Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай М.Әуезов атындағы академиялық драма театры қазақ өнерінің қарашаңырағы деген қасиетті мәртебені арқалап отырғандықтан болар, қос бірдей қойылым ұсынғаны бір жағы, ұлтымыздың бас ақынына құрметі болса, екіншіден, әлсін-әлсін Абайға семсер, қылыш сермейтіндерге ғана емес, жалпы қауымға ақынның өз қара сөзін қалқан етіп, рух көтерер қуатына бойлатып, шырынын жүрек шарасына шүпілдетіп құйып беруді діттегені анық. Бүгінгі сорақылықпен салыстырғанда, Абай мысқылдаған, ақын қынжылған жағымсыз мінез басыңнан сипағанмен бірдей болып жайдақ тартып қалды, содан бергі бір жарым ғасырға жуық уақыт ішінде кешегі ақын сынаған дерт азаймақ түгілі, керісінше қаулап өсіп, ақыры, міне, жүгенсіз кетуге айналды. Әр дәуірмен тізе түйістіріп, қатар жүретін Абай сынының да, қара сөзінің де қазаққа керек кезі дәл осы уақыт болып тұр. «Абайдың жұмбағынан» соң режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналық нұсқасын жасаған «Қара» спектаклінің іле-шала көрерменге ұсынылуының осындай себептері болғанын қойылымды тамашалаған адамның өзі-ақ ішкі пайымымен тұспалдаған болар еді.
«Қара» – Абайдың «Қара сөздері» желісімен жазылған драма-диалог. Спектакль пікірталас формасында қойылған. Абайдың қара сөздері негізінде жазылған спектакльде жалғыз кейіпкер бар. Ол – Абай және Абайдың ойлары. Ол ойларға пішін дарытып, жан бүркетін отыз бес актер. Спектакль Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастыра отырып, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, адамзаттық аңсарды дәріптейді.
Қойылымның қысқа әрі нұсқа «Қара» атауынан көрермен өзі түсінген, өзі іздеп, қажетсінген кез келген мағынаны таба алады. «Қара» «Қара сөздердің» қысқарған нұсқасы ғана емес, Абай келіп, сұқ саусағын безеп, бұйрық райда әлденені нұсқап, ұғындыруы үшін қаратпа мағынада алынғанын байқау қиын емес. Бәлкім, әр қазақты, әр адамды жан тартып, қара тұтып тұрғаны болар, мүмкін керісінше, «аққа құдай жақ» деп, өзін періште, өзгені жау көріп, бірін-бірі қиянатқа шалудан шаршамаған, тіпті Абайдың өзін қаралаған қазақтың жүрегіндегі қара дақ, басынан арылмаған қараша тірлік... Таратып айтқан сайын тарқатыла беретін қойылымның терең философиясы осы қысқа атаудың өзінен басталып тұр.
Бүгінгі кезеңмен тамаша үйлесім тапқан спектакльде міндет-мақсаты айқындалған белгілі бір кейіпкер жоқ, оның орнына ғылым бар, ақыл бар, қайрат, жүрек бар. Ақыл, қайрат, жүректі бірлікте ұстауға үндеген гуманист ақынның өз идеясына беріктігі, оны мейлінше санаға шегелеп, бағынуға шақырғаны баршаның көңілін толқытқан сәт болды. Қара сөздерге өзек болған ұрлық, парақорлық, мансапқорлық, пәлеқорлық, партиягерлік, мақтаншақтық, жалқаулық, қайратсыздық тағы басқа толып жатқан кемшілікті Абай халықтың көзқарасы тұрғысынан сынап, адамгершілік пен ізгілікке негізделген жауабы мен шешу жолын өзі көрсетеді. Бүгінгі кезеңнің өткір мәселелері, әлеуметтік жағдайлар Абайдың ойларымен астарлы мағынада бірге өріліп отырады. Режиссердің, әсіресе «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген сөзге айрықша назар аудартып, шенқұмарларды шенеген диалогтың соңын билікті бөліскен «Ханталапай» ойынына ұластыра көрсетуі өте әсерлі сахна. Ащы әрі аянышты көріністі жүз елу жыл бұрын айтып кеткен Абайды осыдан кейін «қазақты сынады» деп кінәлау тіпті қисынсыз һәм күлкілі.
Драманың жүрегі – шиыршық атып шарпысқан, шым-шытырық шиеленіс, дау туғызатын оқиға десек, мұнда оның бірі де жоқ, алайда қара сөздер әр актердің мінез ерекшелігі мен дауыс ырғағы арқылы түрлі бояу тауып, көрерменді жетелеп, өз-өзінен дамып, өрістеп отырады. Абайдың 41 қара сөзін актерлер жаттап алып, жарыса, кезектесіп, монолог түрінде айтып жатса, тыңдаудан жалығып, басы қазандай болған көрермен театрды тастап қашар еді. Нөпір сөз көрерменді жалықтырмас үшін режиссер әйелдер тобы орындауындағы салт-дәстүр айшықтарын, ән мен биді қойылымға үйлесімді пайдалана білген. Осы арқылы ұлттық рух пен қазақы болмыстан ешқашан айнымауға, айырылмауға болатынын ұғындырғысы келген режиссерлік мұрат та айқындалып тұр.
Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов бастап шыққан әртістердің үлкен шоғыры орта буын мен кіші толқынды тұтас қамтыды. Қойылымның қазығы болып, пікірталас көрігін қыздырған белгілі сахна саңлақтары Бекжан Тұрыс пен Дулыға Ақмолда және Саят Мерекеұлы, Омар Қыйқымов, Мұрат Нұрәсілов, Жұмағали Маханов, Елжан Тұрыс, Бауыржан Манжігітов, Ермек Бектасов, Мағжан Асаубай, Жансұлтан Қонысбай, Дәрия Жүсіп, Мадина Келгенбай, Баян Қажынабиева, Шынар Асқарова, Нұржан Бексұлтанова, Зәуре Көпжасарова, Индира Меңдібаева, Ләйлә Тілеуова, Ажарлым Мағзұм сынды отыздан артық әртіс әр жолы афоризмге айналған Абай қара сөздерінің қуатын сезіндіре түсті.
Қойылымның соңында Т.Жаманқұлов пен Д.Ақмолданың шаңырақ көтеріп шығуы, уығы шашылып, сынған шаңырақты жөндеп, көтеруге тырысқанымен, екеуінің білек күші жетпей қалтылдай, қаңғалақ қағуы «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» идеясының шындығына көз жеткізеді. Ерлер тобы тұтас келіп көтеріскені сол еді, жұмылған, қуатты қолдағы шаңырақ аспан астын мекендеген адамзаттың бір бөлшегіндей биіктегі өз орнын нық белгілеп, бірлік пен бейбітшілікке шақырған ұран болып қалықтады. Бұл пафос емес, қазақ сахнасында жүз жылға жуық бейнеленіп келе жатқан Абай тұлғасын жаңа қырынан танытудың тағы бір озық үлгісі, реформатор режиссердің ғана қиялынан туатын батыл шешімнің бірі.
АЛМАТЫ