19 Қараша, 2013

Біліктілікті арттыру – заман талабы

460 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында облыстық және оларға теңестірілген соттардың қылмыстық істерді қарайтын судьялары үшін біліктілікті арттыру курстары басталды.

 

Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында облыстық және оларға теңестірілген соттардың қылмыстық істерді қарайтын судьялары үшін біліктілікті арттыру курстары басталды.

Қарашаның 20-сында судьялардың құрылтайы өтетіні белгілі. Сот жүйесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашанда көңіл бөліп, оны бюрократиядан арылту барысын басты назарда ұстап келеді. Және де істерді қарау процесін барынша жеңілдетуді де тапсырғаны мәлім. Осыған орай Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми сот жүйесіне кадрларды даярлау ең маңызды мәселелердің бірі ретінде қалып отырғанын көлденең тартқан еді. Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірасилов Елбасының тапсырмасымен кезінде Сот төрелігі институтында арнайы магистратура ашылғанын, оны 469 түлек бітіріп шыққанын атап кетті. Ректор мәліметіне қарағанда, солардың 30 пайызы сот жүйесіне барған. Үстіміздегі жылы Жоғарғы Сот Төрағасының және Мемлекеттік басқару академиясы ректорының өкімімен Жоғарғы Сот пен Академия арасында сот білімі мәселелері бойынша өзара іс-қимыл ережелері бекітілген-ді. Аталған ереже магистратураның білім бағдарламалары мен біліктілікті арттыру курстарының сапасын арттыруға, сонымен қатар, ұйымдастыру нысандарын біршама жақсартуға ықпал еткені ерекше аталды.

Бұған дейінгі оқытулар лекция, не семинарлар түрінде болып келсе, қазір тренинг тү­рінде жүзеге асып отыр. Ака­демия ректорының айтуынша, курс тыңдаушыларына Жоғарғы Сот судьялары мен академияның ұстаздары дәріс беретін болады. Екі апта ішінде қосымша біраз іс-шаралар БҰҰ бағдарламасымен бірігіп, ЕҚЫҰ мамандарын тарта отырып, бірнеше семинар өткізу де қарастырылған. Аталған семинарларды өткізуге ең танымал деген шетелдік сарапшылар да шақырылған. Семинарлар нәти­жесі бойынша электрондық тест алу және реферат қорғау көз­делген.

Жоғарғы Сот Төрағасының шақыруымен Сот төрелігі инс­ти­тутының барлық магистранттары мен біліктілікті арттыру курсының тыңдаушылары Қа­зақстан судьяларының VI съезіне қатысатыны белгілі болды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар