Тарих • 27 Қазан, 2020

Мұрат Мөңкеұлы мұрасы: топонимикалық деректер

2569 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлт әдебиетінің алтын ғасырының бастауында тұрған ұлы суреткер Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», деген еді. Зар заман ақындарының көшін бастаған Мұрат Мөңкеұлының шығармаларындағы жер-су аттарының түп төркініне үңіле қарап, бір сәулелі дүниені аңғарғандай болдым. 

Мұрат Мөңкеұлы мұрасы: топонимикалық деректер

«Үш қиян» толғауының 9-шумағында:

«Қабыршақты, Қарасу,

Қанатымды залым қияр деп.

Қарға бойлы Қазтуған,

Қайғыланып көшкен жер», деген жолды байқаймыз. Қарасудағы – «қара» сөзі судың түсіне қатысты емес. Яғни, «мөлдір су», «сусын» деген мағынаны білдіреді. Қазақтың «бір ұрттам қара су көз көрім жерге апарады», деген сөзін басшылыққа аламыз.

Толғаудың 16 шумағы:

«Ақтөбе менен Қорғанша –

Асан қайғы бабаның,

Қызыл тастан үй салдырып,

Он жыл тұтас отырып,

Әңгіме құрып кеткен жер», деп түйінделеді. Аталған Қорғанша қала­шы­ғы «Асан қайғы қаласы» деп те аталады. 400 шаршы метрді құрайтын қалашықтың іргетасын Асан қайғы бабамыз қалаған.

18-19-шумағында Қалдығайты, Бұлдырты, Өлеңті, Шідерті, Аңқаты деген жер-су аттарын байқаймыз. Қалдығайты – Орал төңірегіндегі өзен аты. «Қалды – қайтты» деген экспрессивтік тіркестен құралған. Негізгі дұрыс атауы – «Қандағаты» болуы керек. Моңғол тілдерінде «бұғылы өзен» деп аталады. Бұлдырты – Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы  ұзындығы 162 км құрайтын, Жалтыркөлге құятын өзен мен елді мекен атауы. Кейбір деректерде қыраттың аты «бұлдыртау» немесе «бұлыңғыртау» деген мағынаны береді. Тарихшы – өлкетанушы Мақсот Жолжановтың «Қазақ тарихы, тіл-әдебиеті және топонимикасының өзекті мәселелері» атты еңбегінде: «Бұлдырты – бурят қалмақтың «болдорта» (1755 жылы қалыптасқан), «болдукта» (1905-1910 жылдары қалыптасқан) сөзінен бастау алады» делінген. Өлеңті – қыр, өзен, шөптің аты. «Өлеңтау» деген мағынаны береді. Бұл өзен Павлодар облысында да, Батыс Қазақстан да жұбын жазбай, Шідерті деген өзенмен қатар ағып жатыр. Шідерті – халық аңызы бойынша ат шідері жоғалып, содан шідерті (шідерлі) аталған. Сібір орыс диалектісінде «шибир» немесе «шивир» – «өзен жағасындағы не төменгі бойындағы бұталы тоғай» деген мағынаны білдіреді. Моңғол тіліндегі «шидер» – шырмауыққа бай өзен деген мағынаны да білдіруі ықтимал. Аңқаты – Батыс Қазақстан облысының Сырым және Ақжайық аудандарынан өтіп, Шалқар көліне құятын өзен, Ақжайық ауданындағы елді мекен атауы. Көне түркі, моңғол тілдеріне тән атау. Сырым ауданында Есен Аңқаты, Ақжайық ауда­­нында Шолақ Аңқаты деп аталады. Араб саяхатшысы Ахмед Ибн Фадлан (877-960) жазбасында Аңқаты өзені туралы деректер кездескен. Ғалым Э.М.Мурзаевтың «Словарь народных географических терминов» атты (1984 ж. 50-бет) еңбегінде: «Анга – Ленаның бір саласы, Байкал көлінің бір тармағы», делінген. Демек, Аңқаты өзенінің түп-тамыры Анга сөзінен шығуы мүмкін. Бұл жерді 1630-1771 жылдары қалмақтар мекендеген.

Ал «Сарыарқа» толғауының 19-шу­ма­­ғында:

«Базарбай, Қабыршақты,

Кенен, Құрмас,

Адыра, құдық еді суы сырлас»,
деген жолдарды көзіміз шалады. Мұрат ақынның жырларында құдықтың атау­ларына дейін берілгендігін аңға­ра­мыз. Жазушы Берқайыр Аманшин «Махамбеттің бабалары мен ұрпақтары» атты мақаласында: «Махамбеттің бейіті жатқан жер – Қарой емес, Қабанбай-Қарақалпақ деп аталған. Кейде «Малайсары» құдығы деп ел аузында аталып жүрген. Қабанбай-Қарақалпақтан 15 шақырым жерде «Базарбай-Құрмас» деген мекен бар», деп жазады. Базарбай-Құрмас деген мекен Мұрат жырларындағы құдықтардың атауы болуы керек. 18-шумақта «Нарғозы құдығы еді Есболайдың», деген жолдары кездеседі. Нарғозы құдығы Атырау облысы, Индер ауданында орналасқан, ел аузында «Есболай бидің құдығы» аталған.

Мұрат ақынның шығармаларында ел аузында көп айтыла бермейтін ұғымдарды кездестіреміз. Мысалы, «Үш қиян» толғауында «кәуір», «керіш» деген сөздерді байқаймыз. Кәуір – мұсылманнан өзге діндегілер болса, керіш – ақ балшық деген мағынаны берген. «Байұлы Байбақтының Ғұмар Қазыұлына» атты толғауында: «Хан емес біз көргендер – пірәуілтіл», деген жолдарды аңғарамыз. Пірәуілтіл – «правитель», «ел билеуші» дегенді білдіреді. Ал толғауда кезігетін «қарқуар» сөзі – айбынды, батыл, көсем деген мағынаны білдірген.

Мұрат Мөңкеұлы өз шығармаларында жер-су аттарының картасын жасақтаған. Әлі де зерттеуді қажет ететін жер-су атау­­лары бар екендігін айтқым келеді. Бұл, әрине болашақтың еншісінде.

 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ

 

Атырау