Асылдың тұяқтары
Ақшаловтардың туған жері – бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданындағы Мыңбұлақ ауылы. Әкесі Төлеген Кеңес заманында совхоздың машинасын жүргізген қарапайым шаруа адамы әрі ағайынға қайырымды, ақ-адал жандардың сойынан болса, анасы Ғалиба ауылдық кеңестің хат-шотын реттейтін маман болған.
Әулетті сталиндік сүргін қатты шайқапты. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкін тәркілеу науқаны кезінде шолақ белсенділер Ақшалдың туған ағасы Байжанның дүниесін тартып алып, өзін оңтүстікке жер аударып жіберген. Ақшалдың Нұғман деген баласы қалған ағайындарын шұбыртып, аштық жылдары Аягөз жеріне ауып келген. Сөйтіп, Мыңбұлақ маңындағы тау-тасқа тарай тығылып, жан сауғалаған. Нұғманның Нұрсұлтан дейтін баласынан Төлеген туады. Ал Төлегеннің балалары біздің кейіпкерлеріміз – Мерей мен Мейірім. Жоғарыда жер аударылған Байжаннан қазақ журналистикасының қара жорғасы Сапар Байжанов тарайды.
Қалиевтің қамқорлығы
Мерей Төлегенұлы 1995 жылы қоңыр сөмкесін арқалап, алғаш рет Мыңбұлақта мектеп табалдырығын аттайды. Бұл бір жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзіліп тұрған шағы-тын. Елді жабайы нарықтың жал-жал толқыны ағаштың ақ жаңқасындай алай-бұлай үйіріп, жан-жаққа шашып жатқан. Мерей екінші сыныпқа көшкен жылы Ақшаловтар отбасы Теміртау қаласында тұратын Нұрсұлтан аталарының інісі Нұрисламды қара тартып, көшіп келеді. Жаңа орта, жат тыныс. Қала тірлігі бала Мерейді былай қойып, отағасы Төлеген мен отанасы Ғалибаға да оңай тиген жоқ.
Бір жылдан соң ағасы Нұрисламға рахметін айтап, өздері үйренген Семейге атбасын бұрады. Қаладағы №21 орта мектепте оқуын жалғастырған Мерей бесінші сыныпқа көшкен жылы, нақтырақ айтқанда, 1999 жылдың 2 қыркүйегінде мектеп ішінде бокс үйірмесін жүргізетін Құрман Қалиев дейтін ағасына барып, «мені де боксқа үйретіңізші?» деп қолқа салады. «Салмағың қанша?». «Білмеймін».
Құрман Қалиев негізі мектепте мұғалім емес. «Ромат» атты дәрі-дәрмек сататын компания қызметкері. Тек өзінің ынта-ықыласы бойынша спортқа бейім жас балаларды аптасына үш рет келіп бокс өнеріне тәрбиелейді. Онысына бір тиын пұл алмайды. Халықаралық тілмен айтқанда, волонтер. Қазақша айтқанда, істеген еңбегі үшін ақы алмайтын құдайға қараған адам.
Осы Құрман ағасы боз талдың жапырағындай қиылып тұрған кішкентай ұлға қарап бір күліп алды да, «келе ғой» дегені. Мерей осылай бокс қолғабын киген. Кигені былай тұрсын, қолғабы өзінің басынан үлкен. Содан ал кеп бокстас. Құрман, әсілі, атақты бапкер немесе даңқы шыққан боксшы болмаса да, бокс спортының алғашқы әліппесін жақсы білетін адам. Әйтпесе құр жұдырықтасудан ештеңе шықпайды. Шын мәнінде, Мерейдің бағын ашып, үлкен спортқа тұсауын кесіп аттандырған тұлға осы – Құрман ағасы.
Бір бойына көп қасиет тоғысқан бала
Содан 1999 жыл аяқталып, жаңа ғасырдың басы – 2000 жылдың қаңтар айында жасөспірімдер арасында Семей қалалық біріншілігі басталады. 34 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мерей чемпион. Қолында табақтай диплом, мойнында жарқыраған алтын медаль үйге кіріп келген ағасына мейірлене қараған жеті жасар інісі Мейірім «ойбай, мен де боксшы болайын» демесі бар ма? Ата-анасы жеткіншектің қылығына күлген де қойған. Қайдан білсін, арада алты жыл өткенде Мерейдің ізін басқан Мейірім менмұндалап атой салып, алаштың әлеуетті боксшысына айналарын...
Ай санап емес, күн санап өсетін ертегідегі Алпамыстай бокс өнерін тез үйренген Мерейге ұстазы Құрман: «Мерейжан, сенен болашақта талантты боксшы шығады, менің жеткізген жерім осы, әрі қарай өзіңді ұштауға оқу-тоқуым жетпейді...», деп қолынан жектеп Астана қаласындағы Қажымұқан атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа алып келеді. Бұл 2002 жылдың күзі болатын. Осы жолдардың авторы сол кезде Қажымұқан мектебінде әдіскер-идеолог болып жұмыс істейтін. Міндетім: оқу ісі жөніндегі орынбасармен бірге оқушылардың сабақ үлгерімін қадағалау және тәрбиелік мәні зор кездесулер ұйымдастыру. Айтайын дегенім, Мерейдің мектеп-интернатқа келген кезінің куәсімін және оқу үлгерімі жазылған табельдерін қарасам, бір төрт жоқ, кілең бес. «Япырмай, мына бала спорт қумай, ғылым қуса жарар еді, мұнда келіп не спорт, не оқу жоқ, жарты жолда қалар ма екен», дедім іштей.
Мерейдің тағдыры біз ойлағандай болмады. Сабағын да беске оқыды, спорттан да алға шықты. Фотосы құрмет тақтасының басында тұрды. Бір күні мектеп-интернат басшысы Қыдырбек Рысбекұлынан «осында оқып жатқан 240 баланың ішінен кімнен үлкен үміт күтесіз?» деп сұрадым. Қыдырбек еш ойланбастан «Мерей Ақшаловтан» деп кесіп айтты. «Неліктен?» дедім. «Оның бір бойына: адалдық, иман, білім, ақыл, кішіпейілдік, табандылық қасиеттер тоғысқан бала», деді.
Сонымен 2002 жылдың күзінде мектеп-интернатқа келген Мерей, 2006 жылы мен басқа жұмысқа ауысып жатқанда, Мароккода өткен кадеттер арасындағы біріншіліктен әлем чемпионы атанып келді. 2008 жылы Астанада өткен Президент кубогының финалында кішігірім сенсация жасап, Афины Олимпиадасының қола жүлдегері Серік Елеуовтен басым түсті де, Бейжің Олимпиадасына жолдама алды.
Осылай қанаты қатайған бозбала 2010 жылы АҚШ-та өткен әскерилер арасында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Одан соң екі-үш жыл «Астана арландары» сапында өнер көрсетіп, 2012 жылғы Қазақстан біріншілігінде 64 кило салмақта ел чемпионы атанды. Келесі 2013 жылы Амман қаласында өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Осы екпінмен 2013 жылы Алматы қаласында өткен Әлем чемпионатының финалында кубалық тарлан Ясниэля Толедоны ұтып, алтын тұғырға көтерілді. Келесі жылы спортты доғарды. Қазір Нұр-Сұлтан қалалық Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебін басқарып отыр.
Мерей – менің кумирім
Жоғарыда жылт еткізіп айттық, Мерей ағасының алғашқы жеңісін көріп, көңіліне шуақ ұялаған Мейірім Төлегенұлы Нұрсұлтанов бокс қолғабын киюге асығады. Алты жасынан бастап өзі оқыған Семейдегі №21 орта мектепте Азамат Сайын ағасының қол астында жаттыға бастайды. Мерейдің айтуына қарағанда, Мейірім боксшы болады деген ой ешкімде болмапты. Өскенге дейін «боксты ермек қыла тұрсын» деген мақсатпен ойын баласын үйірмеге жіберіп қойып, әркім өз жайында жүріп жатқан.
Бірақ Мейірімде боксқа деген икем барын алдымен ағасы Мерей байқайды да, 2006 жылы өзі оқып жүрген Қажымұқан атындағы мектеп-интернатқа алып келеді. Мерейдің өз сөзімен айтсақ, «Мейірімді мектеп-интернатқа боксшы болсын деп емес, өмірдің ащы-тұщысын үйренсін, ата-анадан алыс жүріп, өз бетімен жан бағуға әдеттенсін» деген ниетпен әкелген. Қызық болғанда, Мейірім «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын Мерейден бұрын қорғады. 2010 жылы Тегеранда (Иранда) бокстан жастар арасында ХІХ Азия чемпионаты өтетін болып, оған федерация екінші құрамды атандырады. Осы топтың ішіне бапкерлер «тәжірбе жинап қайтсын» деген ниетпен жас боксшы Мейірімді де қосып жібереді.
Азия біріншілігінде 64 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мейірім Нұрсұлтанов әуелі моңғолдың гүрзі жұдырықты боксшысы Батжаргал Батдорижиды 9:0 есебімен есінен тандыра сабайды. Ширек финалда тайландтық Сомсак Купхоккрудты соққының астына алады. Төрешілер екінші раундта жекпе-жекті тоқтатып, таяқ жеген тай боксшысын Мейірімнің жойқын шабуылынан әрең арашалапты. Ал жартылай финалда үндістандық Харпал Сингхті 10:1 есеп айырмасымен жеңіп, шешуші шайқаста өзбек Акрам Мамаджановты жеңеді. Есеп – 4:2. Сөйтіп, Мейірім Төлегенұлы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріледі. Осы жарыста жастар құрамасы жеті жүлдеге ие болып (төрт алтын, бір күміс, екі қола) жалпыкомандалық есепте бірінші орынды еншілеп, Сары құрлықтың бокс тарихына жаңа жол салғаны бар.
Мейірім Нұрсұлтанов 2016 жылдан бастап АҚШ-та кәсіпқой бокспен айналысып жүр. Нәтижесі жаман емес. Бүгінге дейін 14 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. WBC тұжырымы бойынша АҚШ (USNBC) титулы және IBF тұжырымы бойынша Солтүстік Америка чемпионы деген атағы бар. Өткен жылдың басында Мейірім Төлегенұлы (13-0, 8 КО) әлемдік рейтингте 8-орынға жайғасты.
Америкалық WorldBoxingNews сайтының редакторы Фил Джей Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында: «Қазақстан боксшысы Нұрсұлтанов өте жылдам жетіліп келе жатыр. Бұл – Эгис Климастың болашағы зор активі. Ол барлық раундта сенімді жұдырықтасады. Үлкен сындарға дайын жігіт. Көп өтпей бұл азамат үлкен биіктерді бағындырады деген сенімдемін», деген екен. Демек, аман жүрсе бұл баланың болашағы әлі алда деп білеміз.
* * *
Бұл қатарға аталас-ағайынды Сәпиевтерді де қосуға болады. Үлкені – Бақтай Сәпиев бокстан 1972 жылы «Достық» ойындарының жеңімпазы, 1974 жылы КСРО чемпионатынан қола, 1976 жылы күміс жүлдегері атанса, аталас інісі Серік Сәпиев – әуесқой бокстан Олимпиада чемпионы (2012), Баркер кубогының иегері (2012), әлемнің екі дүркін чемпионы (2005, 2007) және күміс (2011), қола (2009) медальдарының иегері атанған айырықша спортшы.
Одан кейін ағайынды Елеусіновтер бар. Үлкені – Дәурен Елеусінов 2006 жылы студенттер арасында әлем чемпионы. 2009 жылы Азия біріншілігінде қола жүлдегер, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болса, інісі – Данияр Елеусінов Олимпиада (Рио, 2016) һәм әлем чемпионы (2013), Азия ойындары (2010, 2014) мен Азия құрлығы (2013, 2015) жарыстарында қос-қостан алтын бұйырған талантты боксшы. Бұл ағайындылар қазір АҚШ-та кәсіпқой бокс майданында өнер көрсетіп жүр.