Осы азаматтардың арасынан 7 жолаушыдан коронавирус індеті анықталған. Айта кету керек, тек қазан айының ішінде "Жайсаң" бекеті арқылы Ресей Федерациясынан әрлі-берлі 9 мың адам өткен.
Шетелдерден әуе қатынасы арқылы келгендерден әзірге ауру анықталған жоқ. Дегенмен, дәрігерлер коронавирус індетінің Ресейден келіп-кетіп жатқандардан шыға бастағанына алаңдаушылық білдіреді. Індет жұқтырғандардың көбеюін болдырмау мақсатында қазір өңірде 152 мобильді топ жасақталып, емханалар мен ауруханалар 6 жылжымалы кешенне ие болды.
Ақтөбе қаласы мен аудандық ауруханаларға жаңа рентген қондырғылары орнатылып, 117 өкпені жасанды желдету жабдықтары алынды. Енді тағы да осындай 30 аппарат әкелінбекші.
Қазіргі уақытта облыста 32 мобильді топ күндіз-түні рейдке шығып жүр. Олар осы күнге дейін 1210 заңбұзушылықты анықтап, хаттама толтырды. Мұның ішінде карантин ережелерін бұзған 807 адам әкімшілік жазаға тартылып, оларға 101,2 млн теңге айыппұл салынды.