Аймақтар • 27 Қазан, 2020

Тараз қаласында нан қымбаттаған

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен демалыс күндері Тараз қаласындағы бірқатар дүкендерде нан бағасы 5-10 теңгеге өскен болатын. Бұл шешімді олар жергілікті билікпен келісілмеген күйі қабылдаған. Қазіргі кезде жедел штаб жағдайға жан-жақты зерттеу жүргізуде, - деп жазады Egemen.kz

Тараз қаласында нан қымбаттаған

Аталған мәселеге Жамбыл облысының әкімдігі тарапынан шара қабылданып, Тараздағы ірі сауда орындарында нан қайтадан 85 теңгеден сатыла бастады. Алайда, қала аулаларындағы шағын дүкендердің кейбірінде нан 5-10 теңгеге қымбат сатылуда екен.

Тараз қаласында негізгі 6 наубайхана жұмыс істейді. Оның ішіндегі 5 наубайхана иелері бағаны көтеру туралы шешімге келген. Олар ас атасының қымбаттауын еліміздің солтүстік өңірлерінен келетін ұн бағасының өсімімен түсіндіруде. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев жергілікті тұрғындарды сабырға шақырып, жағдайдың реттелетінін жеткізді.

Оның айтуынша, мониторинг кезінде бірқатар нан өндірушілердің нан бағасын 85 теңгеден 95 теңгегедейін өсіргені анықталған. «Қазір жедел штаб мұның қаншалықты қисынды екенін анықтау мақсатында тексеріс жүргізуде. Жергілікті билікпен ақылдаспай әрекет еткен кәсіпкерлер жауапқы тартылады», деді ол. Тиісті мониторинг жұмыстары монополияға қарсы және салық органдарымен бірлесе жүргізілуде екен. Бұл орайда, Берік Нығмашев нан бағасы бірнеше факторларға байланысты екенін айтты. «Бірақ ең негізгісі ұнның бағасына келіп тіреледі. Ал, қазір ұнның құны 115 теңгеден 130-140 теңгеге дейін өсіп кеткен», деді әкімнің орынбасары. Өткен жылы да осы уақытта нан бағасы өскен болатын. Сондықтан да биыл нан бағасын ұстап тұруға бағытталған алдын алу шаралары қабылданып, наубайханаларға ұн наурыз айынан қазан айына дейін тұрақтандыру қорынан төмен бағамен берілген. Қазір тұрақтандыру қорында 500 тонна ұн бар. Қосымша тағы 2000 тонна ұн алынады. Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар тауарлар, оның ішінде нанның бағасын негізсіз өсіруге жол бермеуді тапсырды. Біз жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қолданатын боламыз. Қажетті ресурстарымыз жеткілікті. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұн сатып алып, нан өндірушілерге төмендетілген бағамен ұсынбақ», дейді Берік Нығмашев. Алайда оның айтуынша, Тараз қаласындағы нан бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда арзан. Сонымен қатар, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының әлеуметтік дүкендерінде нан 55 теңгеден сатылуда.

 

Жамбыл облысы