Аймақтар • 27 Қазан, 2020

Құтқарушылар қыс маусымына дайын ба?

351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қыс қыр астында. Ал аймақ­тың жолдарын тазалайтын техникалар қыс маусымына дайын ба? Бұл туралы брифингте аймақтағы жол қызметі мен құтқарушылар және «Қазгидромет» пен «Қазселденқорғау» мамандары баяндады.

Құтқарушылар қыс маусымына дайын ба?

Суретті түсірген автор

«Қазгидромет» РМК өкіл­дерінің ұзақмерзімді болжамына сәйкес, биылғы қарашада ауа­ның орташа температурасы әдет­тегідей, ал желтоқсаннан келер жылдың қаңтарына дейін ауа тем­пературасы нормадан 1°С жоғары болады деп күтілуде. Осы кезеңде облыстың солтүстігінде, солтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері әдеттегі нормадан жоғары болуы ықтимал.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, қар басып қалатын 314 учаске белгіленген. Оның 69-ы ұзақтығы 192,6 шақырым болатын республикалық және 245-і жалпы ұзындығы 302,314 шақырымды құрайтын облыстық маңыздағы автожолдар. Бұл жолдардың бойына 19 жылыту бекеттері ұйымдастырылған.

– Барлық қар құрсауында қалатын жол учаскелерінде ұзындығы 17 мың метрден асатын қар тоқтататын қалқандар орнатылды. Республикалық күре жолда 4 медициналық-құтқару бекеті жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар олар жылыту пункттері қызметін де атқарады. Ал жолдардың жағдайына келер болсақ, республикалық маңызы бар трассалардың қар тазалау техникасы 90%-ға дайын, – деді «Қазақавтожол» ЖШС облыстық филиалының бас инженері Болат Жұртпаев.

Қар тазалайтын техникалар қатарында автогрейдерлер, шне­короторлар, шынжыр табанды және дөңгелекті тракторлар, тиегіштер, автотүсіргіштер бар. Бұлардың жалпы саны 500 бірліктен асады. Сондай-ақ 19 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материалдар қоры және 844 уақытша жол белгісі дайын­далған. Қолайсыз ауа райы жағ­дайы кезінде жедел өзара әрекет­тесу үшін қызметтер арасында жоспарлар әзірленген.

Брифинг барысында өңірде 100 шақырымнан астам жол қар көшкініне ұшырауы мүмкін екен­дігі де айтылды. Өйткені Шығыс өңірі – қар көшкіні жиі жүретін қауіпті аумақтардың бірі. Көшкін қаупі бар учаскелерде көшкін түсу қаупін азайтуда атқарылған жұмыстар және қысқы кезеңге дайындық туралы облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс бас­қар­масының бастығы Тимур Дидахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде облыс аумағында қар көшкіні қаупі бар 497 учаске анықталып отыр. Соның ішінде 336 учаске жол нысандары адамдардың өміріне аса қауіпті деп саналады. ТЖД болжауынша, 105 шақырым автокөлік жолы қар көшкіні құрсауында қалуы мүмкін аумақ.

– Қарашадан бастап күн са­йы­н көшкін қаупі бар учаскелерге тексеру жүргіземіз. Барлық ақпараттарды жинап, талдауды және қауіпті табиғи апаттар мен төтенше жағдайды бақылап, тиісті шешім қабылдауды тәу­лік бойы 6 диспетчерлік бекет жүзеге асырады. Об­лыс тұр­­ғындарын ескерту мақса­тындағы қалқандар мен «сақ болыңыздар, қар көш­кіні қаупі бар аймақ» деген жазуы бар плакаттар орнатылды. Биыл «Зу­­бовка» тауында қар тоқ­та­та­тын қалқандарға жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүр­гізілді. 10 нүктеде қар ұстай­тын 66 қалқан тұрғызылды, – деді Тимур Дидахметов.

Облыстық ТЖ департаменті «Қазгидрометтің» аймақтық филиалымен бірлесіп, ұялы байланыс операторлары көмегімен SMS хабарламалар жіберу және кез келген азамат пайдалана алатын DARMEN мобильді қосым­шасы арқылы дауылды, қолайсыз ауа райы жағдайын ескерту бо­йын­ша ақпараттар тарататын болады.

Қыста апаттық-құтқару іс-қи­мылдарын жүргізу үшін ТЖД резервінде 150-ден астам тех­ника бар. Оның ішінде қар құрсауында жиі қалатын аудан­дарға жұмылдыруға арналған өрт сөндіру автоцистерналарынан, жол талғамайтын, вахталық көліктерден басқа, байланыс және жарық беру көліктері, сон­дай-ақ «Нива-Марш», «Трэкол», «Шерп» сынды техникалар қыс маусымына сақадай сай.

Бұдан басқа шұғыл көмек көрсету үшін Өскемен әуежа­йында «Қазавиақұтқару» бөлім­шесінің бір «Еврокоптер-145» тікұшағы дайын тұр. Облыстық ТЖ қызметі жеке құрамының саны екі мыңнан асады.

Қыстың күні жолға шықпас бұрын барлығын мұқият жоспарлап, кез келген жағдайға дайы­н болған жөн. Әр автокөлікте шұ­ғыл жағдайда адам өмірін құт­­қаратын заттар болуы тиіс. Мы­салы, шамдар, арқан, дөң­гелек­терге арналған шынжырлар, күрек сынды қажетті заттар.

 

Шығыс Қазақстан облысы