Аймақтар • 26 Қазан, 2020

Мал азығы дайын ба?

521 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы қуаңшылықтан Батыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында мал азығының тапшылығы сезілуде. Жақында облыс әкімдігінде өткен басқосуда осы тақырып та талқыланып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев қыс мезгіліне мал азығының дайындығы туралы айтып берген болатын.

Мал азығы дайын ба?

Биыл қыста Батыс Қазақстан облысында 809,1 мың бас мал қыстаққа кіргелі отыр екен. Яғни 492 мың сиыр, 116 мың қой-ешкі, 198 мың бас жылқы мен 2,2 мың бас түйеге 1 млн 616 мың тонна шөп, 180 мың тоннадай жем қажет.

– Аудандардан алынған мәлі­метке қарағанда 16 қазанда 3 901 мың гектар шабындық шабы­лып, 1 136,4 мың тона шөп әзір­ленді. Бұл – жоспардың 70,3 па­йызы. Өткен жылдан қалған шөп­ті қоссақ, барлығы 1 632,6 мың тонна шөп қолда бар. Яғни жал­пы қажеттілік артығымен қам­тылған. Әсіресе ірі-ірі ауыл ша­руашылығы құрылымдары қа­жетті мөлшерден артық, 103,1% шөп жинап алды. Жеке қо­сал­қы ша­руашылықтарда 595,9 мың тон­на (97,5%-ы) шөп даярлан­ды. Жағ­дайды толық бақылап отырмыз, – дейді Мұхтар Наурыз­бай­ұлы.

Қазіргі таңда облыстың Қаз­талов (94,5%), Жаңақала (96%), Ақжайық (97%) ауданда­рында жоспарлы көлем толық дайын­далмаған. Бұл аудандардың өз жерінде шөп шығымдылығы тө­мен болғандықтан Бәйтерек, Тас­қала, Сырым, Шыңғырлау, Қара­төбе аудандарынан шөп сатып алып жатыр. Сондай-ақ бұл аудан­дардың шабындығы мен пай­даланылмай жатқан жер­лері­нен мал азығын дайындау үшін келісім жасалып, шілде айында жұмыс басталған екен.

– Ол шөпті тасымалдау жұ­мысы да шілде айынан бері жүр­гізілуде. Қазталов ауданына 12,9 мың тонна, Ақжайық ауданына 11,5 мың тонна, Жаңақала ­ауданына 6,3 мың тонна, барлығы 30,7 мың тонна немесе 102 мың бума шөп тасымалданды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жал­ға­суда, – дейді облыс әкімінің бірін­ші орынбасары.

Аудандарда 1 түк шөптің ба­ғасы 1 900–8 мың теңге аралы­ғында. Облыс бойынша орташа баға – 5 314 теңге.

Сонымен қатар Бәйтерек, Те­ректі және Шыңғырлау аудан­да­рында сатылатын жем-шөп туралы мәлімет жаңартылып, оны қажетсінген аудандарға жолданып отыр.

Соңғы мәліметтерге қарағанда облыста 76,2 мың тонна мал азық­тық жем дайындалған. Бұл – жос­пардың 79%-ы. Қалған 20,3 мың тонна жемді Ресейдің шекаралас облыстарынан сатып алу жоспарланып отыр.