Қамар сұлу, Ажар, Қыз Жібек, Қарлығаш, сол сияқты, Татьяна, Дездемона, София, Мими, Чио-Чио-сан партияларын орындап жүрген Роза Нұркей – елордадағы К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының әншісі. Жақында ол Түркияда өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атанды. Біздің әншімен әңгімеміз осы байқаудан өрбіген еді.
Қамар сұлу, Ажар, Қыз Жібек, Қарлығаш, сол сияқты, Татьяна, Дездемона, София, Мими, Чио-Чио-сан партияларын орындап жүрген Роза Нұркей – елордадағы К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының әншісі. Жақында ол Түркияда өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атанды. Біздің әншімен әңгімеміз осы байқаудан өрбіген еді.
– Былтыр Ереванда өткен үлкен халықаралық байқауда бағым жанып, 1-ші орынды иеленген болатынмын, – деп бастады әңгімесін Роза Нұркей. Содан Тбилиси консерваториясының дирижері Баадура Самадашвилидің көзіне түсіп, Түркияға шақырған сол болатын. Біз Түркияға екі әнші бардық. Әріптесім Гүлжанат Сапақова екеуміз де лауреат атанып, жақсы көңіл-күймен қайттық. Байқауды түріктер мен грузиндер ұйымдастырды. Скрипка, пианино және әншілік аталымы бойынша 100 шақты өнерпаз қатыстық. Кез келген байқаудың деңгейін қазылар құрамы анықтайды емес пе? Бұл жерде Баадура Самадашвили (Грузия), Нино Катамадзе (Түркия), Давида Бер (АҚШ), Ширель Дашевский (Израиль) сынды әрқайсысы өз саласында әлемдік деңгейде танымалдыққа қол жеткізген тұлғалар қазылық жасады.
Әншілерге тек қана үлкен-үлкен арияларды орындау керек деген талап қойылды. «Мадам Баттерфляй» операсынан Чио-Чио-сан, «Богемадан» Мими, «Эрнани» операсынан Эльвира, «Паяцы» операсынан Недда балладаларын орындадым. Мұндай үлкен дүниелерді орындау үшін үлкен дайындық керек. Жақсы көңіл-күймен оралуымыздың тағы бір сыры – Иерусалимде өтетін халықаралық байқауға шақыру алдық.
– Сөзіңізге қарағанда, байқауларға жиі қатысатын сияқтысыз...
– Осы уақытқа дейін он бес шақты байқауға қатыстым. Байқау дегеніміз сын ғой, сыннан сүрінген, 1-ші кезеңнен өте алмай қалған кездер де болды. Бірақ тауым шағылып, жасыған емеспін. Өйткені, театрда жұмыс көп. Ай сайын өтетін спектакльдер бар. Партияларды жаттаймыз. Соған дайындалу керек. Соңғы жылдары жеке концерттер беріп жүрмін. Қазақстандағы Ресей елшілігінде бес рет – Пушкинге, Чайковскийдің екі жүз жылдығына, неаполитандық әндерге, италяндық әндерге және 37 жылы атылып кеткен композиторларға арнап жеке концерттер өткіздім. Өскеменде ән салдым, егемендіктің 20 жылдығына арналған жеке ән кешім өтті. Оған қоса ара-арасында театрдың да гастрольдік сапарлары бар. Ел ішін аралаймыз, сирек болса да ТМД мемлекеттеріне гастрольдік сапарға шығамыз. Әнші осының бәріне дайындалуы керек. Уақыт таппай қиналып жатамыз. Сондайда байқаулар туралы ойлауға мұршаң болмайды. Ал кейде қазылардың бұра тартып кететін кездері де болады. Мысалы, 2007 жылы Неапольде өткен байқауда үш кезеңнен ойдағыдай өттім. Бірақ, өзімді жүлдегерлер арасынан таппай қалдым. «Неге бұлай болды?» деп және сұраған жоқпын. Өз-өзіңді дамыту, кәсіби тұрғыдан шыңдалу ауадай қажет әншіге.
– Театр сахнасындағы репертуарыңыз туралы айта кетсеңіз.
– «Мадам Баттерфляйдан» – Чио-Чио-сан, «Богема» операсынан – Мими, «Отелла» операсынан – Дездемона, «Евгений Онегиннен» – Татьяна, «Вертерден» – София, «Фигароның үйленуінен» – Графиня, оған қоса отандық опералардан Қамар сұлу, Ажар, Қыз Жібек, Қарлығаш, Дүрия рөлдерін ойнаймын. К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында еңбек еткен он үш жылда сомдаған рөлдерім осылар. Бұлардың бәрі де жаныма жақын бейнелер. Әйтсе де соның ішінде маған ең жақын бейне – Чио-Чио-сан. Осы образды өзімше сомдаймын деген ниетпен көп тер төктім. 2007 жылы Италияға барып тағылымдамадан өттім. Сол кезде бұл партияны дамыттым, жаңарттым десем болады. Жапонияда «Мадам Баттерфляй» атты байқау бар. Соның кезекші концертмейстері Ричард Баркер деген кісіні Италияда оқып жүргенімізде шеберлік сыныбын өткізуге шақырды. Мен өз партиямды сол кісіге тыңдаттым. Ла Скаланың концертмейстеріне де тыңдаттым. Осы партия бойынша сол кісілермен көп жұмыс істедім. Астанаға келген соң бұл партияны «Метрополитеннің» дирижері Кэролайн Уилсонмен бірге орындадым. Яғни, операға сол дирижерлік жасады. Чио-Чио-сан – операдағы бағындыруың керек үлкен бір белес сынды партия. Үш сағат бойы тікесінен тік тұрып ән шырқауың керек. Ол үшін тек өнер тұрғысындағы дайындық қана емес, физикалық та дайындығың жақсы болуы қажет. Шынын айтқанда, осы партияны жаңарту барысында өзімнің де өнерге деген көзқарасым түбірінен өзгеріп кетті. Өнерден, әннен шабыт алудың, өзгеге қуаныш сыйлаудың мән-мағынасын терең түсіндім деп есептеймін.
– Әнші болу балалық арманыңыз ба еді? Операға қалай келдіңіз?
– Расын айтқанда, Кеңес Одағы тұсында тәрбиеленген, білім алған оқушылардың барлығы да сабақтан тыс уақыттарын босқа өткізбейтін, түрлі үйірмелерге қатысып, бойларындағы қабілеттерін шыңдайтын. Мен хорда ән айтатынмын. Бала жастан әнге жақын болғаныммен, Арқалық музыка училищесін дирижер мамандығы бойынша бітірдім. Сол училищеде Виктор Петрович Айрих деген ұстазымыз болды. Өзі менің даусымды жақсы бағалап, «сенің опера айтатын даусың бар. Дирижерлікті таста. Алматыға консерваторияға бар», деп ақыл берді. Оқуды тастап кеткем жоқ. Бірақ, бітіріп, қолыма дипломды алған соң, Алматыдағы консерваторияға түсуге бел байладым. Сөйтіп, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның «жеке ән салу» факультетіне оқуға түстім. Ұстазым – Шахмардан Әбілов. Ән айтудың қыр-сырын сол кісіден үйрендік. Студент кезімде Құрманғазы атындағы оркестрмен ән айтып жүрдім. Дирижері Айтқали Жайымов еді. Ол кісі «балам даусың жақсы екен» деп талай концерттерге қосты. Қазір ойлап отырсам, сол сәттерді бағалай білмеппін. Мен оқу оқыған 1993-99 жылдар нарықтың ең бір қиын кезеңдері еді. Мақсатымыз – қайтсек те диплом алу. Сол кездерде анам өмірден өтті. Қатты қиналдым. 2000-ші жылы консерваторияны бітіргенде «қайда барамын» деген сұрақ тұрды алдымда. Ұстазым Шахмардан аға «Астанада жаңадан Байсейітова атында театр ашылып жатыр. Елің ғой, сол жаққа бар», – деді. Ақыры не керек, осында келіп, театрға жұмысқа орналастым, бір жағынан Музыкалық академияның ассистентурасында оқыдым. Бұл жерде аға ретінде де, ұстаз ретінде де көп көмектескен, білмегенімді үйреткен кісі – Кенжеғали Мыржықбаев. Міне, осы он үш жылдан бері опера және балет театрында еңбек етіп келемін. Осы күндерде адам өзінің жанына жақын нәрседен бәрібір қашықтай алмайды екен деп ойлаймын. Мен де айналып келіп әншілік өнермен табыстым.
– Театр қабырғасында жүргеніме он үш жыл болды дедіңіз. Бұл көп уақыт емес, аз деуге де келмейді. Ал тындырған істеріңізбен өлшесек...
– Әрбір опера әншісінің арманы – Италияға барып оқу. Өйткені, Италия операның отаны. Мүмкін, қазіргі кезде Италияда оқу таңсық емес шығар? Бірақ біз консерваторияда оқып жүрген 70-жылдары Жұлдыз Баймолдина мен Амангелді Сембиннің, 80-ші жылдары Жәмила Баспақованың Италияда оқығанын естігенбіз. Сондай санаулы адамдар ғана Италияға баруға мүмкіндік алған. Сол кезде «шіркін-ай, біз де барсақ қой» деп армандаушы едік. Менің бұл арманым 2007 жылы орындалды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша Италияға екі ай оқуға бардық. Италияндықтар өздері келіп, дауыстарымызды тыңдап көріп, 10 әншіні таңдап алды. Оның жетеуі ер дауысты, үшеуі әйел дауысты әншілер еді. Сол уақытта әлемнің алдыңғы қатарлы концертмейстерлерінен, педагогтарынан, дем мұғалімдері мен дикция мұғалімдерінен дәріс алдық. Бұл менің өмірімдегі ең бір айшықты кезең болды десем, артық айтқандық емес. Көптеген ариялармен жұмыс істедім. Олар дауысқа кірпияздықпен, асқан талғаммен қарайды. Дауысты аялай біледі. Қазақстаннан әншілер барғанда «дауыстары қандай керемет» деп таңғалғандарын көрдік. Бірақ бізге көп үйрену керек. Өйткені, тілге, вокалдық техникаға байланысты көп айырмашылықтар бар. Осы екі ай керемет табысқа жеткізбесе де, «ары қарай қалай айту керек» деген тұрғыда үлкен ой салды. Жеке маған қатысты айтқанда өз-өзіме деген сенім пайда болды. Кейбір партияларды жақсарту, дұрыс айту керек деген пікір қалыптасты. Өнерге деген көзқарасым түбірімен өзгерді. Ең үлкен жетістігім осы.
– Бір партияны алып шығу үшін қанша уақыт дайындаласыз?
– Бізге жарты жыл бұрын айтады. Ноталарды береді. «Осындай уақытта режиссер келеді, соған дейін дайын болыңдар» деген талап қойылады. Өзім бір партияны алып шығу үшін үш айдан жарты жылға дейін дайындаламын. Біздегі 20 шақты қойылымның еуропалық жартысын қойған әлемдік деңгейдегі атақты режиссер Юрий Александров. «Тоска», «Аида», «Фигароның үйленуі», «Мадам Баттерфляй» сынды үлкен дүниелердің барлығы осы кісінің қойылымымен жарыққа шықты. Мысалы, Александров бір спектакльді қою үшін үш аптаға келеді. Бізге таңертеңнен қара кешке дейін бір рет те үзіліс бермейді. Есесіне оның қойылымдарын көрермен өте жақсы қабылдайды. Біз бұл режиссермен театр ашылғаннан бері бірге жұмыс істегенбіз. Театрдың ендігі жағдайы бізді қатты алаңдатады...
– Расында да елордадан жаңа опера және балет театры ашылған соң он үш жылдық тарихына қарамай көне мекемеге айналып шыға келген К.Байсейітова атындағы театрдың қазіргі ахуалы қандай? Қойылымға дайындық, партия жаттау, концерт беру сынды жұмыстар тоқырап қалған жоқ па?
– Иә, солай деуге болады. Бізден біраз адам жаңа театрға ауысып кетті. Дегенмен, 230 адам әрі-сәрі күй кешіп жүр. Олар театр ашылғаннан келе жатқан мамандар. Қыркүйек айында қалған он әншінің төртеуін қайтадан тыңдап, студент ретінде жұмысқа қабылданасыңдар деген. Соның ішінде мен де бармын.
– Студентті жұмысқа қабылдаушы ма еді?
– Оны өзіміз де түсінбедік. Әлі ешқандай келісімшартқа қол қойған жоқпыз. Бір түсінгеніміз – біз әлі оқуымыз керек екен. Осы жағдай тіптен қызық болды. «Студент» атанған біздер «Тоска», «Аида», Чио-Чио-сан сынды ең үлкен партияларды айтып жүрген әншілерміз. Ал ескі театрда спектакльдерге қатыспаған, есесіне концерттерде бірді-екілі попурри айтып көзге түсіп қалған кейбір әншілер жаңа театрдың бас әншілері болып шыға келді. Осы жағы бізге түсініксіз.
– Сірә, К.Байсейітова атындағы опера және балет театры жабылатын болғаны ғой.
– Оны өзіміз де білмейміз. Бірақ, ашылғаннан бастап осы театрдың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген адам ретінде театрдың жабылмауын, Күләш апайымыздың аты-жөні халықтың санасынан өшпеуін қалаймын. Біз бұл ойымызды министр Мұхтар Құл-Мұхаммедке де жеткізгенбіз. Сондай-ақ, жергілікті көрермендердің де жоғары билікке осындай өтініш жолдағанынан хабардармыз. Жазда келгенде атақты режиссер Юрий Александров та біздің театрдың тағдырына алаңдайтынын білдірген. Ол кісі жаңа театрда «Біржан-Сараны» қоюға келгенде бізбен кездесті. Сонда: «Өздеріңді он үш жыл бойы тәрбиелеп едім. Сендерге қанша күш жұмсадым, білгенімді үйреттім. Сендердің партиядан партияға өскендеріңді көріп, қуандым. Енді не болды?» деп қынжылыс білдірді.
– Қалай ойлайсыз, осы уақытқа дейін әнші ретінде өз мүмкіндігіңізді толық аша алдыңыз ба?
– Шығармашылық ізденісте шек жоқ қой. Көп нәрсе қаражатқа, денсаулыққа, ұйымдастыру жағына, түрлі қарым-қатынастарға тәуелді. Жалғыз өзің еңбектенсең, кәсіби жағынан мықты болғаныңмен, бүкіл ел танитын әнші атана алмауың мүмкін. Әншінің жолы жеңіл емес. Содан да шығар, соңғы кездері мені әр опера әншісінің өз педагогы, өз дирижері, өз пианисі болып, өзара бір-біріне қолдау көрсетіп жұмыс істесе, қайтарымы мол болар еді-ау деген ой жиі мазалайды. Өз басым ең алдымен, әншінің репертуары бай болуы керек деп есептеймін. Репертуарды байытуды, ізденісті ешуақытта тоқтатқан емеспін. Спектакльдегі партияларды орындау бір бөлек те, романстар айтудың жөні басқа. Соңғы жылдары осыған қатты көңіл бөліп, романстармен де айналыстым. Қазір репертуарымда жүзден астам романс бар.
Өнер адамы үшін ең бастысы – көрерменнің көңілінен шығу, халықтың құрметіне бөлену. Ондай сәттер өз басымда да болды. Тіпті бірде алдыңғы қатарда отырған бір қарт әженің қолындағы жүзігін шешіп: «Балам, риза болдым, өнерің өрге жүзе берсін», деп маған ұсынғаны бар. Осыдан артық өнерге қандай баға керек.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.