмыс­тары нақты үйлестірілмеген және бұл процеске жергілікті өзін-өзі бас­қару органдары мен жер­гілікті қоғам­дастықтар тартыл­маған. Екін­шіден, солар­дың бәрін эко­но­миканың аграр­лық секторын дамытудың мем­ле­кет­тік саясатымен тікелей бай­ла­ныс­тыра алатын бірыңғай жүйенің іс жү­зінде жоқтығы», деді сенатор.

Бұдан кейін депутат жобаны бірыңғай үйлестірудегі мәсе­лелерге тоқталды. Оның айтуын­ша, мемлекеттік органдардың жұмысында алшақтық бар. Олардың әрқайсысы өз жұмыс учаскесіне ғана жауап береді. А.Кү­рішбаев сенаторлардың парла­менттік тыңдауға әзірлік кезінде Ұлттық экономика ми­нистрлігі, салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ұсынған статистикада айтарлықтай айыр­машылық байқағанын атап өтті.

Қордаланған мәселелерге кеңінен тоқталған сенатор ауыл­дық аймақтарды дамыту жұмыс­тарын тиімді жүргізуге арналған ұсыныстарға тоқталды. А.Күрі­ш­баевтың сөзіне сүйенсек, Үкімет біріншіден ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасының тұ­жырымдамасын түбегейлі қайта қарастыруы қажет.

«Екіншіден, ауылдық ай­мақ­тарды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министр­­лігіне беру керек. Себебі ауыл өндірісі мен ауыл­дық тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау ортақ мәселенің құрам­дас бөлігі және оны бөліп-айыру­дың қажеті жоқ. Сонымен қатар бұл – бүкіл әлемдік тәжіри­бе. Еуропаның көптеген мемле­ке­тінде Канада, Аустралия, Ресей және Беларусь секілді аграрлық елдер­де ауылдық жерлерді дамыту мәселесімен Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі айналысады.

Үшіншіден, ұлттық жобаны қаржылық қамтамасыз ету қа­ғи­даттарын түбегейлі қай­та қарас­тырған жөн. Бұл жерде ауыл­дық жерлердің инфра­құ­ры­лымын дамыту процесіне қатыс­қан мем­лекеттік емес құрылым­дар­дың шығындарын субсидиялау (бірлесіп қаржыландыру) арқылы осы іске жеке капиталды барынша тартудың маңызы аса зор.

Төртіншіден, ауылдық елді мекендерді жіктеу кезінде өнді­рісті дамыту әлеуеті мен жаңа жұмыс орындарын құру мүм­кіндігі басты көрсеткіштер болуы тиіс. Ауылшаруашылық өнді­рісті, ауылдық аймақтарды дамыту үшін ауыл бизнесін қолжетімді төмен әрі ұзақмерзімді несиемен қамтамасыз ету өте маңызды. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» хол­дингтері біріккеннен кейін, олардың басты қызмет ету нысаны ауыл мен ауыл шаруашылығы болады деген үміттеміз. Ол үшін жаңа қаржы жүйесінің негіз­гі құрылтайшысы Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі болу керек деп санаймыз. Қосалқы шаруа­шы­лықтардың кооперациясын, ауылдағы мал басын жайылым және жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі ше­шу қажет.

Бесіншіден, ауылдық аймақты дамытудың стратегиялық бағыты цифрлы технологияларды енгізу болып табылады: телемедицина, қашықтан оқытудың заманауи түрлері, онлайн консалтинг пен қызмет, ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру», деді сенатор.

Бұдан кейін Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндама жасап, ауылдардағы қазіргі ахуалды баяндап берді. Ведомство басшысының айтуын­ша, кейінгі 10 жылда ауыл тұрғындарының саны 310 мың адамға көбейген, ал қала тұр­ғын­дарының саны 2 миллионға артты. Бұның басты себебін урбанизациямен байланыстырған министр ауыл шаруашылығы саласы кейінгі жылдары дамып келе жатқанын алға тартты. Әйтсе де, ауылдық аймақтарда қор­даланған мәселе жетерлік.

«Сараптама нәтижесі көр­сет­кендей, әр бесінші ауылдағы (21 пайызы) мектептер мен бала­бақшаларды, әр үшінші ауыл­дағы аурухана, амбулатория неме­се фельдшерлік-акушерлік пункт­терді жөндеу қажет. Екі мың­нан астам ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету керек. Сон­дай-ақ 30 мыңнан астам жер­гі­лікті жолдарға күрделі жөн­деу жасалуы тиіс», деді Р.Дәле­нов.

 

Мемлекеттік қолдау жалғаса береді

Келесі баяндама жа­саған Ауыл шаруашылығы министрі Сапар­хан Омаров агро­өнеркәсіп­тік кешенді мемле­кеттік қол­дау шараларына тоқ­талды. Ведомство басшы­ның сөзіне сүйенсек, агроөнер­кәсіп­тік ке­шеннің бәсекеге қабі­­лет­ті­лігін арттыру мақса­тында 2021 жылға дейінгі мем­лекет­тік бағдарламасын іске асыру жалғаса береді. Оны іске асы­ру кезеңінде саланы дамыту бойын­ша қажетті шаралар қабыл­данды.

«Мемлекеттік қолдау көле­мі тек соңғы үш жылда 1,5 есе ұлғайып, 2020 жылы 350 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл ретте субсидиялардың 95 па­йыздан астамын тікелей ауылдық жерлерде орналасқан агро­өнер­кәсіптік кешен субъектілері алады. Агроөнеркәсіптік кешен­дегі субсидиялау барынша оңайлатылды және толықтай автоматтандырылды. Бұл субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру шеңберінде өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидиялар бірыңғай қағидаларға біріктірілген. Өсім­діктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді, гербицидтер ғана емес, пести­цидтердің басқа да түрлері суб­сидияланады. Басты жаңалық­тардың бірі – субсидияларды күнтізбелік жыл аясында емес, тұқымдар, тыңайтқыш, пестицидтер сатып алынған күннен бастап 12 ай бойы алуға болады.

Фермерлер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында мал са­тып алуға кредит беру кезінде кепіл саясаты оңтайлан­ды­рылды. Мәселен, кепілге малдың өзі (85%) алынады, бұл ретте анық кепілмен қамтамасыз ету небәрі 15%-ды құрайды.

Қой шаруашылығымен айналысатын фермерлерді ынталандыру мақсатында қой­лар­дың асыл тұқымды аналық басымен селекциялық, асыл тұқымдық жұмыс жүргізу нор­ма­тивтері ұлғайтылды. Асыл тұқымды отандық және импорт­талған ірі қара мал басын және қой басын сатып алуға арналған нормативтер кеңейді», деді министр.

Сондай-ақ С.Омаров агро­өнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде жаңа ұлттық жобаны әзірлеу бойынша ауқымды міндет тұрғанын жеткізді. Оның негізгі міндеті ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен молайту.

«Бұл мәселе бойынша 2023 жылдың соңына қарай ішкі нарықты негізгі тамақ өнім­дерімен толықтай молықтыруға мүмкіндік беретін Ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен барынша қамту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленгенін атап өткім келеді.

1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру, еңбек өнімділігін 2,5 есе көтеру, өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспортын 2 есеге ұлғайту басымдықтары бар.  Осы міндеттерді іске асыру үшін қолжетімді қаржыландыру, жер қатынастары, аграрлық ғылымды дамыту, саланы цифрландыру, ветеринарлық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ шикізаттың ғана емес, оның өңделген өнімдерінің де экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері пысықталып жатыр.

Екінші міндет – ауылдағы кооперацияны ынталандыру шараларын әзірлеу. Мұнда зәкірлік кооперациямен қатар ұсақ фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтар бір-бірімен өзара кооперацияланатын көлденең кооперацияны да дамыту жоспарланған. Кооперацияны дамытуға ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялауда басымдық және жоғары нормативтер түрін­де мемлекеттік қолдау шара­лары қолданылады. Мал шаруа­шылығын субсидиялау қағи­далары аясында дайындалған ауыл шаруашылығы шикі­заты­ның құнын арзандату көздел­ген. Сондай-ақ ауыл шаруа­шы­лығы кооперативтері үшін барлық салықтар бойынша 70% жеңілдік беретін арнайы салық режімі жұмыс істейді», деді министр

Бұдан бөлек парламенттік тыңдау барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, аймақта атқарылып жатқан игі істерге кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Жамбыл облысында биылғы 9 айда ауыл  шаруашылығы өнімі 273 млрд теңгеге өндіріліп,  103,4 пайызға өскен.

Жамбыл облысы тұрғын­дарының тұрмыстық табысын арттыру жобасына 10 ауданнан 11 пилоттық ауылдық округтен 25 елді мекеннің тұрғындары қатысты. Аталған жобаның 5 бағыты бойынша жалпы 8,5 млрд теңге несие қаражаты иге­рілді. Оның ішінде мал шаруа­шылығын дамыту және мал сатып алу бағыты бойынша
6 905 млн теңгеге 45 032 бас мал сатып алынды», деген Б.Сапар­баев өңірдегі оң бастамалар туралы әңгімелеп берді.

Тыңдауға қатысушылар ауылдық аумақтарды және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік сая­сатты әзірлеу және іске асыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы коопе­ра­циясының бастапқы жобаларын іске асыру нәтижелері, ауылдық аумақтарын дамытудың қазіргі заманғы тәсілдері айтылды.

Ауылдық елді мекендерде экономика мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері көтерілді. «Атамекен» Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы төрағасы Абы­лай Мырзахметов ауыл кәсіп­керлігін қолдау шараларын атап өтті. Одан басқа кооперацияны дамыту және ауылдағы агро­бизнестің ағымдағы проблемаларына қатысты мәселелер көтерілді.

Парламенттік тыңдауға орта­лық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, биз­нес-қоғамдастықтың өкіл­дері, сондай-ақ агросаясат жө­ніндегі сарапшылар – Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері қатысты.

Сенаторлар парламенттік тыңдаудың нәтижесі бойынша еліміздің Үкіметіне бірқатар ұсыным әзірледі. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасына ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі жекелеген ұлт­тық жоба мәртебесін беру қажет­тігі айтылған. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру жөніндегі функция­ларды Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына беру және басқа министрліктер мен мекемелердің ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі қызметін үйлестіру жөніндегі өкілеттіктерімен министрлік жанынан арнайы бөлімше құрудың маңызы айтылды.

Бұдан бөлек ауылдық жер­лер­дің әлеуметтік және инже­нерлік инфрақұрылымын да­мыту процесіне агробизнес атынан жеке капиталды олар­дың осы мақсаттарға жұмса­ған шығындарын субсидиялау арқылы барынша тарту жөнін­дегі тетіктерді көздей отырып, «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыруды қажетті дең­гейге дейін ұлғайтуға ұсыныс жасалды.

Сондай-ақ агроқұры­лым­дардың мамандар даярлау жөнін­дегі шығындарын субсидия­лауды, ауыл шаруашылығы ма­ман­дықтары бойынша мемле­кеттік гранттар бөлу үшін ауыл­дық квоталар үлесін кемінде 30%-дан 50%-ға дейін ұлғай­туды көздейтін жас мамандарды ауылға жұмысқа тарту жөніндегі кешенді шараларды іске асыру, «Серпін» жобасы аясында оңтүстік облыстардың жастарын солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқытуға квотаны ұлғайту.

Ауылдық кооперация жә­не жеке қосалқы шаруашы­лық­тардың әлеуетін пайдалану, оның ішінде субсидиялау бағдарламалары мен салықтық жеңілдіктер бойынша кооперацияны ынталандыру жөніндегі тетіктерді жүзеге асыру.

Ауылдық кооперация және жеке қосалқы шаруа­шы­лық­тардың әлеуетін пайдала­ну, оның ішінде субсидиялау бағ­дар­ламалары мен салықтық жеңіл­діктер бойынша коопе­рация­ны ынталандыру жө­нін­дегі тетіктерді дамыту жөніндегі ке­шенді шаралар әзірлеу жазылған.