Қамқорлық демекші, биылғы бірінші жартыжылдықта Қаракөл көлін «Ең алдымен суда жүзетiн құстардың тiршiлiк ету орны ретiнде халықаралық мәнi бар сулы-батпақты алқаптар туралы» конвенция (Рамсар конвенциясы) тізіміне номинациялау бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне ұсыныс берілген болатын. Ұсыныс иелері «ендігі қадам уәкілетті орган тарапынан болуы тиіс» деп министрлік жаққа үмітпен құлақ түре жүріп жылды аяқтауға жақындады.
Ал көлдегі тіршілік иелерін, көл маңының тазалығын сақтау да үлкен жұмыс пен күшті талап етеді. Осы бағытта Ақтауда «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында «Қаракөл көлі» сулы-батпақты алқабының сақшылары» еріктілер экопатруль жасағы жұмыс жүргізуді бастады.
Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қаумалының бөлігі Қаракөл көлі мәселелері туралы Орталық Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіруші комитетінің мүшесі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің амбассадоры Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, қыркүйек айында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен Ақтау қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен «Білім-Инновация» облыстық лицей-интернатының оқушыларымен, Маңғыстау туризм колледжі және Ш.Есенов университетінің студенттерімен, сонымен қатар Қазақстан биолауантүрлілікті сақтау ассоциациясының «Жасыл әлем» Ақтау клубының мүшелерімен онлайн кездесулер өткізілді.
Экопатруль жасағы Қаракөлге Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторларымен бірге рейдтерге шығып, санитарлық тазалық пен халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізді. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС тарапынан техникалық қолдау көрсетіліп, еріктілер күшімен жиналған 2,5 текше метр қоқыс қалалық тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына орналастырылды.
Бір қызығы, алдын ала тиісті хат жолданғанына қарамастан, үш рейд кезінде де Үстірт қорығы инспекторларынан басқа табиғатты қорғау құрылымдарынан ешкім қатыспаған. Өкінішке қарай, қорық инспекторлары қаумал режімінің бұзылғаны үшін бұзушыларға қатысты қаулы шығаруға құқылы емес, яғни олардың рөлі «арнайы киінген байқаушылар» ретінде ғана екен. Дегенмен, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіндегі 378-баптың 2-бөлігі бойынша қаумал режімін бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының лауазымды тұлғалары тартуға құқылы.
Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен кейбір сайттарда Қаракөл көліне қонған қоқиқаздарды дронмен қуалап жүріп түсірілген бейнероликтар жарияланып жүр. Яғни ерекше қорғалатын табиғи аумаққа уәкілетті органның рұқсатынсыз барып, «Қызыл кітапқа» енген құстардың мазасын алу фактілері орын алуда. Ал Үстірт қорығы мен аумақтық инспекция тараптарынан айқын заңбұзушылықтардың алдын алу немесе бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін құзырлы органдар ретінде шара қолданылмауда.
Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне аумақтық инспекция инспекторлары Үстірт қорығының инспекторларымен және «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясы Биоресурстарды қорғау бойынша қоғамдық инспекция өкілдерімен бірлесіп, жыл сайын қыркүйек айынан бастап мамыр айының аяғына дейін демалыс және мейрам күндері Қаракөл көліне рейдтерге шығып тұруы керектігі жөнінде ұсыныс берді. Сонымен қатар бірқатар үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарға, ықтимал демеуші компанияларға «Қаракөл көлі» сулы-батпақты ағарту орталығын құрудың тұжырымдамасын дайындау бойынша ұсыныс беру де назардан тыс қалған жоқ. Осы орталық ашылған жағдайда қала тұрғындары мен қонақтары, оқушылар мен студенттер, отандық және шетелдік туристер үшін Қаракөлде мекендейтін 175 түрлі құсты, оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген сыбырлақ және кіші аққу, қоқиқаз, қызғылт және бұйра бірқазан, қарабай сияқты 22 түрді тамашалауға жақсы мүмкіндіктер пайда болмақ.
Маңғыстауда табиғат жанашырларына өз мүмкіндіктеріне сай қолдау көрсетіп жүрген ұйымдар жоқ емес. «Экожер» республикалық ассоциациясының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесі «Қаракөл сақшылары» еріктілер экопатруль жасағының қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтса, базасында «Жасыл әлем» ҚБСА клубы орналасқан Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі Қаракөлді зерттеуге және сақтауға тұрақты үлес қосып келеді. Мектеп ашылған 2015 жылдан бері оқушылар Қаракөлдегі құстар санағына, зертханалық зерттеулер үшін судың, топырақтың және ауаның сынамаларын алуға, санитарлық тазартуға жүйелі түрде қатысады.
«Қаракөл сақшылары» экопатруль жасағы сулы-батпақты алқапты қорғау бойынша өз жұмысын жалғастыра отырып, мемлекеттік органдарды және басқа да мүдделі тараптарды тығыз әрекеттестікке шақырады. Әлем жұртшылығы 2021 жылдың 2 ақпанында атап өтетін Рамсар конвенциясының жартыжылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан – сулы-батпақты алқаптар мен оны мекендеушілерге қамқорлықпен қарайтын ел» деген пікір қалыптасқанын қалар едік», деді Ә.Қозыбақов.
Табиғат та, оны қорғау да жекенің ісі емес. Сондықтан қоршаған ортаны қорғауға қатысты әрбір мәселе маңызды және дер кезінде назар аударып, күттірмей шешім шығаруды қажет етеді. Қаракөлді қорғаймын деп жүрген және жас буынды қоршаған ортаны аялай білуге баулып жүрген Маңғыстаудағы табиғат жанашырларының жұмысы – бүгін де, болашақ үшін де мәнді, өміршең. Алайда «Шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей, Ақтау қаласынан қашық емес Қаракөлдің мәселесі талай жылдарға жүк болғанда, өзге аймақтар туралы айтудың өзі артық. Табиғат қорғау мәселесінде сылбырлық неге басым?
Маңғыстау облысы