Руханият • 27 Қазан, 2020

Бір сұрақтың жауабы

556 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алты Алаштың мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қан­дай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секіл­ді» деген еді. Рухани мәдениетіміз бен елдік мәртебеміздің деңгейін бағамдауға бас­ты өлшем болып келе жатқан осы қағи­даға сүйенсек, көпшіліктің не оқып жүр­геніне қарап, ой-санамыздың, тұрмыс-тір­шілігіміздің түр-тұрпатын аңғаруға болатын секілді.

Бір сұрақтың жауабы

Технологиялық жетістіктермен бірге ақ­парат таратудың алуан түрі пайда болып, интернет ресурстарының өмірімізге дендеп енуі дәстүрлі БАҚ-ты ығыстырып, газеттің жойылуына әкеліп соқтырады деген даурықпа әңгімені тудырғаны мәлім. Бір кездері телеарналардың дамуына байланысты газеттің болашағына күмәнмен қарағандар аз болмаған, тіпті мұндай дақпырт сөзге небір коммуникация құралы пайда болған қазіргі қоғамның өзінде ерік беріп, еріп кетіп жүргендер табылады. Алайда әлемдік газет өндірісінің тәжірибесі ақпарат құралының қандай да бір жаңа түрі ойлап табылғанына қарамастан, олардың жүрегі дамылсыз соға беретінін, қоғам ағзасымен бірге қозғалыста өмір сүретінін бүк­песіз дәлелдеп отыр.

Бұл жерде біз өзіміз нан тауып жеп жүрген саланы жұртқа насихаттап, басылымның бағасын арттыру мақсатында сөзуарлыққа салынып, ішкі есебімізді түгендеу үшін әңгіме індеткелі отырғанымыз жоқ. Яки болмаса газет оқығысы келмейтін кейінгі жастарға көсемсіп ақыл айтпақ ойымыз тағы жоқ... Банкте несие құжатымызды толтырып отырған қазақтың қарапайым қара баласының: «Қай жерде жұмыс істейсіз?» деген сұрағына газеттің атын, қызметімізді тәптіштеп айтып бердім. Қағаздан көзін алмай шұқшиып отырған оның кенет шұғыл бұрылып: «Қағаз газет әлі шыға ма?», деп таңғала сұрағаны қатты шошындырды. Газет туралы аз-маз ой қозғаудағы мақсат – өзіміз куә болған осы жайтқа оралып, банк қызметкерінің сұрағына қысқаша жауап беру ғана еді.

Шынын айту керек, кейінгі жас толқын­ның көбі газет-журнал оқымақ тұрмақ,   олар­дың атын дұрыс атап бере алмауы мүмкін. Газет-журналдардың рөлі мен орнын заманауи сипаттағы коммуникация құралдары ат­қарып, интернет күші баса алса, телефон, компьютер жасап шығарып отырған ал­дыңғы қатарлы алпауыт елдер бірінші болып неге жауып тас­тамайды? Мысалы, Жапонияда «Иомиури» газетінің күнделікті таралымы 9 миллионнан асып жығылады екен. «Асахидің» 61 өңірлік, 226 жергілікті бюросы бар десек, ал газет-журнал, баспа ісімен айналысатын «Асахи», «Майнити», «Иомиури», «Нихон кэйдзай», «Санкэй» сияқты ірі-ірі 166 компанияның  қыруар табысы басылымдардың өмір талабына ілесуден артта қалып қойып жатпағанын аңғартады. Интернет пен газеттердің арасалмағын анық­тау мақсатында Жапонияның ішкі істер және коммуникациялар министрлігі 1500 адамға сауалдама жүргізгенде, жұрттың 70,1 пайызы  газетке толық сенім артатынын жеткізген. Әлемді озық технологиясымен жаулаған Күншығыс елінде жұрттың газетке деген сүйіспеншілігін осы бір ғана деректен айқын сезінуге болады.

Кей мәліметке сенсек, АҚШ-та шетел­дегі бір тілшісіне шамамен жылына 250 мың доллар төлейтін газеттер бар дейді. «Нью-Йорк Таймс», «Уолт-стрит-джорнел», «Вашинг­тон пост», «Чикаго трибюн», «Лос Ан­желес таймс», «Балтимор сан», «Бостон голуб», «Крисчен Сайенс Монитор» сияқты басылымдардың шет-елдегі тілшілері белсенді жұмыс істейді. Сонымен қатар «Ганнет», «Доу джонс», «Херст корпорейшн», «Ньюс корпорейшн», «Дженерал  электрик», «Тайм Уорнер» тәрізді 113 алпауыт топтың ақпарат айдынында алар орны айрықша саналады.

Ұлыбританияда оқырманның қолына таңертең тиетін «Таймс», «Дейли телеграф энд Морнинг пост», «Дейли экспресс» тәрізді т.б. газеттер, таңертең және кешке оқылатын «Ивнинг ньюс», «Ивнинг стандарт», сондай-ақ жексенбілік «Санди таймс», «Уикэнд» мұнан бөлек тағы апталық, аймақтық «Обсервис», «Санди экспресс» басылымдары бар.

Германияда 1601 басылым 25 365 500 дана таралыммен басып шығарылатын көрінеді. Сонысына орай мың адамға шаққандағы тиражы бойынша Жапония, Ұлыбритания, Швейцариядан кейінгі төртінші орында тұр. Мысалы, күнделікті жарық көретін «Neues Deutschland» газетінің тиражы – 1 млн 65 мың. Үнем мен дәлдікке үйренген неміс халқы газеттен пайда жоқ болса, неге бұлай босқа шығындалып отыр?  Әрине осы орайда біреулер  біздегі газеттердің оқылмауын басқа себептерден іздеуі мүмкін. Мұндайда Жүсіпбек Аймауытовтың: «Елге арналып шығатын газетті ел оқымаса, өйткені жанына жағымды, тісі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ: кім көрінгенге қолжаулық, майлық, шылым орауыш, тағы бірдеме болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса, ішіндегісін тауып жазатын газетші «тәуіп емес...», – деген сөзіне мән берсек, басылымды байтақ даланың басты үні етуге әр қазақтың баласы жауапты.