2018-2019 оқу жылында еліміздегі оқу орындары арасындағы бәсекеге қабілеттілік бойынша Жетісу университеті 10-орыннан көрінсе, 2019-2020 оқу жылында бұл көрсеткіш оң бағытта өзгеріп, бір сатыға жоғарылаған екен. Яғни IQAA-Ranking тәуелсіз зерттеулер агенттігінің дерегі бойынша жетісулық білім ордасы отандық 18 университеттің арасында сегізінші орында тұр. Сонымен қатар Жетісу университеті Academic Ranking of World Universities – European Standard халықаралық жоғары оқу орындары рейтингіне де қатысып, оқыту сапасы бойынша «А» категориясын иеленген. Яғни дәл осы өлшем бойынша Қазақстандағы 94 жоғары оқу орны қатысқан халықаралық бәсекеде Талдықорғандағы университеттің 7-орынға көтерілгенін айта кеткен жөн. Жалпы, университет түлектерінің жұмыспен қамтылуы да жолға қойылған. Мәселен, өткен жылдары университетті бітірген 781 түлектің 78 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Жақында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті оқу процесін жетілдіру жолында оқытушылар мен студенттерге қолайлы жағдай жасау үшін Алматы облысындағы ірі кәсіпорындармен төрт тарапты консорциалды келісім жасады. Қол қойылған келісімнің негізінде Алматы облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы университет қызметкерлерінің жалпы білімі мен біліктілік деңгейін арттыруға арналған теориялық және практикалық шеберлік сыныптарын, семинар, тренингтерді бірлесіп ұйымдастыруды іске асыратын болады.
Сондай-ақ университеттің жас ғалымдары мен студенттерінің стартаптар мен ғылыми жобаларын қолдау үшін инвесторларды, яғни демеушілерді іздейді. Мұнан бөлек, Алматы облысының өңірлік дамыту орталығы ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде кеңес береді. Ал «Алатау» технопаркі ЖШС – «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» келісімге қатысушы мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруға жәрдемдесуге, мамандарды әртүрлі форматта оқытуға көмектесуді міндетіне алып отыр.
– Жалпы, білім сапасын арттыру мен түлектерді жұмыспен қамту мақсатында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті кешенді жұмыс атқарып келеді. Алматы облысы аграрлық аймақ болғандықтан, өңірге қажетті мамандықтарды зерделеп, алдағы 4 жылда қандай мамандар даярлау қажет, қандай білім бағдарламаларына басымдық беру керек екенін анықтап, сол бойынша оқу бағдарламасын жасауды қолға алдық. Сонымен қатар жыл бойы облыстағы барлық мекемемен тығыз байланыс жасап, бос орындарды анықтаймыз. Бұл бойынша түлектерге мағлұмат беріп, мекеме басшыларымен кездесу ұйымдастырамыз. Өз білімгерлерін тұрақты жұмыспен қамту мақсатында Жетісу университеті жаңа бастаманы қолға алды. Бұл бастама бойынша, егер студент өндірістік тәжірибеден өтуге барған мекемеде өзінің білімі мен қабілетін дәлелдеп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік туса, білімгерге соңғы курсты қашықтан оқуға мүмкіндік береміз. Бұл әдіс өз кезегінде, түлекті жұмыспен қамтып қана қоймай, өз кәсібі бойынша тәжірибе жинауына жол ашады, – дейді І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Қуат Баймырзаев.
Алматы облысы