Шараның мақсаты – қазіргі заманғы суретшілердің шығармашылығындағы тарихи сюжеттер мен Шығыс колоритінің сабақтастығын көрсету.
Көрменің ашылу салтанатында Ұлттық музей директоры А.Мұхамедиұлы, Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Е.Шаймардан, «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Р.Абдусаламов сөз сөйлеп, қылқалам шеберінің отандық бейнелеу өнерін дамытудағы қосқан үлесін атап өтті.
А.Ахат 1974 жылы Алматы қаласындағы Қазақ педагогикалық институтының Көркемсурет-графика факультетін бітірген. 1995 жылы Ташкент қаласындағы «Азия арт» көрмесінде алтын медальға ие болды. «Ильхам» премиясының лауреаты, «Мәдениет саласының үздігі», Гиннесс рекордының иегері, сонымен қатар Лондондағы аукцион көрмесінің қатысушысы.
Суретшінің жұмыстары Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде, Мәскеудегі мемлекеттік шығыс өнер мұражайында, «Ақ Орда» резиден-
циясында және Германия, Италия, Түркия, АҚШ, Қытай елдерінің жеке жинақтарында сақтаулы.
Ол – табиғатынан шығысқа жақын өнер иесі. Тамғалы тастың сюжеттерін өзінің барлық шығармашылық жұмыстарында қолданады. Бұдан басқа, тарихи әдебиет оның шабыт көзі болып қала бермек. Оған дәлел, көрмедегі жартастағы суреттер. Бұған қоса қатысушыларға көркем және графикалық туындыларды да ұсынды. Оның шығармаларында жеке түс схемасы ерекше. Көрмедегі 100-ден аса туындыдан соны байқадық.
Суретшінің өнер саласындағы көптеген қызығушылықтарының ішіндегі ең тұрақтысы – петроглифтер, жартастағы суреттер, мифтік санамен өмір сүрген қола дәуіріндегі аты белгісіз суретшілердің символикалық іс-әрекеттерінің іздері. Ол өзінің туындыларына осы белгілерді жиі қосады.
Тағы бір қайталанатын сюжет – Шығыс Түркістан қалалары. Атап айтсақ, балшық үйлер, есіктердің тар саңылаулары бар қабырғалар, қаңырап қалған көшелер. Осылайша шығармалары арқылы экзестенциалды жалғыздықты білдіреді.
Айта кетейік, бұған дейін автордың жеке көрмелері Мәскеу, Анкара, Генуя, Алматы, Үрімші қалаларында өткен.