Қоғам • 27 Қазан, 2020

«Өзіміздің тұмау» өкінтпесін десеңіз...

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлем елдеріндегі, сондай-ақ республика өңірлеріндегі ахуал секілді Маңғыстауда да соңғы күндері індетке қайтадан «жан біте» бастағандай. Мысалы, 19 қазандағы жағдай бойынша облыста 3 372 адамға коронавирус инфекциясына жүргізілген ПТР-тестілер оң нәтиже көрсетті. Оның 3 282-сі аурудан жазылып шықса, 72 науқас қайтыс болды.

«Өзіміздің тұмау» өкінтпесін десеңіз...

Бүгінде инфекциялық стацио­нарларда 54 адам ем қабыл­дап жатыр. Оның екеуінен ПТР-тесті­леу қорытындысы оң нәтиже бер­ді. Олардың бірі перзентханада жатқан жүкті әйел, екіншісі облыстық балалар ауруханасына жатқызылған сәби.

Маңғыстау облысының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадірдің айтуынша, күзгі маусымда барлық вирустық инфекциялар деңгейінің көтеріл­гені байқалады.

– Коронавирустың бірінші толқыны биыл наурыз айынан шілде айының соңына дейін созылды. Мұнан соң тамыз-қыркүйек айлары үзіліс тапқан болатын. Шамамен қыркүйектің 20-сынан бастап аймақта зертханалық жолмен дәлелденген коронавирус инфекциясы тіркеле бастады. Мәселен, қыркүйекте 5 науқас тіркелсе, одан бері 33 адам дерт жұқтырған. Яғни, бүгінде 38 адамнан КВИ белгісі зертханалық жолмен дәлелденіп отыр. Ал пневмония ауруына келетін болсақ, мұнда ешқандай үзіліс болған жоқ. Бұл аурудың екінші толқынында, атап айтсақ тамыз айында 68, қыркүйекте 94, қазан айының басынан бүгінге дейін 48 адамнан анықталды. Сонда барлығы 210 науқас тіркеліп отыр, – дейді ол өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте.

Маңғыстау облысының штаттан тыс бас эпидемиологы коронавирус немесе вирустық пневмониямен ауырған адамдардың күн салқындағанда өкпе қабынулары қайта асқынуы мүмкін екенін ескертті.

Оның айтуынша, коронавирус немесе вирустық пневмония­мен ауырған адамдардың күн салқындағанда өкпе қабынулары қайта асқынуы мүмкін.

– Бұл науқастармен бұған дейін физиотерапия бөлімінің мамандары жұмыс істеді. Яғни олар үйреткен тыныс алу жат­тығу­ларын тұрақты жасап тұру қажет. Бүгінгі таңда орталық ауруханада 40 төсектік оңалту бөлімі жұмыс істеп тұр. Мүмкіндігінше емханалар арқылы порталмен сол бөлімге түсіп, емделуге де болады. Ол жерде емдік шаралардан бөлек тыныс алу жаттығуларын дұрыс жасау жолдары үйретіледі, – деді М.Қадір.

Өңірде 70 мыңға тарта адам тұ­мау­ға қарсы егілуге тиісті тәуекел топ­қа жатқызылған. Жұқ­палы тыныс ауруларының 200-ге тарта түрі бар. Жыл сайын қырк­үйек-қазан айларында осыған дайын­дық жұмыстары жүреді. Биыл Маңғыстауда тұмауға шал­дығу­дың алдын алу шаралары тамыз айынан бастап жүрді. Оның ішін­де тәуекел топ өкілдерін ал­дын ала егумен қамтамасыз етуге ай­рықша мән берілді. Бұл топқа жиі ауыратын адамдар, им­му­нитеті әлсіз азаматтар, жас бала­лар, созылмалы сырқатпен есеп­ке тұрғандар, жүкті әйелдер мен жасы 60-тан асқан тұрғындар кіреді.

Елімізде жүр­дім-бардым қа­рай­тын қара­пайым тұмаудың өзі індеттің баста­масы болып кетпеуі үшін халық­қа да, дәрігерлерге де сақ­тық, қырағылық қажет. «Өзіміз­дің тұмау» өкінтіп кетпесе болғаны.

 

Маңғыстау облысы