Руханият • 27 Қазан, 2020

Өз еліңдей ел болмас

954 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда тұратын этностардың тарихына көз жүгіртсеңіз, әртүрлі тағдырлар мен өмір иірімдерін көресің. Мәселен, өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы мен алпысыншы жылдардың басында КСРО-ның әр түкпірінен жастарды еліміздегі тың игеру жұмысына тартқан болатын. Қасиетті қазақ жеріне келген түрлі этнос өкілдері тамырын тереңге жайды. Олардың ұрпақтары бүгінде бірлігі мен татулығы жарасқан елімізге тастай батып, судай сіңді. Ұлттық ұлан қа­та­рында да мұндай азаматтар баршылық. Еліне адал қыз­мет атқаруда. Аға лейтенант Ярослав Аникаев – солардың бірі.

Өз еліңдей ел болмас

Ярослав 6636 әскери бөлімі басқару пункті әкімшілік тобы­ның офицері, байланыс сала­сының белді маманы. Ол елі­міз­дің бас қаласы Нұр-Сұл­тан­­ның тумасы. Елордада мек­тепті аяқтағаннан кейін, әс­ке­ри болуды шешіп, көрші ел­дегі Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Қорғаныс министрлігі Әскери байланыс академиясына оқуға түседі. 2015 жылы аталған жоғары әскери оқу орнын аяқ­та­п, 5573 әскери бөлімінде бай­­­ланыс ротасының взвод ко­­ман­­дирі болып еңбек жолын бастайды. Кейін 6636 әскери бөлімінде взвод командирі болып қызметін жалғастырады. Еңбексүйгіштігімен көзге түс­кен жас өренді Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында қа­бырғасы қаланған бас­қа­ру пунктіне қызметке тағайын­дай­ды.

– Өз басым байланыс саласын жақсы көремін. Байланыс саласын әскердің болашағы деп білемін. Өйткені, жауынгерлік дайындықты қамтамасыз ететін негізгі салалардың бірі – сол. Байланыссыз әскерді елестету мүмкін емес. Сондықтан көп оқып, көп ізденемін. Мүмкіндік болса, семинар, оқу-жаттығу жиын­дарына қатысамын. Офи­цер, Қазақстан азаматы ре­тінде елімнің дамуына өз үле­сімді қос­қым келеді, – деп Ярослав ағынан жарылды.

Әскери қызметте жүріп, Екатерина есімді арумен танысып, отбасын құрады. Бү­гін­де екеуі Николай есімді ұлды тәрбиелеп отыр. Өзі тың иге­ру­ші­лердің ұрпағы екенін айтады.

– Атам Николай – Ресей Фе­де­рациясы Ижевск қала­сы­ның тумасы. Әкем 3 жаста болғанда бүгінгі Нұр-Сұлтан, кешегі Ақмола қаласына көшіп келген. Нағашыларым да сол кездері Қазақстанға қоныс аударған. Анам Галина Николаевна Баш­­құрт­станда туғанмен, қал­­ған ғұмырын осы қалада өт­кізіп келе­ді. Аталарымыз тың игеру жұмыстарына өз ең­бек­те­рін сіңір­­­­­ді. Әке-ше­шем осында таныс­ты. Қазақ жерінде бақыт тауып, отба­сын құрды. Мен де осы жерде туып-өстім. Қазақстан біздің ортақ Ота­ны­мыз, киелі ша­ңырағымыз. Ше­тел­де де оқыдым, басқа мемле­кет­терде де достарым көп. Алай­да бір ұққаным – бірлігі жа­расқан, берекесі тасыған өз еліміздей ел жоқ. Осы елде тұ­рып, елге қызмет етуден асқан абы­рой жоқ, – дейді ұландық офицер.

Иә, кейіпкеріміз Ұлттық ұлан қатарында ел бірлігі жо­лын­­да қызмет атқарып, еліне еңбегін сіңіруде. Қазақстандық қо­ғамға «кірпіш болып» қа­лан­­ған офицердің алар асуы әлі алда.

 

Дарын СЕЙІТОВ,

капитан