Иә, аталған басылымдардың тарихы қазақ халқының аумалы-төкпелі, талайлы ғұмырымен тағдырлас. Атауы сан мәрте өзгерсе де, үзілмей шығып келе жатқанына бір ғасырға жуықтаған бұл басылымдардың бетінде талай ұлт зиялыларының үкілі үміті, асқақ арманы, елге қызмет етсем деген мақсат-мүддесі көрінді.

Иә, аталған басылымдардың тарихы қазақ халқының аумалы-төкпелі, талайлы ғұмырымен тағдырлас. Атауы сан мәрте өзгерсе де, үзілмей шығып келе жатқанына бір ғасырға жуықтаған бұл басылымдардың бетінде талай ұлт зиялыларының үкілі үміті, асқақ арманы, елге қызмет етсем деген мақсат-мүддесі көрінді.
Бүгінгі «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің алғашқы саны «1918 жылы 17 қарашада Астрахань губерниясына қарасты Бөкей облысы кеңесінің органы ретінде «Хабар-Известия» деген атаумен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. Оның редакторы, ішкі ордалықты басқарушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы С.Милютин еді. «Хабар-Известияның» 1918 жылдың соңына дейін 31 нөмірі шыққан. Ресей Федерациясының Мәскеу және Санкт-Петербург архивтерінен аталмыш газеттің түгелге жуық санын тауып, көшірмесін алдық.
Газет 1919 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Киргизская правда» – «Қазақ дұрыстығы» деген атаумен шыға бастапты. Бұл газетте де редактор ретінде С.Милютиннің фамилиясы жүр. Бірақ газет мақалаларына және зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне қарағанда, басылым жұмысына сол кездегі аса көрнекті қазақ зиялылары С.Меңдешев, М.Көкебаев, Ғ.Қараш, Ғ.Мұсағалиев, Ш.Бекмұхамедов, Х.Есенбаев, Т.Сафиев, И.Меңдіханов, Ғ.Бегалиев, Ғ.Бөкейхановтар қатысқан. «Жайық Пресс» ЖШС тарапынан жасалған жұмыстардың нәтижесінде Мәскеу архивтерінде сақталған осы басылымның тігіндісі де бүгінде елге, Орал қаласына жеткізілді. Бұл рухани құндылықтар тарихшы мамандардың назарын аударады деген ойдамыз.
Көп кешікпей жоғарыда аталған «Киргизская правда» – «Қазақ дұрыстығы» деген екі тілдегі газет жабылып, оның орнына бір ғана қазақ тілінде «Дұрыстық жолы» деп аталатын газет шыға бастаған. Мәскеу қаласының іргесіндегі Химки қаласында, Ресей мемлекеттік кітапханасының газет бөлімінде «Дұрыстық жолы» газетінің де тігіндісі сақталған. Бұл – Хан ордасында 1919 жылдың 20 хұт айынан (ақпан) бастап таза қазақ тілінде шыққан газет. «Дұрыстық жолы» газетінің атын қойып, тұсауын кескен – белгілі қазақ ақыны, ағартушы Ғұмар Қараш. Ақынның «Дұрыстық жолы» атты өлеңі осы газеттің бірінші санында жарияланған.
Бүгінгі облыстық газеттердің атауы 1920 жылдан бастап «Қызыл ту» деп өзгертіліп, Орал қаласында шыға бастаған. Бұл облыс пен губерния орталығы ретінде Орал қаласының статусы әбден беки бастаған кез болатын. Зерттеулерде «Қызыл ту» газетінің 1925 жылғы таралымы 1870 болғаны айтылады. Ал 1926 жылы газет аптасына 3 мәрте шығып, Орал өңіріне 2800 данамен тараған. Сонымен қатар, газет қосымшасы ретінде «Жастар даусы» газеті шығарылып, оның редакторлығын К.Өтеғалиев атқарған екен. Бұл қосымша газеттің көтерген негізгі міндеті – жастар баспасын нығайту, ауылдағы жас тілшілерге бағыт беріп, олардың санын көбейту, жастарды оқуға тарту болғандығы жөнінде ғалым С.Смағұлова зерттеп, зердеден өткізген.
Сол заманның тынысын дәл түйсіну үшін Орал округтік партия комитеті мен атқару комитеті және кәсіпшілер кеңесінің органы «Қызыл ту» газетінде 1930 жылғы мамыр-маусым айларында жарияланған кейбір мақалалардың тақырыбына назар салайық: «Бөрінің бөлтіріктері», «Аудандағы адасушылар», «Жасын жасырған», «Бандымен аралас екен», «Еңбекшілер арасынан қуылсын»... Бір қызығы, осынау «әшкерелеуші» мақалалардың біреуінде де нақты автор жоқ. Еш дәлелсіз, «жаптым жала, жақтым күйе» стилінде жазылған домалақ арыз дерсіз. Алайда, осы хаттар ақ-қарасы тексерілмей-ақ саяси қуғын-сүргіннің желеуіне айналды. Жоғарыда берілген газет мақалалары шығып жатқан тұста басылымның тиражы 10400-14200 данаға жеткен.
Әрине, «Қызыл ту» газетін шығарған ұлт зиялылары басылымды барынша қазақ қоғамына пайдалы етуге тырысқаны байқалады. 1932-1937 жылдары Орал педагогикалық институтында қызмет істеген Қажым Жұмалиев редакция жұмысына белсене араласқан. Сол кездері Орал қаласында болған Қасым Аманжоловтың өлеңдері «Екпінді құрылыс» газетінде жиі басылған. Қасымның қаламдас досы, 1934-1936 жылдары Орал пединститутында оқыған ақын Абдолла Жұмағалиевтің де газет тарихында орны бар. Ақиық ақындардың 1932-1936 жылдары газет редакциясында қызмет атқарғаны жөніндегі ескерткіш-тақта кезінде «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясы болған ғимаратқа – Орал қаласы, Ғұмар Қараш көшесіндегі 14-үйге орнатылған.
Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Хамит Ерғалиев, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейітов секілді қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері де алғашқы қадамдарын қазіргі «Орал өңірі» газетінде бастағаны жөнінде ақпарат бар.
Бүгінде «Орал өңірі» газеті редакциясының фойесінде 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде қаламын қаруға айналдырып, ұрыс даласына аттанған боздақтардың құрметіне арналған ескерткіш-тақта орнатылған. Онда Сағит Құдайбергенов, Айтжан Құсайынов, Б.Нұрғалиев, Ж.Құдасов, Ғ.Қалиев секілді қаламгерлердің есімі жазылған.
Ал Хабер Нұрмұхамедов, Бисен Жұмағалиев, Қосаман Орынбасаров, Ғалиасқар Қосанов, Рахым Қожахметов, Ғұбаш Жөндібаев секілді ағаларымыз майданнан аман-есен оралып, газет редакциясында ұзақ жыл жемісті еңбек етті.
Облыста әдебиет пен журналистика саласында қалам тербеген тұлғалардың «Орал өңірі» газетіне тағдырын қоспағаны кем де кем. Қазақ поэзиясының ең ірі өкілдерінің бірі Қадыр Мырза-Әлінің алғашқы туындылары осы газет бетінде басылды. Газет редакциясында ұзақ жыл қызмет еткен белгілі ақын Жанғали Набиуллин 1963 жылы 1 мамырда «Орал өңірі» деген атпен шыққан тұңғыш санына кезекшілік еткенін есіне алады. Бұл газетте қазіргі қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілдері Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков, Серікқали Шарабасов, Рахымжан Отарбаев, Мақсот Ізімов, Серікқали Хасанов, Александр Тасболатов, Таңатар Төлеуғалиев, Темір Құсайын әр жылдары қызмет атқарған. Газет редакциясында әр кезеңде қызмет еткен ардагер аға-апаларымыздың еңбек жолы жөніндегі тарихи деректер мен құжаттарды «Жайық Пресс» ғимаратындағы баспасөз мұражайынан көруге болады.
Басылымның ұзақ ғұмырында қазақ журналистикасының талай майталманы «Орал өңірі» газетіне басшылық жасады. Газетте әр жылдары басшылық қызмет жасаған редакторлардың есімдері мен өмір жолдары осы мерейлі датаға арнайы шығарылған «Қос басылым тарихы» атты кітапта жинақталды. Әрине, газет тарихы толығымен зерттелді деу қате болар еді. Мысалы, 1923 жылы (7 октябрь, жексенбі) «Қызыл ту» газетіне редактор ретінде қол қойған Мұстамбаевты, сондай-ақ, 1930 жылы осы басылымға «уақытша жауапты редактор» деп қол қойған Нұрғалиұлын анықтай алмадық. Бұл болашақта назар аударылар мәселе екені сөзсіз.
1932-1957 жылдар аралығында «Екпінді құрылыс» атауымен шыққан басылым 1957-1960 жылдары «Октябрь туы» аталды. Ал 1963 жылғы мамырдан күні бүгінге дейін «Орал өңірі» деген атпен шығады. Яғни, газетіміздің «Орал өңірі» деп аталғанына да жарты ғасырдан асты.
Газет 1968 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Мұның да өзіндік тарихы бар.
1968 жылға дейін газет тарихы 1920 жылдан, «Қызыл ту» газетінен басталып жүрді. Газет тарихының әріге жылжып, қазіргі датаға тұрақтануына осы басылымда 1949-1955 жылдары басшылық қызмет атқарған, кейіннен 1960-1971 жылдар аралығында Орал облыстық партия комитетінің идеология мәселелері бойынша хатшысы болған Бисен Жұмағалиев ағамыздың және ардагер журналист, осы газетте ұзақ жыл жұмыс жасаған Ғұбаш Жөндібаев ақсақалдың еңбегі сіңгенін айта кетсек дейміз.
Тағы бір айтайын дегеніміз, газет тарихын одан әріге тартатын да тарихи дерек жоқ емес. Олай деуімізге себеп: Мәскеу қаласынан әкелінген «Известия» – «Хабар» газетінің алғашқы санында араб әрпімен қазақша жазылған мынадай хабарландыруға көзіміз түсті: «Протокол №112. Баспасөз тарату ісінің ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін облыстық кіндік комитет қаулы жасады: Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасын бірге қосып, қызмет еттіруге һәм ол баспахананы басқару ісін жолдас Выгдорщикке тапсыруға. Областной кіндік комитет».
«Известия» – «Хабардың» алғашқы санында (1918 жылғы 17 қараша), бірінші бетте басылған бұл құжат жаңа басылымның Хан ордасында бұрыннан қызмет еткен «Ұран» газетінің негізінде ашылғанын мәлімдейді.
Осы жерде бір ой келеді: «Известия» – «Хабар» газетінің алғашқы сандарын тауып, әкелген азаматтар оның бірінші бетіндегі «хаттаманы» – «Ұран» газеті туралы деректі де көргені анық. Неге ендеше басылым тарихын бұдан да әрі жылжытып, 1917 жылдан шыққан «Ұран» газетінен бастамасқа? «Ұран» газеті туралы деректерді іздестіре жүріп, КСРО-ның күркіреп тұрған 1950-жылдары «Ұран» газетінің неге «ұмыт қалғанын» түсіндік. Бар мәселе – «Ұранды» ұйымдастырған азаматтардың 1917-1918 жылдары большевиктік идеяға емес, қазақтың қанына жақын Алаш қозғалысына бүйрек бұрғанында екен.
Тарихшы Исатай Кенжәлиев «зерттеушіге қатерлі» деген «Ұран» газетіне қойған «диагнозы» сол заманның көп шындығы дер кезінде не себепті айтылмағандығын дәл түсіндіреді. Әрине, ол үшін ешкімді сынап, кінәлаудың қажеті де жоқ. «Жайық Пресс» ЖШС Алматы, Мәскеу мен Санкт-Петербург мұрағаттарына сұрау салып, «Ұран» газетін іздестіруде. Белгілі ғалым Мақсат Тәжі-Мұрат Алматыдан газеттің бірқатар нөмірі табылғандығы жөнінде қуанышты хабар жеткізді. Міне, осылайша, замана дөңгелегі шыр айналған аласапыран кезеңде Алаш арыстары шығарған газеттің дерегі шығып, көшірмесі қолға тиіп отыр.
«Орал өңірі» газетінің редакциясы 1958-1984 жылдар аралығында Орал қаласындағы әйгілі Карев үйінің үшінші қабатында болды. 1984 жылдың күзінде арнайы салынған ғимаратқа – Баспасөз үйіне көшті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жекешелендіру науқанында ғимаратынан айырылып қалған редакция 2006-2009 жылдары көп қиындықты аз көрмеді. 2009 жылы наурыз айында сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен қазіргі ғимаратқа тұрақ тепті. Сол жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері өз баспаханасынан басылып шыға бастады.
2003 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері «Жайық Пресс» ЖШС-іне бірігіп, осыдан былай тек шығармашылық қызметпен айналысты. Барлық жұмыстар жаңа серіктестіктің құзырына өтті. Бұл реформа өз жемісін берді деп толық айтуға болады. Бүгінде «Жайық Пресс» ЖШС – Қазақстанның батыс өлкесіндегі үлкен медиакорпорация дәрежесіне жетті. Құрамында 2 облыстық, 11 аудандық газет, заманауи баспахана, ақпарат агенттігі, сайты, түсіру тобы, материалдық-техникалық базасы бар «Жайық Пресс» ұжымы әу бастағы Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып келеді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналист.
ОРАЛ.