Аймақта мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың орнына оған бөлінген қаржыны жымқырушылар да бар
Жамбыл облысында «арын сатып асаған, екі күн ғана жасаған» бастықтар көбейіп тұр. Дерек пен дәйекке жүгінейік. Облыстық қаржы полициясы ағымдағы жылдың 9 айында 588 қылмыстық істі анықтады. Ал одан мемлекетке келген залал 522 миллион теңгені құраған. Бүгінде оның 298 миллион теңгесі өндіріліпті.

Аймақта мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың орнына оған бөлінген қаржыны жымқырушылар да бар
Жамбыл облысында «арын сатып асаған, екі күн ғана жасаған» бастықтар көбейіп тұр. Дерек пен дәйекке жүгінейік. Облыстық қаржы полициясы ағымдағы жылдың 9 айында 588 қылмыстық істі анықтады. Ал одан мемлекетке келген залал 522 миллион теңгені құраған. Бүгінде оның 298 миллион теңгесі өндіріліпті.
«Дәнікеннен, құныққан жаман». Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың өңір бойынша етек алып тұрған түрі – парақорлық болып отыр. Мәселен, аталған мерзім ішінде парақорлық фактілері бойынша –18, оның ішінде пара алудан –14, пара беруден –3, парақорлар арасында «делдалдық» рөлін атқарғандар бойынша –1 дерек анықталған. Мысалы, сөз етіп отырған өңірдегі «Қарасу» кеден бекетінің 1-ші дәрежелі маманы Б. Байменов сот үкімімен 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ол лауазым иесі болғанына қарамастан 2013 жылдың 15 және 18 наурызында азаматша Т.-ның тауарларын шекарадан қараусыз, кедергісіз өткізгені және жалпы «қамқорлығы» үшін пара алған.
Тағы бір мысал келтірейік. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қордай ауданы аумағында орналасқан әскери бөлімінің «Қарасу» шекара бақылау жүк бекетінің бастығы, подполковник А.Сәрсенбаевқа қатысты ҚР ҚК-нің 311-б. 2-б. бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол 2012 жылдың желтоқсан, 2013 жылдың қаңтар айында ҚР мемлекеттік шекарасынан халық тұтынатын тауары бар 59 автокөлікті шекаралық тексерусіз, яғни кедергісіз өткізген және автокөліктегі тауар иелерінен «қамқорлығы» үшін пара алып отырған. Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен А. Сәрсенбаев 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қоғамда алаяқтық деректері де дендеп барады. Мысалға, ҚР ҚК 177-б. 3-б. бойынша Меркі ауданы салық басқармасының бөлім бастығы С.-ға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол 2013 жылдың 16 кыркүйегінде қызмет бабын пайдаланып «Тянь-Шань» ЖШС директоры азамат А.-ны алдап және сеніміне қиянат жасау жолымен әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін ортадағы жеке кәсіпкер арқылы сомасы 500 мың теңгені иемденген. ҚР ҚК 177-б. 2-б. бойынша жеке кәсіпкерге де қылмыстық іс қозғалды.
Мемлекетіміз үшін «парақорлармен» бірге, «пара берушілердің» әрекеттері де қауіпті. Облыста жыл басынан бері «пара беру» бойынша 3 қылмыстық іс қозғалыпты. Мысалға, 2013 жылдың тамыз айында сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасы бойынша ҚР ҚК-нің 312-б. 2-б. (пара беру) бойынша «Жуалы су» МКК бастығы Қ.Момынқұловқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол 2013 жылдың 1 тамызында қаржы полициясының қызметкеріне тергеу алды тексеріс материалдары бойынша дұрыс шешім қабылдау үшін 500 мың теңге берген. Сот үкімімен Қ. Момынқұлов шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ағымдағы жылдың тамыз айында қаржы полициясы Талас аудандық прокуратурасымен бірге ҚР ҚК 177-б. 3-б. (алаяқтық), 314-б. 2-б. (қызметтiк жалғандық жасау) бойынша Талас ауданы әкімі аппаратының қаржы шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ш.Шымыровқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Ол 2011 жылы мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлға бола тұрып, алаяқтық жолмен, аталған мекеме қызметкерінің кәртішкелік шотына бюджеттік қаражатты жалақы есебі ретінде аударып, жеке мұқтажына 12,8 миллион теңгені жаратып жіберген. Сот үкімімен Ш.Шымыров қылмыскер деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Аймақта мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың орнына, оған бөлінген қаржыны жымқырмақ болған жемқорлар да бар. Бүгінде, мысалы, «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстардың анықталғаны белгілі болып отыр. Мысалға, ағымдағы жылдың ақпан айында «СК Биік асулар-2006» ЖШС басшыларына қатысты ҚР ҚК-нің 176-б. 4-б. (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденіп алу немесе ысырап ету) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар 2011-2012 жылдар аралығында Талас ауданы Ойық ауылын сумен жабдықтауға қатысты құрылыс жұмыстарын атқармай «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламалары бойынша бөлінген жалпы сомасы 81 миллион теңгеден асатын бюджеттік қаражатты ысырап еткен. Соның салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірілген. Осы факт бойынша ҚР ҚК 315-б. 2-б. (қызметтегi әрекетсiздiк) «Талас ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» КММ бастығы Б.Байболовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол лауазымды адам бола тұрып, басқа адамдарға пайда мен артықшылықтар беру мақсатымен, 2012 жылы қызметтік міндеттерін орындамай, жоғарыда көрсетілген құрылыс жұмыстарының атқарылғандығын тексермей қабылдап, атқарылмаған жұмыстары үшін «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламалары бойынша бөлінген бюджеттік қаражатты «СК Биік асулар» ЖШС-не аударған. Талас аудандық сотының үкімімен Б.Байболов шартты түрде 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қазақта: «Қарақұрт жеп қой семіреді, қансоқта жеп ит семіреді, пара жеп би семіреді», деген сөз бар. Аймақта, шынында, жемқор бастықсымақтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп барады. Ал оған тосқауыл қоятын кім? Әрине, темірдей тәртіп пен қатал заңға жүгінген қырағы тексерушілер. Өйткені, Шерағаң айтпақшы: «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты».
Біз облыстық қаржы полициясы қызметінен осыны байқадық.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.