Экономика • 27 Қазан, 2020

Көпбалалы ананың кір сабыны

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсіптің тілін таба алған адам оның тасын өрге домалата алады. Кәсіп­ті бастамас үшін алдымен қоғам­ға қандай нәрсе қажет, оны жасай алу мүмкіндігім қаншалықты деген сауал­дарды ой тезінен тереңірек өткізу маңызды. Кәсіп бастауға талпынып, бүгінде ісінің жемісін өзі де, өзгелер де көріп отырған көпбалалы ана – Гүлзия Қойлығұлова.

Көпбалалы ананың кір сабыны

Мұнайлы аудандық әкімдігі баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, 29 жастағы көпбалалы ана Гүлзия Қойлы­ғұлова аталған аудандағы Маңғыстау-1 ауылында тұрады. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бизнес идеяны іске асыру бағыты бойынша оқуға қатысқан ол бастапқыда балаларға арналған аттракцион ашуды ойлады. Алайда оқу барысында маркетингтік талдау, сұраныс деген ұғымдарды үйреніп ойын күрт өзгертеді. Ол күнделікті шығыны қай нәр­сеге кететінін анықтай келе кір сабын жасау бизнесіне тоқталған. Ойын әбден бекі­тіп, тәуекелге бел буған Гүлзия көп ке­шік­пей қажетті құрал-жабдықтарын алып, сабынды дайындайтын және кесетін құрылғыларды сатып алады.

Гүлзия қазіргі таңда Атамекен ауылын­да орналасқан кішігірім цехта күні­не 2 мыңға жуық кір сабын дайын­дай­ды. Кәсіп иесі шикізатқа «KFC», «Бархан бургер», «Каспий гриль» тез тамақ­тану орталықтармен бірлескен келісім­шарт негізінде қол жеткізеді. Ал дайын өнімдерін ауданның орталық базарына, Ақтаудағы супермаркеттерге жеткізіп, сауда сөрелеріне орналастырады.

– Менің бір айдағы таза табысым 100 мың теңгеге дейін жетеді. Ендігі жоспарым – кір сабынды кептіретін және сыртын қап­тап шығаратын құрылғыларды алу. «Бастау Бизнес» жобасының ерекше әрі қажетті кәсіп­тің ашылуына септігін тигізгеніне риза­мын, білікті мамандарымыздың кәсіп­тің не­гіздеріне үйретіп, бағыт бергені қуан­тады, – дейді кәсіпкер Гүлзия Қойлығұлова.

Таныс-біліс отбасында аяулы ана, сүйікті жар бола алған және отбасының қым-қуыт тірлігі тасасында қалып қоймай, кәсіптің ұршығын иірген жас ананың табандылығына тәнті.

 

Маңғыстау облысы