Таным • 27 Қазан, 2020

Жошы ұлысы

1868 рет
көрсетілді
45 мин
оқу үшін

(Жалғасы. Басы 204-нөмірде)

Бату бастаған әскер Ока өзенінің бойымен Коломнаға беттеді. Владимир­дің ұлы князь Юрий Всеволодовичтің ұлы Всеволод бастап келген қолы Ря­зань қосындарының қалған-құтқан сі­лем­дерімен Коломнаны қорғамақ бол­ған әрекетінен ештеңе өнбеді. Рязань князі Роман Игоревич өліп, Всеволод шағын қосынымен Владимирге қашып құтылды. Содан кейін моңғол қолы, Джувейнидің айтуынша «М.к.с.» деген қалаға беттеді, орыс ғалымдары «М.к.с.»-тің Мәскеу екеніне күмән кел­тірмейді. Ол Владимир князьдігіне ба­ғынышты жаңадан салынған қала бол­ғанмен, халқы өте көп еді. Джувейни: «Халқы құмырсқадай, болмаса шегірт­кедей қаптаған қала еді, айналасы саз балшық және ну орман, орманының қалыңдығы соншалық – жылан жылжып өте алмастай еді. Моңғол патшазадалары қаланы жан-жағынан қоршап, ағаштарды отап шауып, қатарынан үш-төрт арба өтетіндей ғып жол салып, сол жолмен тас ататын қаруларын сүйреп әкелді. Бірнеше күннен кейін қаланың өзі жоқ, аты ғана қалды. Ханзадалар қолға түсіп тұтқын болғандардың оң құлағын кесуге жарлық шығарды. 270 мың адамның құлағы кесілді», деп хи­каялайды (Ата-Малік Джувайни. Тарих-и Джахангушай // История Казахстана в персидских источ­никах. Т.IV. А-ты, 2006. 59-59 бб.). Ра­шид-ад-диннің мәлім­деуінше: Мәс­кеуді «бес күнде жермен жексен етті».

Жошы ұлысы

Бұл кезде терістік Русь, словен өлке­сінің, орталығы Владимир князьдығы еді. Ұлы князь Юрий Всеволодович қор­ғаныс қамығына кірісіп, інілері Ярослав пен Святославты көмекке шақыр­ды. Олардың шықтық деген хабарын ес­тіп, дружинасымен Молога өзенінің Сити сағасына кеп, жолын күтті. Вла­димир қаласын қорғауды ұлдары Все­волод пен Мстиславқа тапсырды деп хикаялайды тақырыпты таратушы ғалымдар. Сонда қаланы ұлдарына тас­тап шыққан ұлы князь моңғолдарға қарсы қандай соғыс тактикасын құрған деген сұрақ туады? Анығына келгенде, олар моңғолдармен бетпе-бет келуден қаймығып, астананы тастап шыққан адамдарға көбірек ұқсайды.

1238 жылдың 2 ақпанында Бату әскері Владимир қаласын қоршауға алып, қала дарбазасы «Алтын қақпаның» қар­сы алдына қостарын тікті. Олар­дың қара санынан жүрек шайлықты. Аттылы жасақ «Алтын қақпаның» қар­­сы алдына келіп: ұлы князьдың қа­ла­да бар-жоғын сұрады. Жауап орны­на владимирліктер бірнеше садақ оғын атты. «Тоқтаңдар! Атпаңдар!» деп айғай салды келгендер. Іле-шала топ ал­дына тұтқындап әкелген Мәскеу кня­зі Владимир Юрьевичті шығарды. Вла­димир Юревич қаланы қорғауға жауап­ты Всеволод пен Мстислав князь­дардың туған інісі еді. «Князьдарыңды таныдыңдар ма?», деп даурығысты моң­ғолдар. Ұрып-соғылған, тұла бойы ырым-жырым мына бейшара қалпында оны тану оңай емес-ті. Ағалары, өзге де владимирліктер көз жастарын сықты. Бірақ зұлым жауға сыр алдырып, бел бермеуге тырысты. «Өлеміз, – деді князь­дар, – бірақ майдан даласында аян­­бай шайқасып, жастығымызды ала өлерміз деп серттесті», деп хикаялайды Н.М.Карамзин ( Т.VIII, Гл.VIII, 169 б.). Осы апас-қапаста Бату әскерінің бір жартысы астана қаланы айналып өтіп, князьдықтың екінші бір арқа тірегі Суздальді алып қойған еді.

6 ақпанда Владимирді күшпен алуға ден қойды. Моңғолдар қала іргесіне өрмелейтін баспалдақтар дайындап, тас ататын сақпандарын сүйреп әкеле бастады. Келесі түні қамал қабырғасын сыртынан ағаш түбіршіктермен бітеп, өртеуге дайындағандарын көрді.

Князь Всеволод әйелімен, өзге де боярлармен Құдай ана храмына жиналып, епископ Митрофановтан кебіндерін кигізуді талап етті. Храмның тыныш, үлкен залында тұрып атақты ресейліктер өмірмен қоштасу рәсімін істеді, жарық дүниемен қоштаса тұрып Ресейдің аты өлмей, абыройы аспандай беруіне тілек тіледі.

7 ақпан күні таң азаннан қалаға шабуыл басталды. «Алтын қақпадан», Лыбеди өзені және Клязьма беттегі Волжск қақпасынан Жаңа қалаға басып кіре бастады. Всеволод пен Мстислав князь­дар дружиналарымен қашып барып Ескі қалаға тығылды. Ал Всеволод князьдың әйелі Агафия, қыздары, келін, бала-шағалары және көптеген боярлар Бас шіркеудің қақпасын бекітіп, бас сауғалады. Жау шіркеуге от қойды. Епис­коп: «О, Құдай, көрінбейтін қо­лыңды жайып, кінәсіздердің рухын қол­тығыңа ал!» деп, дауыстап дұғасын оқып, отқа күйіп өлетіндердің жаназасын шығарды. Біреулері түтінге тұншығып, екіншілері отқа күйіп, үшіншілері шір­кеудің қақпасын қиратып, ішке бұзып енген жаудың қылышынан жазым тапты. Шіркеу алтын-күміс, асыл тастарға, зерленген икондар мен ескі кітаптарға, бұрынғы князьдардан қалған қымбат киімдер мен бұйымдарға толы еді. Сонша қыруар байлықты моңғолдар талап алыс­ты. Амалдары таусылған Всеволод пен Мстислав моңғолдың нөпірін жарып өтпек боп, ортаға салғанда, қалың моңғолдың аяғы астында тапталып қал­ды. Бұл шайқас туралы Рашид-ад-дин: «Ұлы Юрий қаласын моңғолдар 8 күнде алды. Ержүректіктің неше түр­лерін көрсетті. Меңгу қаған өзі бас болып аңызға айналғандай ерліктер жасады», деп қысқа қайырады (СМИЗО. Т.2. 36 б.).

 Владимирді алған соң, моңғолдар қос-қос боп бөлініп, өзге қалаларға аттанды. Бір тобы волгалық Городец, кос­тромалық Галичке беттегенде, екін­шілері Ростов, Ярославльге ат басын бұрды. Бірде-бір қаладан айтарлықтай қар­сылық көрмеді. Ақпан айында Вла­димир-Суздаль князьдігіндегі орыстың басты-басты 14 қаласы – Ростов, Уг­лич, Ярославль, Юрьев Польский, Пере­я­славль, Кснятин, Кашин, Тверь, Тор­жок, Дмитров, Волоколамск, Городец, Кострома, Галич Мерьскийді алып, бар-жоғы бір айдың ішінде Ұлы Русь князь­дігінің тас-талқанын шығарды.

Астана қаласын тастап, Сити өзеніне ұзап барып әскер жасақтаған ұлы князь Юрий Всеволодович әлі де моғолдармен күш сынасып көруден үмітті еді. Ол бөлшектенген моңғол әскерінің жолын торыды. 4 наурыз күні 3000 дружи­намен шабуылға шыққанда, Бату әске­рінің қапталдан орағытқанын көріп, бетпе-бет шайқасқа кірісті. Табандаса шайқасқанымен, моңғолды ықтыра алмай, өздері майдан даласында қырылып тын­ды. Ростов епископы Кирилл Бела­озер­ден қайтып келе жатып, Сити өзені жиегіндегі орыс әскері қырылған жер­ді көзден өткізгенде, үйме-жүйме өлік­тер арасынан ұлы князь Юрий Все­воло­довичтің мүрдесін киімінен таныды. Басын кесіп әкеткен екен. Ол ұлы князь мүрдесін Ростов Құдай ана храмына әкеп жерледі. Қолға түсіп тұтқын болып, моңғол әскерінің қатарына қосыл дегенге көнбеген соң, басын кескен Василько князьдың денесін де орман арасынан тауып әкеліп осында жер қойнына тапсырды.

Бату елдің бір қиырындағы Новго­родқа беттеп барып, Волок, Ламский, Твер қаласын алып, Торжекті қоршады. Қала тұрғындары екі жұма бойы қар­сылық көрсетті. Бұл жорықтағы моң­ғолдардың тауын шаққан ең «қатты жаң­ғақ» Козельск қаласы болды. Олар жеті апта бойы берілмеді. Қолма-қол шайқаста 4 мың моңғол әскері мерт болды. Қаны қарайған Бату қаланы жермен жексен қылып, халқын түгелдей топыраққа көміп кетті.

XIII ғасырға жататын бір әде­би қолжазба Батудың 1236-1238 жыл­дар­дағы жорығынан кейінгі Русь князь­дығының ахуалын – «Погибель Русской земли» – «Русь жерінің құруы» деп ба­ға­лады. Оның қаншалықты шындыққа жа­насымды екені даулы. Өйткені Бату бар-жоғы орыстың 14 қаласын алды, ал Русь князьдығында 300-ден астам ірілі-ұсақты қала бар-ды. Халқының мұрты шағылған дәнеңесі жоқ, жан саны Еділ бойына кеп құрық шаншып, шаңырақ көтерген моңғол ұлысын әлі де он орап алғандай еді. Қалай дегенменде, түймедейді түйе­дей ғып көрсетіп, төбеден қара аспанды құлатуға әуес байбаламшыл мінез орыста жетіп артылатын сияқты. Не дегенмен де, моңғол Русьті оңынан солына көктей өтіп, бет қаратпай сұлата соқты.

 

Қыпшақтармен жағалас

Бату екі жылға жуық үзбей соғысқан әскерін 1238 жылдың көктемінде орыс жерінен әкетіп, Донның жазық далаларына төгілдірді. Зерттеушілер Бату әскерін тынықтырғысы келді дейді. Ұзын-қысқа өмірін үнемі жағаласпен өткізген моңғолдың әскері қайыстай қа­тып, ыстық-суыққа бірдей шыныққан жандар еді, ал аттарының орыстың аязды қыстарында шалдығып, болдырғаны рас еді. Орманның жасық, дымқыл шөп­терінен іштері кепті. Дей тұрғанмен, одан да басқа себептер бар сияқты.

«Моңғолдың құпия шежіресі» (1240) Бату мен Күйіктің арасында жан­жал орын алғанынан хабар береді. Үге­дейдің Күйікті тілдеген сөздері хатқа түс­кен: «Жасы үлкен ағаңа қарсы шы­ғуың­мен, сен, орысты бір өзің жеңген сы­ңай танытасың. Неменеге соншама тама­ғыңды жыртасың. Сен, шындап келгенде, небір орысты, болмаса қыпшақты қолыңа түсіре алмадың. Осынау ұзаққа созылған үлкен жорықтан ешкінің тұяғын да таппай қайттың!». Демек, моңғол әскери басшыларының арасында алауыздық пайда болған соң, оны жауға сездірмеу үшін, Бату Қыпшақ даласына ұзап шығып кеткен. Мұндай ұрыс-керіс жағдайында соғысты жалғастыру мүмкін емес-ті, шамасы Күйікті қосынымен елге қайтарып жіберген болса керек.

Н.М.Карамзин, С.М.Соловьев, өзге де зерттеушілер бір ауыздан Батудың Кубань, Азау далалық аймақтарында қыпшақ көсемі Қотан ханды жеңіп, ба­й­ырғы қонысынан кетуге мәж­бүр ет­кенін айтылады. Ал Алтын Орда тарихы туралы материалдарды жи­настырып жарық­қа шығарған Тизен­гаузен жинағында Қышақ даласына кеп жайғасқан Бату әскеріне қарсы қып­шақ Бүркіт хан өзінің қолбасылары Арджумак, Құранбас, Қа­паран жасақ­тарын жіберген. Бірақ Берке әскерінен жеңіліс тауып, моңғолдар қо­лына түскен (Тизенгаузен, Т. II., 1941, 37 б.). Ал мажар деректемелері бойынша Дон даласындағы Қотан хан 1237 жы­лы венгр королі Белаға елші жіберіп, қол­тығы астына алып, қонысқа жер бе­ру­ді сұраған. Өтініш дұрыс шешім тап­са керек – 1241 жылы Қотан 40 мың үй­мен Мажарстан шекарасына келген­де, Бела король оған мемлекетінің шығыс шекаралық аймағыТисса-Дунай өзен­де­рі аралығынан қоныс берді. Бату мажар короліне хат жолдап, қыпшақтарды кері қуып шығуды талап етті, олай істемеген жағдайда Мажарстанды тас-талқан қып ша­батынын мәлімдеді. Батудың бұл хаты мажар архивтерінде сақтаулы бо­лып шықты. Хатты Суздаль князі әкеп тапсырған екен. Ол хатта былай де­лінген: «Менің құлдарым құмандарды қол­тығыңа алып, қамқорлағаныңды естіп жатырмын. Оларды қамқорламай, еліңнен қуып шығуды бұйырамын. Әйт­пеген жағдайда арамыз ушығады. Шатырларда тұратын құмандар беті ауған жаққа қашып құтылады, ал үйде, қалада отырған сен жеріңді тастап қайда қашасың. Сен менен қашып құтыла алмайсың» (Аннинский С.А. Известия венгерских миссионеров XIII – XIV вв. о татарах Восточной Европы. ИА,1940. 88-89 бб.). Алайда Бела Батудың қоқан-лоқысын құлағына ілген жоқ, мұрагер ұлы Стефанға Қотанның қызын айттырып, алып берді. Шоқындырғанда ол қыз Елизавета атанып, «құман ханшасы» дәрежесіне ие болды. Қотанның король сарайында ықпалы артқаны мажар шонжарларына ұнамады. Олар Қотанды моңғол басқыншыларымен байланысы бар деп деп айыптап, жел сөзді гу­лет­ті. Содан мажар королі Қотанды жа­залауға ниеттенгенде қыпшақтар дүр етіп, атқа қонып, Мажарстанның ше­ка­ралық аймақтарын талқандауға кірісті. Тарих­шылардың бірі қолға түскен Қотанды мажарлар дарға асып өлтірді десе, екін­шілері Қотан Дунайдың асау арнасына ағып өлді дейді. Соңғы нұсқаны Ш.Уәлиханов мақұлдап, Қотаның ажалы туралы қыпшақтар арасында «Суға кетті Ер Қотан» атты қобыз күйі сақталғанын тілге тиек етеді.

Бела ұлы Стефан мен Қотан қызы Елизаветадан туған Ладислав (Ласло) қыпшақтармен жақсы болып, оларды сарай төңірегіне көптеп тартты. «Құ­дай қолдаған Ладислав Мажарстан, Құмания, Болғария кололі» атанды. Құман қыпшақ ордаларына жер беріліп, оларды мажар шонжарларымен тең жағдайға келтірді. Король Ласло қыпшақ көсемдері Алпар мен Ұзырдан «пұтқа табынудан бас тартып, котолик дінін қабылдауды, шатырларды тастап, ағаш, кірпіш үйлерде тұруды» талап етті. Осы талаптардың жүзеге асуын қадағалайтын бақылаушылар қойды. Көшпелі тұрмыс пен бас еркіндіктеріне қысым келтірген осынау жөнсіз талаптар шамдарына ти­се керек – олар Мажарстанды тастап, тік кө­теріліп Днестр аймағына көшіп кетті. Үш жылдан кейін Мажарстанға жойқын шабуыл жасап, астана қалалары Пештаға дейін жетті. Осы жорық нәтижесінде Ласло енгізген «манифест» күшін жо­й­ып, Рим папасының араласуымен жағдай бұрынғы қалпына қайтып кел­ді. Жүз жылдан кейін аталмыш қып­шақтар түгелдей христианданды, бірақ тұрмыстарын өзгертпей, мажар әскерінің садақшы атты әскері болып қала берді.

 

 Батудың Оңтүстік Русь және Еуропа елдеріне жорығы

Сонымен Дон даласында қып­шақ­тармен жағаласа жүріп, жазық дала, таза ауа, шүйгін жайылымдарда өз­дері де тынығып, аттарын да семіртіп ал­ған моңғолдар 1239 жылы қайтадан ат арқасына қонды. Олар бұл жолы Русь­тің теріскей-шығыс шекараларын көз қырына алды: Мордова жерін, Клязь­ма өзені бойымен жүріп отырып, Гороховец қаласын алды. Орыс князь­дығында үркіншілік басталды, қайда қа­шып, бас сауғаларын білмеген орыстар орманды қалың түлейлерге қашты. Бірақ Бату бұл жолы Теріскей Руське тереңдеп енбей, Мажарстанға қашқан қыпшақтардың ізімен жүріп отырып, оңтүстік орыс қалаларына соқтықты. Олар алдымен Переяславльді алып, сосын Черниговты талқандады, Чернигов князьдары Мажарстанға қашып барды.

Жылнамашылар моңғолдар Днепр жағалауындағы Песочный қаласына келіп, ұлы өзеннің арғы бетінде тұ­рып «орыс қалаларының анасы» Киев­ті көріп, оның аспанмен таласқан шір­кеулеріне сүйсініп, таң-тамаша бол­ғандарын жа­зады. Моңғолдар елші жі­беріп, со­ғыссыз берілуді талап етеді. Ел­шілерді өлтір­гізген князь Михаил моң­ғолдардың ша­­буылын күтпей, Ма­жарстанға қашады. 1240 жылдың 6 желтоқсанында Киев моңғолдардың қолына көшті. Бұдан кейін Бату әскері Галич-Во­лынске өлкесінің Каменец, Изяславль, Кременец, Данилов, Владимир, Галич қалаларын алды. Сөйтіп Ұлы Русь князьдығы жерінде тігерге тұяқ қалмады. Осыған орай Н.М. Карамзин былайша шерледі: «Ресейдің жағдайы көзге жас келтіргендей еді: отты өзен оны шығысынан батысына дейін жайпап өтті. Біздің қалалардың қирап-бүлінген үйінділер мен халқының жан-жаққа босып кеткенін көздерімен көрген жыл­­намашылар зар жылап, көз жас­тарын көл қылды: «Бату орыс жерін тағы жыртқыштай талады. Әйгілі орыс князьдары жұлқыласқан майдан далаларында мерт болды, тірі қалғандары бас сауғалап шет жұрттарға қашты, қашып жүріп араша болуға көмек сұрады. Бірақ қол ұшын созған жан табылмады. Байлығымен аты шыққан олар, бәрінен жұрдай болып, сорлы бейшараға айналды. Аналар көз алдарында моңғол аттарының тұяғына тапталған ұлдарын көріп көз жастарын бұлады. Қыздар бейкүнәлігінен айырылды, моңғолдың жыртқыш тырнағына ілікпеймін деп, пышаққа түскендері немесе өзенге құлап өлгендері қаншама. Жерден еңкейіп шөп көтермейтін, төңірегі қызметшілерге толы, үлде мен бүлдеге оранған бояр әйелдері тағылардың жалшыларына айналып, су тасып, диірмен тартып, отпен кіріп, күлмен шықты. Азапты күн кешкен тірілер – ештеңеден бейхабар өлілерге қызықты» (Карамзин Н.М. Т.IV, Гл. I, 12 б.).

Айналаға айбат боп келген Русь князь­дығын сұлата соғып, ешбір кедергісіз котолик дінін ұстанған елдердің шекарасына беттеп келуі Еуропада үрей тудырды. Моңғолдардың өздері мен әскерлері туралы болды-болмады ертегіге ұқсас әңгімер айтылды. Еуропалықтар жер асты әлемін Тартар деп атаушы еді, дыбыстық ұқсастығына қарай татарларды Тартардан шыққан адамдар, түрлері жер бетіндегі адамдарға ұқсамайтын тегі бөлек жандар деп есептеді. Ал әс­кері туралы айтқанда, қаптаған қарулы қолдың ұзындығы 12, ені 15 күндік жерге созылады десті. Германия императоры Фридрих II Батыс Еуропа елдеріне үндеу жолдады: «Ұйқыдан оянып, сана көзі мен дене көзін ашатын кез жетті. Айбалта бөренеге сілтенгелі дайын тұр. Христиан әлеміне қауіп төнді. Аталған жаудың әрекетінен бұрын да хабардар едік, бірақ олар алыста еді, екі арада жауынгер елдер мен жаутүсіргіш батыр князьдар бар-ды. Олардан бақ тайды, бірі ашық майданда жау қолынан өлді, екіншілері – жеңіліп, қаскөй жаудың тұтқынына айналды. Енді мейірімсіз жауға қарсы аттану кезегі бізге келді!». Бірақ селт етіп, бас көтерген біреу табылмады. Батыс Еуропа ауызбіршіліктен аққұла ада еді.

1241 жылы Бату Карпат асып келіп, жасанып қарсы шыққан Мажарстан королін Солонной өзенінде тас-талқан қылды. Король Аустрияға қашып құтылды. Моң­ғолдар иесіз қалған елді оп-оңай меңгерді. Одан іле-шала Висла өзенінен өтіп, поляктің екі князінің әскерін қатар жапырып, сәуірдің аяғында Силезия өлкесінен шықты. Моңғолдар шағын қол­мен қарсы келген жергілікті герцог Генрихты жау санатына қоспай, таптап өте шықты. Алдан Эльзаға, ішкі Германияға жол айқара ашылды. Еуро­паның басқа елдеріне қарағанда Аустрия моңғолдармен бірме-бір тіресуге да­йын боп шықты. Әскерді қаптата төгіп, жолдарын бөгеді. Моңғолдың Ольмюца бекінісін алуға шамалары жетпей, көп шығынға ұшырап, кері Мажарстан жеріне шегінуге мәжбүр болды. Аустрия, шын мәнінде, Батыс Еуропаны моңғол шап­қыншылығынан қорғап қалды. Моң­ғолдар Аустрия өлкесіне қайталап бас сұғу­дан тайсақтап, Еділдегі ордаларына қайтты.

 

             Жошы ұлысының ішкі жағдайы

Сонымен Бату  Ұлы  Русь князьдігін түгелдей талқандап, 1242 жылы Еділ бойындағы ордасына  қайтып оралды. Сарай қаласы енді-енді ірге көтеріп жатқан  еді. Моңғолдар үйдің, бас сұғар  ғимараттардың бар-жоғына  онша  қинала бермейтін ел еді. Олар мың адам сиятын шатырларды орнатып, салтанаттарын өткізе беретін. Өтеміс қажы «Шыңғыснама» еңбегінде Батудың Шығыс Еуропа елдеріне  жорығын « Жеті жылдық соғыс» деп атайды. Шамасы, ол осынау шаралардың басталуын 1234-35 жылдарға жатқызса керек. Аталмыш құрылтай  Өтеміс қажы мен  қоса Әбілғазы, Рашид-ад-дин еңбектерінде көрініс тапқан. Бату жорықта бірге болып, ерлік көрсеткен,  болмаса тындырымды істерімен көзге түскен аға-інілерінің аттарын атап, олардың билеуіне жаңа тайпалар  мен қоныстарды бөліп берген. Бату ағасы Орда-Еженге  қаратып: « Бұл жорықтың сәтті бітуіне тыңғылықты еңбек сіңірдің, сондықтан да сен он мың үймен әкең билеген  қонысқа иелік етесің» деген ( Абу-л-Гази. Т.1,  181 б., Родословное древо, 159 б.).Ал Рашид-ад-диннің айтуынша: Орда-Ежен төрт інісі – Ұдыр, Тоқай-Темір, Шингқұм, Сингқұммен Жощы ұлысы әскерінің сол қанатын құрағандықтан « әлі күнге дейін сол қанат бекзадалары атанады» деген. Орда-Ежен ұлысы беріге дейін «Көк орда» атанып келді. Ал Шайбанға Орда-Ежен иелігі мен Бату меншігі «Ақ орда» аралығындағы жерлер, атап айтқанда, Ырғыз, Ор, Елек, Шу аяғы, Сарысу бойын мекендейтін 15 мың шаңырақты  құсшы, найман, қарлық, бұйрақ тайпалары сыйланды. Олар Жошы ұлысының оң қанатына қосылды. Махмұд бин Валидің куәләк  етуінше: «жеті жылдық соғыста»  ортақ іске қосқан үлесі үшін,  Тоқай-Темірге «қаушын» қауымдарынан мың, тархан, үйсін, ойрат тайпалары тарту етілді. «Қаушын» – әскермен бірге ілесіп жүретін тайпалар.  Оған жаңа қоныс ретінде Ас уәлаяты мен  Маңғышлақ өлкесі және Астрахан қаласы берілген. Олар Жошы ұлысы әскерінің сол қанаты құрамына енді.

Г.А. Федоров-Давыдов «Кочевники Восточной Европы под влвстью золотоордынских ханов» еңбегінде «жеті жылдық соғысқа» бастан-аяұ қатысып, Жошы ұлысының құрамына еніп, жаңа қоныстарға ие болған жұрттарды кеңірек таратады: Мунгкур басшылығындағы сайджут тайпасының мыңдығы. Оны қазір Черкес эмир басқарады,Тохта  ханның қарамағында. Демек, олар Сарай-Батудың төңірегіне қоныстанған. Кеңгітай қарамағындағы кингит тайпасының мыңдығы.  Оның ұлы Құтан ноян, Құтан ноян ұлы Құран. Ол Орда-Ежен ұрпағы Конишидің қарамағында, аға  әмірлердің бірі. Үйсін Хушитай мыңдығы. Ол туралы мардымды дерек жоқ. Дегенмен де,  бұл жұртың Орда-Ежен ордасы құрамында болғаны байқалады. Үйсіннің  Хушитай қауымы кейін Шайбан Әбілхайыр заманында оны таққа отырғызған  тайпалар қатарында аталады. Үйсін Байку (Майқы) мыңдығы. Ол «жеті жылдық соғысқа» бастан-аяқ қатысып, Бату әскерінің «бараункар» – «оң қанат» әскеріне басшылық еткен. Олардың қонысы Астрахан төңірегінде болған. Астрахан хандары шеше жағынан үйсін Майқы жұртының қыздарынан тараған.  Беркеге қоныс Терістік Кавказ өлкесінен тиген (Федров-Давыдов Г.А... 244 б.).

Жошыға қосылып  берілген төрт тайпа елдің сыртында Жошы ұлысында  қоңырат руынан: Салджиут-гураган, Абукан-гураган, жалайырдың жаад аталығынан: Мункасар-ноян, ойраттан: Иналшы-гураган (Батудың қарындасын алған), хадаркиннен: мыңбасы Мұқыр-Құран жасақтары болды.

XIII-ші ғасырдың  ота тұсында Жошы ұлысының ішкі ұлыстық, тайпалық құрылымы  біздің аңдауымызда осындай. Ұлыстың батыс шекарасы Дунайға барып тірелгенін көреміз. Алайда орыс жері мен  Шығыс Еуропаның біраз жерлерін бағындырғанмен, олардың ұлыс құрамындағы орны мен статусы әлі анық емес-ті.  Ішкі  қоғамдық-саяси құрылымы ертеден қалыптасқан  Русті  кіріптарлық жаңа жағдай мен жаңа басшылыққа бейімдеу оңай емес-ті. Қалай дегенмен де, Русті билеу княздар арқылы жүзеге асатын. Қазір Русьтің ұлы князі Сити шайқасында өлген Юрий Всеволодовичтің інісі Ярослав Всеволодович еді. Бату Ярославты ордасына шақырғанда, ол шақыруды қабыл алып, ордаға уақтылы келіп жетті. Бату оны жылы қарсы алып,  Русь княздерінің басшысы деп атап, Киевті сыйға тартты. Ұлы княздің ізімен Суздаль княздері де орда келіп хан алдына жүгініп, билік тізгініне тағайындалып қайтты. Осы үрдіс ұлық, кішік князьдердің барлығы  хан жарлығымен  билікке тағайындалуы  орыс өміріндегі заңды тәртіпке айналды. Орданың ханын – ең ұлы ұлық ретінде мойындаудың үш рәсімі болды: ханның аяғын жуу, табанынан сүю және «мономах бөркі» толы сұлымен хан  сәйгүлігін жемдеу. Жарлықтар қыпшақ тілінде араб әрпімен жазылды. Көп ұзамай-ақ княздар, елшілер, Сарайға келіп-кетіп тұратын саудагер, делдалдар қыпшақ тілін жақсы меңгеріп кетті.

1253 жылы ұлы хан Мөңкенің жарлығымен Ресей халқына санақ жүргізілді. Ол шараны ұлы ханнан арнайы келген  өкіл Бице-Берке жүзеге  асырды . Орыс жылнамадары бұл санақты «численица» деп атады. «Суздаль,  Рязан, Муром жерлерін түгел санады» дейді жылнамашы (ПСРЛ, Т.1, вып. 2, столб. 475).Салық кеңсесінің басшысын даруға деп атады. Оның қол астында ондық, жүздік, мыңдық, тұмен жасақтары салық жинау жұмысын жүзеге асырды. Бұл жасақтардың басшылары моңғолдар, жасақ мүшелері жергілікті халықтан құралды. Әскери жасақтардың басшысы  басқақ деп аталды. Осы басқақтар арқылы жергілікті князьдердің істерін бақылып,   көп жағдайда бүлінген, қисайғандарды өз күштерімен жөнге салып, түзеп отырды. Шектен  шыққанда ғана ордаға хабар беріп, жазалаушы отряттар  көмекке шақырды.

Сүйтіп, орыс өміріне моңғолдың басқару жүйесі дендеп енді. Сонымен қабат орыстың князьдік басқару жүйесі  сақталды. Моңғолдар дін мәселесіне араласпай, шіркеу, храм, дінбасыларды салықтан аққұла босатты. Сонымен, XIII-ші ғасырдың екінші жартысынан бастап Русь Жошы ұлысының бір  өлкесіне айналды. Осы жағдай үздік-создығымен 1480-ші жылға дейін сақталды.

Еділ мен Ертіс аралығындағы кең байтақ өлкеде ірге көтерген  Ұлы Ұлыс негізінінен екі қанатқа бөлінді, сол қатат : Ертіс пен Сырдария аралығындағы жерлер – Орда-Ежен иелігі (Көк орда), «оң қанат» – Бату иелігі (Ақ орда), оның құрамына  Сырдарияның төменгі сағасы мен Амударияның сол жақ бетінен бастап Башкирия, Еділ Болгариясы, Мордва,Теріскей Кавказ, Крым, Молдавия, Русь өлкелері енді. Әу баста Жошы ұлысы, Ақ орда атанған Бату иелігі біртіндеп Алтын Ордаға  айналды. Алтын Орда шаруашылығы мал өсіруші көшпенділер мен егінші, қолонерші отырықшылардан тұрды. Бұрындар Дон даласына, Теріскей Кавказ шүйгіндеріне көшіп-қонып тірлік кешкен моңғол  аристократиясы біртіндеп қалалық тірлікке үйреніп, ақыры даладан қол үзіп, қала тұрғындарына айналды.

 

                      Алтының Орданың шаруашылығы, кәсібі

Қайсыбір тарихшылар аузынан Алтын Орда өздері ештеңе өндірмеген, жаулап алған елдерден жиналған салықтар арқылы күн көрген «масыл» мемлекет деген пікірлер айтылып қалады.   Бағынышты елдерден салық жинау мемлекет табысының бір көзі болғаны рас. Бірақ   оны масыл мемлекет қатарына жатқызуға болмайды. Өйткені, Алтын Орданың өзге де табыс көздері болатын. Ол кездері  жер байлығын игеріп, өндірісті дамытып, сол арқылы байып, абырой атаққа жете қойған ел кемде-кем еді. Алыс-жақын елдерді бағындырып, албана алу да қалыптасқан дағдылы жағдай-ды.

Алтын, күміс, темір өндіру «Еке моңғол», «Су моңғол» (татарлар) елінде ертеден жолға қойылған кәсіп. Жер байлықтары негізінен қару  жасауға қолданылды. Моңғолдар қала  қамалдарын бұзып, бекіністерді алуды жақсы игерді. Оларда қабырғаны бұзатын  сақпандармен қатар зеңбіріктер де болды. Бұл кезде «отқару» орыс тұрсын, Еуропаға да  жетпеген еді.

Жошы ұлысының батыс қанаты  Алтын Орда аймағы қала тұрғызу өнері мен өндірісінің шұғыл дамуымен ерекшеленеді. Олар алғашқы кезеңде, яки 40-50 жылдар аралығында негізінен бұрынғы елді мекендер мен қалаларды қалпына келтірумен айналысып, 50-70 жылдары жаңа қалардың іргесін қалауды қолға алды, Алтын Орда мемлекетінде қала тұрғызу өзінің шарықтау шегіне Өзбек, Жәнібек хандардың тұсында  жетті.

Алтын Оданың батысынан щығысына беттей жүргенде Бату, Берке тұстарында мынадай іргелі қалардың аттарын атауға  болар еді: Прут-Днестр аймағында -Килия, Қостешті, Ескі Орхей, Днестр-Днепр аймағында – Маяк, Мешітті, Ақ Мешіт, Солонный, Арғымақты Сарай, Балықты, Днепрдің сол жағалауы аймағы – Күшүгір, Табан, Жылқылы, Қырым өлкесінде – Қырым қаласы, Қырық-Ер,  Керіш (Керчь), Кафа, Судақ, Шымбалы (Балаклава), Феодоро, Дон өзені аңғарында – Краснохуторское, Павловское, Тышан, Дурново,  Глазуновское, Құмылжы, Ситниково, Азақ (Тана), Еділ аңғарында – Жөкетау, Биляр, Сувар, Кашан, Кременчук, Ескі Қазан, Мохша, Крестово,  Переволокское, Костычи, Укек, Узморье, Бельжамен, Ахметовск, Терновское, Шишкин бугор, Ахтуба, Мешітті, Сарай ал-Джедид, Гүлстан, Сарай-Бату, Новорычанское, Тұмақ-төбе, Машайық, Хаджитархан, Теріскей Кавказда – Дербент, Тарки, Урух селені, Терек, Жоғарғы Джулат, Хамидиевск, Булунгуевск, Жоғарғы Шегем дегі Лығыт қаласы, Жоғарғы Мажар, Матрега, Еділ-Жайық аралығында – Үлкен Ырғыз, Сухореченск, Орынбор, Тендік, Сарайшық, Хорезм  аймағында – Көне Үргенш, Ярбекир-қала, Шехрлік, Теріскей Қазақстанда– Мәулиберді, Байтақ, Тағатай, Батыс Сібір аймағында – Түмен, Тонтур, Искер, Оңтүстік Қазақстанда – Сығнақ, Сауран, Яссы (Түркістан), Отрар қалалалары. Олардың бірінде  қолөнер кәсібі  жолға қойылып, сауда саттық өріс алды.

Алтын Орда тарихын зерттеушілердің бірі В.Л. Егоров: Алтын Орда мемлекеті құрамында 70 облыс, оны басқаратын  70 түменбасы (әмір) болғанын атайды. Алайда, осынау  70 облыс пен олардың әмірлерін  таратып берген ешкім жоқ, Егоров та бастапқыларын атап, соңғы жағын бұлдырға тірепті. Мемлекеттің ең шалғай, батыс қиыры Дунай мен Днестр аралығында – Ноғай ұлысы, Днепр өзенінің батыс бетінде – Күремсі ұлысы, Днепрдің шығыс бетінде – Мауци, Дон өзенінің батысында – Қартан, Қырым ұлысы – әмірі белгісіз, Сартақ ұлысы Еділ мен Дон аралығында, Берке ұлысы – Теріскей Кавказда, Еділ аңғары – Бату жанұясының меншігі дей келіп, Жайықтың сол жағалуы, Жайықтың оң жағалауы, Хорезм, Шайбани ұлыстары болғанын атаумен шектелген (Егоров В.Л. Историческая  география Золотой Орды в XIII – XIV вв. М., 1985. 164-165 б.).

1970 жылдардағы Ресей ішкі саясатындағы «жылымық» кезеңі тарих, археология саласына да игі әсерін тигізді. Бұл кездері Алтын Орда мемлекеті болды деген  белгілердің жер бетінен ізі өшіп болып еді. Бәрі де орыс вандализмі әсерімен қитатылып, топырақ астында көміліп жатқан-ды. Тек, Алтын Орда аты өшкеніне 500 жылдам астам уақыт өткенде, орыс қауымы ол мемлекеттен қалған  белгілерге археологиялық мұра ретінде қарауға алғаш қадым жасады.  Өткен ғасырдың 70-80 жылдары жан-жақты археологиялық қазба  жұмыстары қолға алынды. Еділ бойындағы Алтын Орда қалаларын Г.А. Федоров-Давыдав басшылығындағы Поволжск археологиялық  экспедициясы қазып, нақтылы ғылыми қортындыларға қол жеткізді.

Алтын Оданың астанасының іргесін көтерген Бату болғандықтан қала  Сарай-Бату атанды, оны Сарай ал-Махруса (Алла қамқорлығындағы) деп  айтып, жазушылар да аз болмады. Мемлекетке мұсылмандықты алғаш енгізіуші  болғандықтан, араб қаламгарлері  Берке тұлғасына айырықша ілтипат білдіріп Сарай-Берке деп  жазып, қаланы Берке атымен сабақтастырды. Алайда, араб қаламгерлерінің олай деп бұра тартулары жөн емес, астана қаланың іргесін қалаған Бату болғандықтан, Сарай-Бату атауы дау туғызбаса кере. Бұл қаланы көзбен көріп, әдемілеп жазып кетке  араб жиһанкезі Ибн Баттута. Ол былай деген: « Сарай – жазық алқапта жайылып жатқан, аумағы орасан үлкен, халқы мол, көшелері  кең, базарлары әдемі қала. Бірде біз жергілікті ағаманның бірімен  қаланың аумағын  білу үшін, атқа мініп,  айналып шықпақ болдық. Қаланың бір шетінен таң азанда шығып, екінші шетіне түс ауа жеттік. Сол жақта  намаз оқып, түстік ішіп, қас қарая ғана жатқан  жерімізге оралдық. Ал екішіде қаланы ендей кесіп өтіп, қайтып оралуымызға бір түстік уақыт кетті. Бір бос жер не бақ жоқ, иін  тіресіп, қаптаған қалың үйлер.Қалада азан  шақырылатын 13 мешіт бар, соның біреуі шейіттердікі. Оның сыртында да, шағын мешіттер жеткілікті. Қала әртүрлі халықтар тұрады: моңғолдар – осы елдің иесі, ішінара мұсылман, астар – мұсылман, қыпшақ, черкес, орыс, византиліктер – христиан. Әрбір халық қаланың әр жеріне шоғырлан, сол жерде базарлары да бар. Көпестер шетелдіктер – екі Ирактан, Египеттен, Сириядан. Жергілікті билеуші сұлтанның ордасы – «Алтынтас» деп аталады» (История Казахстана в арабских источниках. Т.I. А-ты, 2005. 231 б.).

Қазба жұмыстары Сарай-Бату қаласы туралы Ибн Баттута айтқандарын расқа шығарып қоймай, жаңа бояулар қосты. Археологиялық экспедиция   қыш шеберханалары орналасқан ауданды жарым-жартылай қазды. «Кархана» аталған шеберхана арықтары, басқа да су жүйелері бар жан-жағы қабырғалармен қоршалған бір махалла. Су жерге көмілген тақтай тұрбалар арқылы жүргізілген. Орыстар мен Еділ болғарларында көп тараған  үрмелері екі  қабатты көріктер.   Су жүйелері мен жылу сақтау жүйелері өте күрделі  қызу пештері. Мемлекетте қолнаста бар және шетелдерге шығарылатын  керамикалық ыдыс-аяқтар, құб-құмыралар, шамасы, осы шеберханада жасалған. Қыш бұйыдарын жасау қолөнері шырқап дамығаны айтпаса да түсінікті. Әсіресе, ақ тастың ұнтағынан жасалған қыш ыдыстарға  сұраныс  мол болған. Сонымен қатар бояу, сыр өндірісі де жақсы дамығаны көпе-көрнеу. Сарай-батудың күлдігі боп саналатын Селитерное селеніндегі қазбалардан шыны өңдеу шеберханасының кездескені де айталықтай құбылыс. Жалыпы  Алтын Орда аумағында шыны өндірісі шарықтап дамымып, тұрмыстың сала-саласына терең енгенін атаған жөн. Ал  археологтар кездестірген шыны  шеберханасында моншақ, білезік, алқаның неше түрлері шығарылған.

Қала орталығынан  қазылған жеке усадьба да қаланың бай тұрғынының  тұрмысынан  хабар береді. Қам кірпіштен қаланған үйдің аумағы 600 шаршы метр. Үйдің оңтүстік бетінде қонақ қабылдайтын зал.  Залдың іргесінде  хауыз. Хауызға су тұрбалар арқылы келіп, жауыздың  астындағы тұрбалар арқылы сыртқы су жолдары жүйесіне  қосылған.Үйдің іші ортақ пеш арқылы қыздырылған да, әр болмеген «кан» қуыс арқылы жылу барып тұрған. «Қол жуғыш», «бет жуғыштар» үй тұрмысының дағысына айналғаны байқалады (Степи Евразии в эпоху средневековья М., 1981. 232-233 бб.)

Сарай ал-Джедид – Жаңа Сарай да жақсы қазылды. «Жәнібек короннасы» аталған аса бағалы алтын тәті кездейсоқ табылғаннан кейін, 1940 жылы қазба жұмысы басталып, 9 жыл бойы тиянақты жүргізілді. 1959-1973 жылдары Поволжье экспедициясы қайтадан қазды. Мұнда бай адамдардың  усадьбалары көп қазылды.  Үйлердің фундаменттері кірпішпен қаланып, сырты тақтаймен  өрілген, қабырғы қам кірштен. Жатын бөлмелерде «П» типті тақтай кереует, оларға түтіктер арқылы жылу келіп тұрған,  бөлмелерге қожуғыштар орнату дағдыға айналған.   Үлкен үйдің жанындағы жартылай жертөле қосалқы үйлерде сүйек өңдейтін, плиталар, тіпті балардың ойыншықтарын шығаратын шеберханалар. Қолөнер қатты дамыған. Оған таңқалып болмайды, Сарай-Бату да, Жаңа Сарай да әлемнің төрт бұрышынан саударгерлер үзілмей қатынайтын, базарлы қалалар еді.

Алтын Орда хандары саудаға үлкен мән берді, сауда жолдарына керуен сарайлар салып, жүрген-тұрған жолаушыларға жағдай жасалды.  Келген тауардың 1/10 бөлігі баж салығына алынды, есесіне  саудагердің өзі мен тауарының амандығы мемлекет қамқорлығына айналды. Еуропа Алтын Орданы тауармен көміп тастады, не қажеттің бәрі өз аяғымен келіп тұрғаннан кейін, Еуропаны жаулаймын деп әбігер болудың  қажеті жоқ еді. Тауарлар араб-парсыдан, ең жырақ деген Үндістан мен Қытайдан тоқтаусыз құйылып жатты. Алтын Орда мемлекті Үндістанға жылқы сатуды жолға қойып, тиімді табыс көзіне айналдырды. Қырымдағы Судак, Азақ, Матрега қалалары балық өнімдерін Еуропаға шығарды.

Алтын Орданың табыс көзінің бірі баж салығы болды. Келген-кеткен саудагерлерге жеңіл бодсын деп, латын-қыпшақ сөздігі «Кодекс куманекус»,  араб-қыпшақ,  армян-қыпшақ сөздіктері осы кезде дүниеге келді. Сөздіктермен қатар қыпшақ тіліліне әдеби шығармалар аударылды. Жергілікті қыпшақ тілінде тырнақалды әдебет  үлгілері де пайда болды. Э.Наджип алтынордалық қыпшақ тілі оғыз-қыпшақ диалектісі негізінде қалыптасқанын атап көрсетеді. Қыпшақ тілінің алғашқы туындысын 1353 жылы  қағаз бетіне түскен Хорзмидің «Махаббат-намасы» деуге негіз бар. Қыпшақ тілінің ортаазиялық шағатай тілінен әжептәуір айырмашылығы болды. 1961 жылы Жаңа Сарай қазбаларынан табылған бұқаның жауырын сүйегіне ойылып жазылған жазу қыпшақ тілі қолданыста болғанына көз жеткізеді. Күміс шынаяқ табақшасында: « 5 сом, 20 мысқал» деген жазу кездеседі. Сарайшық қаласынан табылған құмырадағы «Құдадгу білік» дастанын екі жол үзінді де аталмыш өңірде қыпшақ тілінің орныққана айғақ бола алады (Усманов М. О языковых особенностях надписи из Нового Сарая СА., 1963, № 3, 246 б.).

Алтын орданың батыс межесіндегі ең шалғай, шеткі ұлыс Ноғай ұлысы еді. Ол Дунай өзені жиегіндегі Жасақшы қаласын орда оталығына айналдырды. Шекарамен жапсарлас Болғария, Валахия, Венгрия жұрттарындағы тыныштыққа жауапты  адам – Ноғай түменбасы еді. Ол беделі үстеп, абройы аспандағалы соншалық – Алтын Орда ханы Тоқхтаның жарлығын жүре тыңдайтын дәрежеге жетті. 1298 жылы Тохтаның қаһарына  ұшыраған бірнеше әмір қашып  келіп,  Ноғайды сағалаған. Тохта  әлгі  әмірлерді шығарып беруді талап еткенде, Ноғай оның жарлығын құлаққа ілмеді. Сүйтіп, екі ара бұзылып, ат тұяғынан шаң бораған жаугершілік басталды.  Тохта қоймай жүріп, ақыры 1301 жылы  Ноғайды  өлтіріп тынды.

Ноғайдың қарамағындағы ел негізінен қыпшақтар  11 тайпа ел еді. Бұлар негізіне  мамлюк Бейбарыс патша тарихшыларының жазбаларына ілккендіктен « 11 тайпалы Бейбарыс қыпшақтары» аталды. Олар басшылары Ноғай өлгенмен, Алтын Ордаға бағынышты ниет таныта қойған жоқ-ты. Олардың басқа жаққа ауып кетуінен, болмаса жеке ел боп бөлініп шығуынан қорқып, Еділ-Жайық аралығына  қоныстандыру шарасын қолға алды. Сүйтіп,  Дунай, Днестр, Буг, Днепр өзендері бойындағы қыпшақтар Еділ-Жайық, Жем-Жайық бойларынан  қоныс алып, біртіндеп көшіп келе бастады. Шын мәнінде Алтын Орда жұртының қыпшақтануы осы кезге жатады. Осы орайда Алтын Орда тарихын  зертеуші В.Л. Егоровтың қортынды ойлары тақырыптың түйіні болуға жарады. Ол былай деп жазды:

«XIV-ші ғасырда билік басындағы басқыншы моңғолдар қыпшаққа сіңіп, өздерінің тілі мен жазуын жоғалта бастады. Бұл туралы араб қалмгері былай деген-ді: « Ерте замандардан бұл жер қыпшақ елінің ата қонысы еді Татарлар жаулап алғанда, қыпшақтар бағынышты жағдайға тап болды. Сосын татарлар қыпшақтармен араласып кетті де,  топырақтың қасиеті  жеңіп шықты, татарлар бір рудың адамындай боп  қыпшаққа ұқсап қалды,  қыпшақтан әйел алып, қыпшақ жерінде тұрақтап қалды» (Егоров В.Л. Историческая география Золотой Орды в XIII – XIV вв. М., 1985. 155-156 бб.). Ал Н.М. Карамзин болса, Алтын Орданы «Қыпшақ ұлысы» деп баяғыда-ақ ашықтан-ашық жазған-ды.

 

Әнес САРАЙ