Өнер • 26 Қазан, 2020

Миллионер Микеланджело

524 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Суретші десе, сіңірі шыққан ке­дей кейіп көз алдымыздан көл­беңдейтін сонау ежелден келе жатқан қасаң түсінік күні бүгінге дейін өзгерген жоқ. Әсіресе ренессанс дәуі­рінің әй­гілі қылқалам ше­берлері Леонардо да Вин­чи, Буонарроти Мике­ланд­жело, Рафаэль Сан­ти­лер­дің өнерінен тыс, жеке өмір­­лерін, тұрмыс тыныс­тарын ауызға алсақ-ақ, көкі­регі­мізге аяныш сезімінің орнай қалатыны да сол қа­лып­тас­қан жалпылама ұғымның ұшқындарынан болса керек. Ал сіз қайта өр­­леу дәуірінің сақа сурет­шісі майталман Мике­ланд­желоның мил­лио­нер бол­ғанын білесіз бе?

Миллионер Микеланджело

 

«Қалайша?» деп қарсы сауал тас­тауыңыз, болмаса «мүмкін емес» деп бірден түбегейлі қарсы шығуыңыз да бек мүмкін. Себебі біз оқып, білген Ми­келанджело дереккөздерінде қысқа жібі күрмеуге келмей, қу кедейшіліктің тауқыметін көп тартқан тайқы маңдай тағдыр иесі болып суреттелуші еді ғой. Осыны оқып, «Давид», «Моисей», «Сикстин капелласы», «Сұмдық сот», «Христі жоқтау», «Кашинадағы шай­қас», «Пьета» сынды өлмес жауһар туын­дылар қалдырған шебердің өне­рге деген айрықша махаббаты мен жан­кештілігіне тәнті болып та әрі мүсіркей қарағанымыз сондықтан.

Алайда Флоренциядағы Сира­куз университетінің профессоры, аме­ри­­калық өнертанушы ғалым Рэб Хэт­филдтің зерттеулері бұл жанашыр се­зіміңіздің себепсіз екендігіне сен­ді­реді. Өмірінің сегіз жылын қыл­қалам ше­берінің шығармашылығын зерделеуге арнаған профессор өзінің осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көрген «Микеланджелоның байлығы» атты еңбегінде суретшінің жұрт көзінен жасырған, қазіргінің есебіне салғанда, ондаған миллион доллар байлығы бол­ғанын және бұл байлықты ол аса аш­көздікпен сақтап, соқыр тиынын да жұм­самауға тырысқанын мұрағаттан табылған суретшіге қа­тысты қаржылық жеке құжаттары негізінде дәлелдеп берді. Профессор Хэтфилд Микеланджелоның бұ­рын беймәлім болып келген банк құжат­тарын кездейсоқ тауып алған. Ол «Сикс­тин капелласының» төбесіндегі кейбір көріністердің жасалған мерзімін анықтамақ болып, туынды авторының сол кезеңде жазылған хаттарын мұқият зерттей һәм зерделей оқыпты. Хатта айтылып қалар банктегі әлдебір есеп­­шоттар туралы әңгіме ғалымды су­ретші қазынасының ақиқатын анық­тауға жетелейді. Хэтфилд жазбада сөз етілген сандарды талмай, тынбай іздестіре жүріп, замандасы Леонардо да Винчидің бұл зерттеуге дейін де әбден зерттелген есепшоттарының арасынан тауыпты. Сөйтіп ізденіс нәтиже беріп, жаңалық жаһанға жарқ ете қалады. Аталған құ­жаттарда жүздеген мың бүгінгі АҚШ долларына тең алтын ақша туралы жазылған екен. «Бұл цифрларды көр­генде зерттеп жүрген «Сикстин капелласы» есімнен тарс шығып кетті»  деп өзінің де әуелгі таңданысын жасырмаған ғалым, одан әрі Микеланджелоның аталған және басқа да есепшоттары мен қаржылық құжаттарын, хаттарын, өмірбаянын, қысқасы, ғұлама ғұ­мы­рына қатысты барлық деректі, ақ­параттарды бір-бірінен бөле-жармай, біртұтастықта жүйелі зерттейді. Зерттеу нәтижесі осы­­лайша ұлы тұлғаның аса табыс­ты­­лығына қарамастан, сұмдық сараң, дүниеқоңыз кәсіпкер ретіндегі бізге бұған дейін белгісіз болып келген бет-бейнесін айқындап берді. Суретшінің сараңдығы соншалық, қыруар қазы­насын жұрт көзінен, тіпті өз үйі мен ту­ған-туыстарынан да қызғыштай қо­рып, қызғанып, олар қаржылай көмек сұрамас үшін өмір бақи «жоқ», «жоқ» деумен «жылап» өтіпті. Үнемі ақшасы жетпейтінін айтып, тағдырға налып, мүдделі түрде өміріне, заманына ша­ғы­нумен күнін өткеріпті. Ғалым еңбегінде келтірілген мына бір мысал да атақты шебердің сараңдығын дәлелдей түседі. Микеланджело қыз­мет бабымен басқа қала, елді мекендерге барғанда ақша үнемдеу үшін өзінің бірнеше көмекшісіне бір ғана төсек жалдайды екен.

Иә, егер жолыңыз тарихи өнер ор­дасы Флоренцияға кездейсоқ тү­се қалса, ондағы суретшінің сиқыр­лы қолынан шыққан тарихи жәдігерлер – сәнді сарайлар мен ең­селі ескерткіш мүсін­дерге тамсана таңдай қағарыңыз сөз­сіз. Ал мұндай алып ғимараттардың құ­ры­лысы һәм безендірілуі, бүгінде шеберліктің шы­ңына баланып жүрген биік-биік мүсіндер әлбетте қосымша жұмыс кү­шінсіз жүзеге аспайды. Міне, Ми­келанджелоның сол көмекшілеріне, тіпті өз бала-шағасының күнкөрісіне де еріксіз ақша шығарғандығы, ал қар­жы­сының негізгі қыруар бөлігін жасырып баққандығы да жазылады айтулы еңбекте.

Өнертанушының айтуынша, бай­лық жағынан Микеланджеломен бәсе­кеге түсе аларлық күні бүгінге дейін бірде-бір суретші жоқ. Пайым­ды қи­сын­сыз дей алмас едік. Микеланд­жело өзінің атағын әлемге мәшһүр еткен атақты «Давид» пен «Пьетасын» орда бұзар оты­зына дейін-ақ сомдап қойғандығын ескерсек, суретші атақ-даңқтан жігіт шағынан кенде болмаған. Ал даңқы дүрілдеп, атағы аспандаған өнер иесінің қаламақысы да мардымсыз болмаса керек.

Деректер дәйектегендей, Флорен­ция­дағы Лауренциана кітап­ханасын безендіру кезінде ол Папа VII Кле­менттен ай сайын жүйелі түрде қомақ­ты жалақы алып тұрған екен. Папа VII Клемент төлеген қаржының көлемі бүгінгі валюта бағамына шаққанда жы­лына 600 мың долларға пара-пар көрінеді. Табыс әлбетте мұнымен ғана шектелмегені сөзсіз. Сондай-ақ суретші Папа ІІ Юлийдің құлпытасын жасау үшін іске кіріспей тұрып тапсырыс иесінен қаламақының үлкен бөлігін алдын ала санап алатын өзінің ежелгі дағдылы әдетімен 10 миллион доллардан астам қаржыны материалдық қорына қосады. Алайда, бір өкініштісі, уәделі ісін соңына жеткізе алмаған. Демек, Микеланджелоға байлық қартайғанда келмеген. 88 жылдық саналы ғұмырында жиған бар табысы сандығында сақтаулы жатқан.

Ал италиялық өнертанушы, «Мике­ланджелоның ізімен» еңбегінің авторы Фред Плоткин болса, бұл сығыр сараңдықтың сырын былай түсіндіреді: «Ұлы суретшінің бұл сараңдығының сырын шебердің кезінде қаржыдан қатты қысылғандығымен түсіндіруге болады. Өйткені қазіргі күннің өзінде біз ол туралы өте аз білеміз. Мике­ланд­­же­лоның хаттарында жазылған мәлімет­тер суретшінің көңіл күйінің әсеріне әбден малынған. Ал ол өз сезі­мі­нің қараң­ғыланып, күрт төмендеп кетуін­ен көп зардап шеккен адам еді», деп жа­зады.

Әбден мүмкін. Бірақ қалай десек те, қайталанбас туындыларына, жауһар жәдігерлерге өзінің алтын уақыты мен талмас қажырын аямаған аңыз Мике­ланджелоның, сезімге секемшіл сыршыл суретшінің бұл пендеауи мінезін жоғарыда келтірілген деректер жоққа шығара алмайды.

...1564 жылдың 18 ақпанында сурет­ші ешқандай жиһаз қойылмаған, басы артық кітап, бұйымдардан ада өзі­нің Римдегі қараша үйінде жұрт­тың жанашырлық, мүсіркеу сезімін тудыр­ған қоңырқай тіршілік көрінісінде мәң­гілік мекеніне аттанып кете барыпты. «Жалған дүниеде жарымай өтті» деп зар­ланып, заманына лағнет айтқан сол жанашыр жақындары дүние мен жиһаз­ға жарлы суретші баспанасының бір бұ­ры­шында сандық толы алтын, қыруар қазына жатқанын қайдан білсін?!