Қоғам • 27 Қазан, 2020

Құлқын құрдымға құлатып тынады

451 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстауда салынып жатқан жол құрылыстары туралы әңгіме көп. Беті жылтырағанмен, салынып жатқан жолдардың сапасы сын көтермей тұр. «Парсы кілемі» деп аталған жолдарды асфальтімен қосып тұтас сыпыра көтеріп алуға болатын болса, газ өткелін қақ ортаға алып, сардия қалған түпқарағандық даңғылдың жыры желілерге жүк болды.

Құлқын құрдымға құлатып тынады

Сөйтсек, жұмысы да, жыры да бітпейтін жолдар  көлденең табыс табуға да қолайлы се­кілді.

Маңғыстау облысы бойын­ша Сыбайлас жемқор­лық­қа қар­сы іс-қимыл депар­та­мен­ті «Жұмыспен қам­тудың жол картасы-2020» мем­ле­кет­­тік бағ­дар­ламасы шең­бе­рін­де жүзеге асы­­рылып жат­қан  Мұнайлы ауданындағы ауылішілік жол­дардың құры­лысына қатысты тексеріс жүргізді. Тексеріс нәти­жесінде  «Мұ­найлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бө­лімі» мем­лекеттік мекемесінің басшысы қамқорлық жасағаны үшін заңды тұлғадан 1 миллион теңге көлемінде пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.

Аталған департаменттің мә­лі­метіне сүйенсек, сотқа дейін­гі тергеп-тексеру бары­сын­да кү­дікті қылмыстық құ­қық­бұзу­шылық жасағаны үшін кі­нәсін мойындаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызмет, Маңғыстау об­лы­сының прокуратурасы және азаматтық қоғам тарапынан бір­неше рет сынға ұшыраған бұл құ­рылыс нысандары Маңғыстау өңірінде үлкен тақырыпқа өзек болды. Атап айтқанда, Мұнайлы ауданындағы жолдарды салу кезіндегі сапасыз жұмыстар фак­тілері туралы әлеуметтік желілер­де және бұқаралық ақ­парат құ­ралдарында жария­ланған болатын. Сөйтсек, шала істің ар­тын­да кө­лең­­келі тұстар да жоқ емес екен.

Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті іске қа­тысты басқа ақпараттарды тергеу мүддесі үшін жария етпей отыр. Ал күдіктіге қатысты оның кінәсінің дәрежесін анық­тайтын соңғы шешімді сот шы­ға­рады.

Сапалы жол құрылысының болмауы астарында қалтаның қамын күйттеген құлқын мен аран тұр екен. Азаматтардың құлқын құрдымға, аран апанға құлатып тынатынын ескер­мейтіні қызық. 

 

Маңғыстау облысы