Кино • 26 Қазан, 2020

Кішкентай адам

804 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Фильмді көруге Альберт Эйнштейннің өзі келген деседі. «Үлкен қаланың оттары» фильмі әлем киносы тарихындағы үздік туындыға айналарын бір кездері Чаплиннің өзі ойлады ма екен?

Кішкентай адам

 

«Кішкентай адамның» басынан өткен тартысты тағдыры шынайы өмір­дің өзі болған соң ба екен, ол сомда­ған кейіпкерлер шетінен өміршең ке­леді. Қалпағы мен таяғын іліп алып, қолапайсыз тұмсықты бәтеңкесін тыр­пыл­дата басып келе жататын кезбе кейіпкер де ешкімді жатырқамайды. Бір қызығы «ашкөз элитаның» озбыр талабына икемделе алмаған осынау нәзік жүректің иесі үнемі бақытсыз, үнемі саяқ жүреді.

«Үлкен қаланың оттары» фильмінде Чаплин тек басты рөлді ойнаған жоқ, сценарий авторы, әрі режиссер, әрі сазгер, әрі продюсер бола отырып, ғаламат авторлық фильм тудырды. Фильм желісі бойынша үй-күйі жоқ көше кезбесі гүл сатушы зағип қызға ғашық болады. Сатушы қыз ұсынған бір тал гүлді өңіріне асқан ықыласпен қадауы ынтық жүректің демеуі ме, әлде аяушылықтан туған шексіз мейірімнің медеуі ме, ол жағы беймәлім. Бір аны­ғы, драмалық сарынға толы ғажап көрі­ністер бақыт пен үмітке үндеп тұрады.

1927 жылы басталған фильм түсірі­лімі жиі үзіліп қала берді. Чаплиннің шешесі дүниеден озғанда, түсірілім жұмыстары тұп-тура 62 күнге шегеріл­ген. Өзінің айтуынша, фильм идеясына жазатайым көзін жарақаттап алған әлдебір цирк әртісінің оқиғасы түрткі болған көрінеді. Картина дыбыссыз фильмдер дәуірінің аяқталар тұсында дү­ниеге келді. Сөйте тұра Чаплин жеке жобасының бастан-аяқ авторы бола отырып, оны қалай түсіру керектігін жақсы білді. «Әттең, өкінішті. Әйелдің аузын ашқанын көру қандай ғанибет, бірақ дауысы естілмейді», дегенді дарынды режиссер осы тұста айтты ма деп ойлаймыз.

Көркемсуретті фильм түсіру ба­ры­сын­да өзімен бірге ойнайтын ак­трисаны Чаплинге бірден таба қою қиынға түсті. Ал бас кейіпкер келіс­песе, көркем шы­ғарма мазмұнын сұ­йыл­тып жі­беруі сөзсіз. Ақыры бір ше­шім­­­ге бекінген Чаплин актриса Вирджиния Черриллмен кез­десіп, басты рөлді ұсынады. Де­се де фильмде әнтек монтиып қа­на отыратын екеудің түсірілім алаңындағы қарым-қаты­насы тым қиын, тым күрделі болып шықты. Черрилл Чаплинді еш­қашан ұнатпайтынын, ұнауы мүмкін емес екенін айтып, сахналық көріністерді тездетіп аяқтауды сұ­рады. Бұған тосылып қалған режис­сер жоқ, Черриллді түсірілім алаңынан қуып шығарып, басқа актрисаларды сынап та көреді. Бірақ көп кешікпей оқиға желісін өрбі­туде Черриллден өзге актриса нақышын келтіре қоймайтынын түсініп, актрисаны амалдап кері қай­тарады.

Психолог Стивен Вайсман «Үл­кен қаланың оттары» фильмін өмірбаян­дық сипатқа ие екендігін, зағип қыз­дың Чарли Чаплиннің анасы, ал мас­күнем миллионерді оның әкесінің про­тотипі деп біледі. Кез келген су­рет­к­ердің балалық шағы келешек шы­ғармашылығына үлкен ықпал етеді десек, «кезбе Чарлидің» тағдыры жал­пы композицияның негізгі өзегіне ай­налғандай. Бала кезінде қиындық пен жоқшылықты көп көрген Чарли Чаплиннің әкесі ішімдікке салынып қайтыс болса, денсаулығынан айырылған, дімкәс анасы қайта-қайта ауруханаға түсіп, балаларына қарауға шамасы болмаған. Кейде әдейі, кейде білместікпен келеңсіз жағдайларға тап болып жүретін Чаплин кейіпкерлері тағдырына мойынсұнған, момын, сөйте тұра ішкі жан дүниесі мырзалық сипатқа ие, ақ адал келеді. Чаплиннің «кішкентай адамының» психологиялық мінез күйі тереңдеп, барынша әлеу­мет­тік мәселелерге ден қоюы осы «Үл­кен қаланың оттары» фильмінен бас­тау алады. Яғни өндірістік қоғам сипаты белең алған тұста пайда табуды ғана көздейтін қоғамда адамдар теңсіздігінің айқындала түскенін анық көрсете білді және оны бәкене бойлы кейіпкердің елеусіз тіршілігі ар­­қылы өте түсінікті жеткізді. Фильмдегі бай­дың сау кезінде кісі менсінбей, сыл­қиып тойып алған уақытта досым деп жік-жапар болуы, есін жиған кезде қайтадан паңдана қалуы сынды үйлесімді көріністермен алма-кезектестіріп, қоғамдық өзгерістерге халықтық сипат беруі суреткердің сұңғыла аңғарымпаздығы емес пе?!

Иә, Чаплинді комедияның коро­лі, режис­сураның данышпаны деп әспет­теуі тегін емес. Шығармашы­лық ғұмырында 70-тен астам қысқаме­трлі, 15-ке жуық толықметрлі фильм­ді жарыққа шығарған талантты режиссердің кез келген туындысы астарлы ой мен тереңдікке ие.

«Үлкен қаланың оттары» фильмі Америка кино инс­титутының нұсқасы бойынша ең үздік романтикалық ко­ме­дия ондығында бірінші орында тұр. Чаплиннің биік құн­дылықты адам­гершілік пен ізгілік сәулесінен көруі оның шы­­ғармашылығының өн бо­йына терең тыныс беріп келеді. Күлдіре отырып ойға тартатын талантты суреткердің көрермен алғысына алғаусыз бөленуінің бір сыры осында болса керек. Киноөндіріс бүгінгідей дамыған заманда да Чаплиннің мылқау фильмдерін іздеп жүріп көреміз. «Кішкентай адамның» аңғал да таза­лық тұнған кейпі көрерменін әсте жалықтырған емес.