Аймақтар • 26 Қазан, 2020

Оралдық кәсіпкерлер мемлекет қолдауына ие

351 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Пандемия тудырған қиындықтарға қарамастан Батыс Қазақстан облысында шағын және орта кәсіпкерлік дамып, өңдеу кәсіпорындары өнім көлемін былтырғы межеден түсірмеуге тырысуда.

Оралдық кәсіпкерлер мемлекет қолдауына ие

Статистикалық деректерге қарасақ, 2020 жылғы 1 қазанда Батыс Қазақстан облысында 42 760 шағын және орта кәсіп­керлік нысаны жұмыс істеп тұр екен. Бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 0,5%-ға жоғары көр­сеткіш. Яғни, өңірде карантин шектеу­леріне қарамастан, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туып тұр.

– Биылғы жылдың басым бөлігі кү­шейтілген карантин аясында өтті ғой. Дегенмен облыс тұрғындары арасында кәсіп бастап, табысын көтеруге ұмтыл­ғандар көп. Біздің есебіміз бойынша жыл соңына дейін кәсіпкерлік нысандарының саны 43 100-ге же­теді деп отырмыз, – дейді Батыс Қазақ­стан облыстық кәсіпкерлік және ин­дустриялық-инновациялық даму бас­қармасы басшысының орынбасары Мақсат Құланбаев.

Әлемді әбігерге салған пандемияның кесірі Ақжайық өңіріне де тиді. 2020 жылғы қаңтар-маусым аралығында өңірде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары шығарған өнім көлемі – 551,2 млрд теңгеге бағаланған. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда өнім көлемі 30,1%-ға төмендегенін көр­сетеді. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны да 8%-ға азайып, 106,7 мың адам болған.

Әрине мұндай қиын кезеңде бар кінәні сыртқы факторға артып қойып қарап отыруға болмайды. Сондықтан тез арада «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту жөніндегі жобалық кеңсе құрылды. Оның құрамына жергілікті атқару органдары, «Даму» мекемесі, агрокешен және кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері кірді.

2019 жылдың 9 айы ішінде «Қара­пайым заттар экономикасы» жеңіл­детілген несиелеу бағдарламасы аясында жалпы сомасы 16 565,1 млн теңгеге 215 жоба мақұлданған екен.

Сондай-ақ биыл «Еңбек» бағдар­ламасы шеңберінде қалалық жерлерді несиелеу үшін республика бюджетінен шағын несие үшін 500 млн теңге, кепілдеме үшін 36 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда 15 шағын несие беріліп, жалпы сомасы 105,5 млн теңге қаржы кәсіпкерлік айналымға араласты. Кепіл­деме бойынша жалпы сомасы 10,8 млн теңгеге 8 келісімшартқа қол қойылды.

Айта кетейік, бұл несиелер екінші деңгейдегі банктер арқылы өз ісін ұйым­дастыруға және кеңейтуге жылдық 6%-бен беріледі. Несиенің ең үлкен көлемі 18,1 млн теңгеге жетеді. Несие бойынша кепілдікті «Даму» қоры бастапқы бизнес үшін 85%-ға дейін, қолданыстағы бизнесті одан әрі дамыту үшін 50%-ға дейін береді.

2020 жылы өңірде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жалпы трансферттерден 1 765,3 млн теңге бөлінген екен. Оны әр салаға жіктесек, негізгі бөлігі – 1 532,4 млн теңгесі несиелердің пайыздық мөл­шерін субсидиялау үшін жұмсалғанын бай­­қаймыз. Сондай-ақ 146,9 млн теңге қаржы несие үшін кепілге, 86 млн теңге – гранттық қаржыландыруға кеткен.

Жоғарыда айтылғандай, пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде антикризистік шаралар аясын­да өңірде 1 891,3 млн теңге қаржы бөлін­ді. Оның 1 562 млн теңгесі пайыздық үстеме­ні субсидиялауға жұмсалса, 329,3 млн теңге несие бойынша кепілдер үшін пайдаланылған.

– Қазан айының 1-іне дейін біз бө­лінген қаржының 64%-ын, яғни 2 403,1 млн теңгені игердік, – дейді М.Құланбаев.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9 ай ішінде 17,4%-ға төмендеп, 327,5 млрд теңге көлемінде болды. Құ­йылған қаржы негізінен кен өндіру, өңдеу кәсіпорындары, құрылыс, сауда, көлік және қоймада сақтау салаларында азайып кеткен. Бірақ ауыл шаруашылығы саласында өсу бар. Яғни өңірде биыл іске қосылған «УорлдГринКомпани» және «УТК» ЖШС-ларының жылыжайы мен «Ринго-Милк» компаниясының тауарлы-сүт фермасы оң өзгеріске бастап тұр.

Инвестиция көлемінің төмендеуіне өңірдегі бірқатар алып кәсіпорындарда ірі жобалардың аяқталып, іске қосылуы да әсер еткен. Мәселен, мұнай-газ сала­сындағы ҚПО б.в. компаниясы мен «Жайықмұнай» ЖШС, кабель өнімдерін өндіретін «Оралкабель» мен шар тәрізді клапан шығаратын «ПетроВалвз КИОС» фирмалары жаңа жобаларын іске қосып үлгерді.

Әлбетте өңірге келетін инвестиция ағынын күшейту жергілікті билік орган­дарының әрдайым назарында болатын тақырып. Жыл басынан бері облыс әкімі жанындағы инвесторлар кеңесінің отырысы 5 мәрте өтіп, өңірге қаржы тар­ту, инвестициялық климатты одан әрі жақсартып, экспортты ұлғайту бойынша мәселелер талқыланды. Осының нәтижесінде жалпы құны 45,6 млрд теңгелік 18 жоба мақұлданды. Бұл жо­ба­ларға тұрақты жұмысқа 920 адам тар­тылмақ.

2020 жылғы 29 маусымнан бастап «Бизнеске арналған Үкімет» жобасы іске қосылған еді. Бағдарламаның Smart Uralsk ғимаратында орналасқан кеңсесінде кәсіпкерлікті қолдауға бағыт­талған 50-ден аса мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бүгінге дейін мұнда 150-ден аса ақыл-кеңес берілген. Ауыл шаруа­шылығы саласында қызмет көрсету және тауарлар мен қызметтердің сапасы бо­йынша оқыту да осы жерде өткізіледі. Электрмен және сумен қамту бойынша алғашқы техникалық шарттар осы жерде жасалады.

Өңірге қаржы тарту және инвести­циялық ахуалды жақсарту үшін арнайы портал іске қосылған. Үш тілде қыз­мет көрсететін invest07.gov.kz онлайн-платформасынан Батыс Қазақстан облысы туралы, онда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, өңірдегі отандық тауар өндірушілер, инвестор жобаларын күтіп тұрған салалар, шағын және орта кәсіпкерліктің 100 жобасы туралы толық ақпарат табуға болады. Сондай-ақ өңірдегі бос жер телімдері, бос тұрған ғимараттар, Орал қаласы мен аудандарда атқарылып жатқан ин­вестициялық жобалардың егжей-тег­жейлі сипаттамасы да осы сайтта орна­ластырылған.

Өңірде таяу болашақта жүзеге асатын 70 инвестициялық жоба аясында 2,5 трлн теңге игеріліп, 6 мыңнан аса адам тұрақты жұмыс табатыны анық жоспарланған. Соның ішінде 2020 жылы – 308 млрд теңге, 2021 жылы – 508 млрд теңге, 2022 жылы – 390 млрд теңге, 2023 жылы – 237 млрд теңге, 2024 жылы 152 млрд теңге құйылады деп күтілуде. Биыл 25,5 млрд теңге инвестиция құйылып, іске қосылатын 9 жобада 435 жұмыс орны ашылмақ. Бұл жоба-жоспарлар ақиқатқа айнала ма, уақыт көрсетеді.

Өңірге инвестиция тарту мақсатында жүргізілген мақсатты жұмыстардың нә­тижесінде 587 млрд теңге құйылуы жос­парланған 10 ірі инвестициялық жоба жөнінде меморандумға қол қойылған болатын. Оның ішінде сұйық метанол өндірісін жолға қоймақ «Zhaik Petroleum» зауыты, «LLYAgroEnergy» ЖШС-нің виртуалды ақпараттарды сақтап, интернет платформаларға қызмет көрсететін «Дата сентер» Орал технологиялық паркі, «World Green Company» компаниясының жылына 4 400 тонна қияр мен 3 500 тонна қызанақ өндіретін жылыжайы, «BATYSTRAILER» ЖШС-нің тіркеме зауыты секілді өндіріс орындары бар. Сондай-ақ өңірге келіп, тамыр жаймақ «Ringo-Milk»-тің сүт кешені, «Квант» фабрикасының жаңа жиһаздар желісі, мұнайды терең өңдейтін «ABS-Munai» зауытынан да үміт көп. Бұлардың қа­тарында Зачаганск кентінде №52 мек­тептің құрылысын жүргізіп жатқан «Нұр­капстройгаз» ЖШС мен 500 орындық жеке мектеп құрылысын жүргізген «Каз­хол» фирмасы, «БАСК» көлік-логис­тикалық орталығы құрылысын қолға ал­ған «EurasianLogistics» компаниясы да бар. 2020 жылы іске қосылмақ осы жобалар аясында 26,8 млрд теңге игеріліп, 480 адам жұмысқа тартылмақ.

Өткен қыркүйек айында ғана жалпы көлемі 7,4 млрд теңге болатын «Орал жылыжай кешені» мен «Орал құс фаб­рикасы» жобасы іске қосылып, 90 адам тұрақты жұмыс тапты. Енді жыл соңына дейін тағы да 8 ірі жоба жұмысын бас­тайды. Осылайша 19,4 млрд теңге иге­ріліп, жаңадан тұрақты 390 жұмыс орны ашылмақ.

Өңір экономикасының алға басуына үлес қосатын бұл жобалардың қатарында «Орал трансформатор зауытының» қуаты 35-500 кВ-тық панельді радиаторлар өндірісі, «Квант» жиһаз фабрикасының жылына 22 мың дана өнім шығаратын жаңа өндіріс ғимаратының құрылысы, белгілі «Күбілей» зауытының ауысымына 600 мың тері өңдейтін жаңа зауыт құрылысын айтуға болады. Сондай-ақ «Bayston» ЖШС жеміс-көкөніс қоймасын салса, «IntelligentProtectiveSystem» ЖШС дербес газоанализатор өндірісін қолға алмақ. «EnvironmentSolution Ltd» фирмасы қалдықты өңдеп, жұмыртқа салуға арналған ұяшықтар жасаса, «Green Spark Limited» фирмасы күн панельдерін шыға­ра бастайды. Мұның бәрі таяу болашақ­та жүзеге асатын жобалар.

– 2020 жылдың 9 айында өңірде 1 312,7 млрд теңгенің өндірісті тауар­лары өндірілді. Мұның 1 116,5 теңгесі – кен өндіру саласына, 147 млрд теңге – өңдеу саласына тиесілі, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инно­вациялық даму басқармасы басшысының орынбасары М.Құланбаев.

Сондай-ақ азық-түлік тағамдарын өндіру саласында – 0,9%, химия өнер­кәсібінде – 1,9 есе, текстиль өнімдерін шығаруда – 8,9 есе, жиһаз өндіруде 1,7% өсім байқалған.

Әрине жоғарыда айтылғандай, пан­демияның кесірінен өңірдегі жалпы өңдеу саласында өнім өндіру 2%-ға тө­мендеді. Әсіресе металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы тө­мендеді. Пластмасса және резина тауар­ларға да тұтынушы тарапынан сұраныс азайған. Айта кетейік, бұл өнімдердің біраз тұтынушысы көршілес Ресей Феде­рациясында болатын.

Жыл басынан бергі нәтижеге қарасақ, өңдеу саласы жалпы өндірістің 11,2%-ын құраған екен. Жыл қорытындысында оның көлемі 200 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы нәтиже сақталады деп кү­теді мамандар.

Міне, батысқазақстандық кәсіпкерлер өздерінің күш-қуаты, мемлекеттің қол­дауы арқылы пандемия тудырған қиын­дықтарға қарамастан алға басып келеді.