Биыл Қонысбай қария 82-де. Әлі тың. Ат жалын тартып мінгеннен бүгінгі тоқсанға жол салған шағына дейін бүкіл ғұмыры құба дала төсінде, кейін ауылдың қауырт тіршілігінің тізгінінде өткен. Жаратылысынан жасанды сөйлеп көрмеген қарт, аңшылық өнердің қыр-сырын толық меңгерген. Мылтықсыз-ақ түз тағысын тізгіндеп, қаруын сайлаған заманауи аңшылардың алдын орап кетіп жүр. «Тағдырдың әртүрлі соқпағынан сүрінбей өтіп, артыңда қалдырар ізің, өнегең болған қандай жақсы. Балаларымнан бойымдағы барымды аяп қалған жерім жоқ. Күш-қуатым барда кешегі қазақтың қанында бар қасиетті дәріптедім. Ендігі қалған ғұмырымда артымдағы ұрпағымның аспаны ашық, болашағы баянды болуына жол ашуға тиіспін», дейді өзі арыдан ой тартып.
Шынында, тұран дала мен мұзарт тауларды еркін жайлаған, тұлпарлары аспан мен жердің арасын дүбірлеткен біздің ата-бабаларымыздың болмысы бөлек қой, шіркін! Неге десеңіз, олар жер шарының басқа тұрғындарынан гөрі тумысынан табиғатқа етене жақын болды. Дөңгеленген киіз үйдің есігінен аттағанда ұшы-қиыры жоқ мынау байтақ мекенге билік етіп, шексіздікке ұласып жатқан көк аспанға қарап еңсе көтерді. Ал көк жүзіне көз салған жанға ақша бұлтпен араласып қалықтап жүрген қыранның көрінбеуі мүмкін емес. Заңғар биіктегі сол құс қазақтың асқақ арманын одан әрі қарай шарықтатып, самғатты. Ұшқан құс, жүгірген аң жанына сауға болып, ошағының отын сөндірмеді. Тоқымдарын астына төсеп, ерлерін басына жастап, тағымен алысып, қансонарда қара баланың қамы үшін қазан көтерді. Қарияның әңгімесінің астарында баяғы дала қазағына деген сағыныштың самалы еседі. Қалаға қарай қырбайлаған қауымға аз-маз өкпесі де бар секілді.
Иә, Жетісудың әр өңірінің тірлік-тынысы өзгеше, мөлдір судан нәр, қызулы күннен күш алған жайлы ұя. Сондықтан ел ішінде: «Әр бұтасының түбінде бір асым ет», деген тәмсіл қалған. Сол нулы мекеннің бір пұшпағында төрт түлікке қоныс, аңшылыққа жаршы Сарыжаз ауылы бар. Қонысбай атаның қарашаңырағы сонда. Шып-шымыр, ширақ та сергек қария ұлттық өнердің ұраншысы. Жүйрік мініп, қыран баптап, бөрінің бөріктей көтеретіні әлі де ел аузында.
– Төрт қасқырға тісім батты. Ұрып та жығып та алдым. Алғашқы екеуін бүркітім қоғадай жапырса, қалған екеуін астымдағы бестімен қуалап жүріп соғып алдым. Біздікі қызық қуып, қырып салу емес. «Бөрінің тәңірі, аңның киесі бар» дегендей жөн-жоралғысымен аулайтын кезде ретін табамыз. Кейде малға тиіп, шығындатып кетеді, пәтшағар. Оқиға былай болды. Күн райы жылы, аздап жел соққаны болмаса, күн шапағын жерге аямай төгіп тұрды. Әрдайым жараулы күйінде тұратын Қаракер жорғаммен қыстаудағы үйге бет алғанмын. Мына бір орайы келген сәтті қараңыз, ауылдасым Қуатбек Өскенбаевтың құнанын жайратып, қарындарын тоқтап алған үш қасқырға кезіктім. Екі қасқыр Қарасаз өңіріне қарай қашты. Біреуі тауға, Баяусайға қарай тартты. Тауға тартқанын бәйгеторыммен қуалап соңына түстім. Бастырмалата қуып жетіп, Кеген өзенінің бойына қарай қайта қайырдым. Сөйтіп сойылыммен соғып алдым. Ең бастысы, қасқырдың тоқтығы қолайлы әсер етті. Мен қуған сайын ол кесек-кесек етті құсып отырды. Бастан 3-4 рет ұрып құлаттым. Сөйтіп олжалы болдым. Артынан ел-жұрт аңыз қылып кетті ғой, – дейді Қонысбай ата болған жайды әңгімелеп.
Ал құсбегілік о баста тұрмыстық қажеттіліктен туған дүние екен. «Бара-бара құсбегілік сән-салтанаты бар саятшылыққа ұласты. Бүгінде ұстаған түлкімде есеп жоқ. Әрқайсысы бір-бір әңгіме. Құстың қабілетін білу, оны таңдау мен тану үлкен жауапкершілікті талап етеді», дейді ақжүрек ақсақал.
Қарияның сөзіне сүйенсек, баяғыда ата-бабаларымыз құс ұшырып, ит жүгіртуді табиғат аясында демалудың жақсы түрі деп санаған. Хандардың аңға шығуының дабыра-думанға айналғаны сондықтан.
Қазақ өмірінде бүркіт бағуға жоғары деңгейде мән берілген. Тәуке хан қабылдаған «Жеті жарғыда» «Аңшылыққа салатын итті, құсты, бүркітті өлтірген адамнан олардың иесі бір құл немесе бір күң беруді талап ете алады» деп жазылыпты. Бұл ереже кезінде саятшылықтың маңызы өте зор болғанын білдіреді. Кешегі кер заман қазаққа өз болмысын ұмыттыру үшін халықтық дәстүрді жоғалта бастады. Алайда олар ежелден қалыптасқан төл өнерімізді біржолата жоя алған жоқ. Ұлттық дәстүр ақырындап қайтадан бас көтерді. Міне, осындай бір өзі бір жәдігер қариялардың арқасында.
Осы орайда айта кеткеніміз жөн болар, дархан даламызды сан ғасырдан мекендеп келе жатқан халқымыздың атбегілік әрі құсбегілік өнерін серік етіп келе жатқан Қонысбай атамыз төрт кітапқа арқау болыпты. Дәл осы Сарыжаздан шыққан қаламгер Нұртан Төлепбергенұлы атамыздың тамаша өнері жайлы «Бапкер» атты кітабын жазған. Жазушы Данияр Әлбозымның «Қазақтың саңлақ бүркітшілері» атты туындысы негізінен Моңғолия, Қырғызстан, Қазақстан және Қытайда тұратын қазақ бүркітшілеріне арналған. Дәл осы кітапта Сарыжаз ауылында тұратын үздік бүркітші Қонысбай Рамазанов туралы сыр шертіледі. Бұл да өмірі өнегеге, ғұмыры тағылымға толы қарттың жиған-тергеніне, еткен еңбегіне, бойына біткен қастерлі өнеріне көрсетілген құрмет іспетті. Сол еңбегі, ат спортын дамытуға қосқан үлесі үшін Қонысбай ата өткен жылы Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды.
Көргені мен түйгені көп атамыздың сөзі уәлі, үлкен той-томалақта ақ батаны алдымен осы кісі беріп, елдің ризашылығына ие болып жатады. Ұзақ жасауының бір сыры да осы болса керек. Шежіреге өте шебер, қазақтың қанатты сөздерін, мақал-мәтелдерін де бірінен кейін бірін айтқанда көңіліңіз көтеріліп сала береді. Бұл да жастар үлгі алар, Жаратушымыздың бойына берген жақсы қасиеттерінің бірі. Жиған-тергені. Атбегілігімен аудан жұртшылығына танымал. Жыл он екі ай баптайтынын айтпағанда Мұқағалидың 80 жылдығында, Райымбектей батыр бабамыздың 300 жылдығында жүлделі орындардан көрінді. Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт Молдасановтың мерейтойында бәйгеге қосқан жүйрігі қанжығасына автокөлік байлап қайтты. Жалпы, атаның баптаған жүйрік аттары қарашаңырағына төрт көлік әкелді. Бір күнде үш бәйгелі болған кездері қалай ұмытылар?! Ат әбзелдеріне де өте әуес жан. Сол күні бізге Қаракер жорғасына салып қойған екі ғасырлық тарихы бар ат әбзелдерін көрсетті. Таза күмістен қалыңдау әрі көрнекілеу жасалған жүген, құйысқан, тартпа мен үзеңгінің жалпы салмағы жиырма килограмнан кем емес болып шықты. Таңданбай қарай алмайсың. Сонау ата-бабаларынан сақталып қолына тиген дүниені саф алтындай сақтап келеді.
Қазыналы қария таң бозынан оянып, малды өріске айдап, әдеттегідей жүйріктерін баптауға кіріседі. Таңнан кешке дейінгі ермегі осы. Туған жерінің ойы-қырын аралап, таза ауада демалып қайтқанды жаны қалайды. Жорғасы да шаршатқан емес. Ең бастысы, күнделікті сүйікті істерімен айналысатын қарияның көңілі көтеріңкі. Әр күнгі қимыл мен қозғалыс еңбекқор қартты ширатып, жанын жасарта түсетіндей.
Бүгінде атамыздан бауырынан 5 қыз, 5 ұл қанаттанған. Бәрі де бүгінде бір-бір шаңырақ иелері. Қонысбай ата ұрпағымен өсіп-өркендеп, жиырмадан аса немересін, оннан аса шөбересін сүйіп отырған бақытты жан.