Коронавирус • 27 Қазан, 2020

Коронавирустан қалай қорғанамыз?

2002 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Эпидемиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты Алматы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі сапасын бақылау Департаментінің карантиндік және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиялық қадағалау бөлімінің басшысы Саят Қауметбаев  жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, сақтық шаралары туралы бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Коронавирустан қалай қорғанамыз?

– Сіз әлемдегі эпидемиялық жағдайды қалай бағалайсыз? Жағдай  қашан тұрақталуы  мүмкін? Вирус мутацияға ұшырай ма әлде адамдар қырағылықты тоқтатты ма?

– Әлемдегі эпидемиялық жағдай тым шиеленісіп тұр. Пандемия қарқын алуда. Бүгінде әлем бойынша коронавирус инфекциясының 43 миллионнан астам жағдайы тіркеліп отыр. Бұл өз кезегінде адамдардың қауіпсіздік мәселесіне салғырт қарауынан да өршіп отырғаны жасырын емес.  Менің ойымша, эпидемиямен күресудің ең қолайлы әдісі – қытайдың тәсілі. Оны Тынық мұхиты және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері басшылыққа алып қолдануда.  Бір тәуліктің ішінде Жапонияда – 620, Малайзияда – 350, Кореяда – 75, ал Қытайда шамамен 30 жағдай тіркелген.  Үндістанда  тәулігіне 70 мыңнан астам адам індеттің ілмегіне ілінуде. Сovid-19 инфекциясы әлем бойынша мүлдем зерттелмегендіктен,  американдық және Еуропалық аймақтарда вирустың мутациясы жоққа шығарылмайды. Бүкіл жаһан ғалымдары осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

– Бүгінде пандемияның екінші толқынына қатысты түрлі болжамдар айтылуда. Кейбір шетелдік сарапшылар екінші толқын ауқымдырақ болады дегенді айтып жүр. Азаматтар індеттің алдын алу және инфекцияның қарқындылығын төмендету үшін қандай қадамдар жасау керек?

– Белгіленген шектеу шараларын бұзбай және жеке сақтық шараларын сақтай отырып, халықты КВИ – ден барынша қорғауға болады. Бетперде тағу,  әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, түрлі отбасылық іс-шаралардан бас тарту аурудан аулақ болудың бірден-бір жолы. Өкінішке орай, карантин талабы сәл бәсеңдегені сол еді, жұрт жаппай той-тойлауға көшті. Бұл әсіресе, егде жастағы азаматтар үшін аса қауіпті екенін ұмытпауымыз керек. Қарттар мен балаларды барынша қорғауға тиіспіз. Ағымдағы эпидемиялық жағдайды ескере келе инфекцияның  өршуіне жол бермеуге және қарқындылығын төмендетуге болады. Біріншіден, бұқаралық іс-шараларға (ас беру, салтанатты отбасылық тойлар, үйлену тойлары, ұзату, мерейтойлар, еске алу, ойын-сауық, кинотеатрлар, көрермендердің қатысуымен спорттық іс-шаралар және т.б.), оның ішінде үйде өткізуге тыйым салу. Өкінішке орай, бұл тыйымдарды бұзу фактілері айыппұлдарға қарамастан жалғасуда. Екіншіден, барлық күндері ойын-сауық орындарының (түнгі клубтар, караоке) және арнайы қоғамдық тамақтану объектілерінің (банкет залдарының, барлардың, фудкорттардың), сондай-ақ жексенбі күндері азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлардың жұмысына тыйым салу. Үшіншіден, нысандардың жұмыс берушілерімен меншік нысанына қарамастан, қызметкерлердің кемінде 50% - ын, бірінші кезекте 50 жастан асқан қызметкерлерді қашықтық форматта қамтамасыз еткен абзал. Алматыда бұл бағытта кешенді шаралар қабылданды. Мектептер мен балабақшалардағы бастауыш сыныптардағы кезекші топтардың жұмысын жалғастыра отырып, білім беру және мектепке дейінгі балалар мекемелерінің жұмысы қашықтықтан  жалғасуда. Көп пәтерлі үйлердің кіреберістері мен балалар алаңдарын профилактикалық дезинфекциялау қайта жаңартылды. Қоғамдық көлікте, қоғамдық тамақтану объектілерінде және демалыс орындарында әлеуметтік қашықтық пен бетперде режімінің сақталуын тексеру жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы қайта жанданды.

– Алматының бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, қалаға келетін барлық халықаралық рейс жолаушыларында ПТР-тексеруден өткені туралы анықтама болуы тиіс. Сондай-ақ, диагностикалық шаралардың бірі жақында COVID-19 үшін ИФТ әдісін зерттеу деп аталады. Диагностиканың осы әдісі туралы толығырақ айтып берсеңіз, ол ПТР-дан несімен ерекшеленеді? Қандай жағдайларда тест жасау ұсынылады?

– Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстанға халықаралық рейстермен келетіндерді азаматтығына қарамастан ПТР-тесттен өткені туралы анықтамасыз  ұшақтарға отырғызуға жібермеу туралы шешім қабылдады. Диагностикалық әдістерге келетін болсақ, ең қолайлы әдіс – ПТР сынақтары, оны жүргізу үшін медицина қызметкерлеріне мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабығынан тампон алу жеткілікті. Коронавирусқа IgG және IgM класты антиденелерді анықтай отырып, COVID-19-ға ИФТ (иммуноферменттік талдау) әдісімен зерттеу анағұрлым күрделі. Бұл ретте қан үлгілері зерттеледі. ИФТ әдісінің негізінде контингенттің немесе халықтың топтарының кең ауқымын зертханалық тексеру қажет болған кезде сигналдық әдіс ретінде пайдаланылатын экспресс-тестілеу де жұмыс істейді.  

– Сипмтомы білінбейтін науқастар туралы айта кетсеңіз. Қала тұрғындары әлі де өздерін осы инфекцияның қауіпті еместігіне сендіруге тырысуда.

– Эпидемиялық тұрғыдан КВИ-ді  симптопмсыз  тасымалдаушылар –   белгілері бар КВИ науқастарына қарағанда қауіпті, өйткені олардың өздері аурудың бар-жоғын білмейді және басқаларға жұқтырып, инфекцияны еріксіз таратады.

– Қазір жаппай вакцина жүріп жатыр. Біз көріп отырғанымыздай, КВИ баланың денесіне қатты зиян тигізбейді-мыс. Оларға екпе салу  керек пе?

– Бүгінгі таңда жұқпалы аурулардың алдын алу үшін халықтың қауіпті топтарын тұмауға қарсы вакциналау жүргізілуде. Бұл, әрине қажет болған соң жасалып жатыр.  КВИ ағымының ауырлығы күрделене түссе  өлім-жітім жағдайлары жоғары  болады. Әр азамат өз жанұясына жауапкершілікпен қарауға тиіс. Себебі инфекция ойнайтын зат емес. Індеттің алғашқы толқыны қаншама жанның өмірін жалмады. Содан сабақ алып, жақындарымызға қорған болуымыз керек.

– Қыс мезгілі жақындап келеді. КВИ-ден басқа қандай қауіпті инфекциялар қауіп төндіруі мүмкін? Әртүрлі инфекцияларды жұқтыру қаупін қалай азайтуға болады?

– Қысқы кезеңде адам ағзасына, атап айтқанда тұмау, ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекциялар), менингит (менингококк, серозды), туберкулез, пневмония, тонзиллит сияқты күзгі-қысқы маусымдылығы бар кең таралған инфекциялар қауіп төндіруі мүмкін. Оларды азайту және алдын-алу үшін сақтық шараларын берік ұстанып, ағзамызды дәрумендермен байытқанымыз жөн. Таза ауада көбірек тыныстап, дене жаттығуларымен айналысқанның артықтығы жоқ.  Бетперде режімі, әлеуметтік алыстау, қолды жуу, ағзаны нығайтатын тағамдарды көбірек тұтынудың маңызы зор.

– Өткен жылы улану немесе дұрыс тамақтанбау оқиғалары көп болғаны туралы айтылған. Ағымдағы жылы жағдай қандай? Улану қаупіне қандай  тамақ өнімдерінен қолдану жатады?

– Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ағымдағы жылы тамақтан улану  жағдайы төмендегенін байқаймыз. Бұл КВИ-ге қарсы шектеу шараларымен-қоғамдық тамақтану мен үй жағдайында жаппай отбасылық іс-шаралар (той, үйлену тойы, ұзату, еске алу және т.б.) өткізуге тыйым салумен, сондай-ақ халықтың басым көпшілігінің жеке қауіпсіздік ережелерін сақтауымен байланысты. Қолды сабынмен, антисептиктермен жиі жуу көп қиындықтың алдын алады. Улану  негізінен үйде дайындалған консервілерге, сондай-ақ гигиена мен қол жуудың қарапайым ережелерін елемеуден туындап жатады.