Қоғам • 28 Қазан, 2020

Су айдындары суға зәру

625 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Дегенмен, табиғаты қолайлы, суы мол аймақта бұл үрдіс біртіндеп болса да қолға алынуда. Ақ амур, форель және балықтың өзге де түрлерін өсіру науқаны басталуда. Бүгінде өңір бойынша балық шаруашылығын дамытуға арналған 121 жергілікті маңызы бар су айдыны бар екен. Сондай-ақ аймақта республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 алқабы орналасқан. Қазіргі кезде жергілікті маңызы бар су айдынындағы 83 айдын аталған кәсіппен айналысуға ниетті 74 табиғат пайдаланушыға бекітіліп беріліпті. Ал қалған 38 балық шаруашылығына арналған су айдыны әзірге бос тұр.

Су айдындары суға зәру

 

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Балтаев ағымдағы жылдың тамыз айында резервтік қордағы 13 балық шаруашылығына өңірдегі су айдындарын бекітіп беру туралы конкурстың өткізілгенін айтты. Аталған конкурсқа 18 кәсіпкерден 20 конкурстық өтінім түсіп, нәтижесінде 5 кәсіпкерге 5 балық шаруашылығы су айдыны бекітіліп берілген. Алдағы уақытта қалған су айдындарына тағы да конкурс жарияланады.

Жалпы, өңірдегі балық шаруашылығы су айдындарына биыл 15 ақпаннан бас­тап, 1 шілдеге дейін балық аулау лимиті 673,3 тоннаны құраған. Бүгінге 666 тонна балық ауланған. Нәтижесінде табиғат пайдаланушылардан жергілікті бюджетке 11 млн 943 мың теңге түскен. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 1 шілдесінен келесі жылдың 1 шілдесіне дейін облыс аумағындағы балық шаруашылығы су айдындарына балық аулау лимиті 1 150,7 тоннаны құрап отыр. Алайда облыстағы балық шаруашылығын дамыту мақсатында жүздеген су айдыны болғанымен, оны тіршілік нәрімен қамтамасыз етуде кедергілер бар. Аталған басқарма облыстағы барлық су айдынының сумен қамтамасыз етілу деңгейін зерделеген. Нәтижесінде, облыстағы бар 121 су айдынының тек 17 су айдынында ғана су деңгейінің тұрақты екендігі анықталған.

«Біз өңірдегі балық шаруашылығы су айдындарын сумен тұрақты түрде қамтамасыз етпесек, келешекте балық шаруашылығын дамыту қиынға соғады. Оның үстіне, табиғи су қоймаларында өсірілген балық аулау квотасын көтеру де қиындық туғызады», дейді Руслан Балтаев.

Бүгінде аталған басқарма тарапынан жеке тоғанда интенсивті балық өсіру шаруашылығын дамыту тәжірибесі қолға алынған. Мұнда кәсіпкерлер өзінің жеріне тоған салып, балық өсіреді. Бір жақсысы, жем, шабақ, аналық балық сатып алу, құрал-жабдық сатып алу сияқты қажеттіліктер мемлекет тарапынан субсидияланады әрі тоғанды олардан алып қою қаупі болмайды. Қазіргі таңда өңірде балықтандыру жұмыстары да жүргізілуде. Мәселен, Тараз қаласының іргесіндегі Байзақ ауданында орналасқан «Дәуітбай» балық шаруашылығы су айдынына 2 мың дана тұқы тұқымдас шабақтар жіберілген. Бұл шабақтар облыс аумағындағы «Сан­дель» шаруа қожалығының балық өсіру тәлімбағынан алынды. Сол сияқты, Жам­был ауданында орналасқан «Кіші Ақ­көл» балық шаруашылығы су айдыны «Хе Виктор» жеке кәсіпкерлігіне бекітіліп берілген. Кезекті балықтандыру жұмыстары кезінде айдынға 8500 да­на шабақ жіберілген. Енді аталған кәсіп­керлік шабақтың тұқы тұқымдас, ақ амур, дөңмаңдай секілді түрлерін өсіруге ниет­ті. Суға жіберілген шабақтар Қордай ауданындағы «Каскад шөміш» балық ша­руашылығы су айдынынан алынған.

Сонымен қатар Жамбыл облысында тауарлы балық өсіру кәсібін өрістету жолға қойылуда. Өңірдегі өзендердің жағасынан балық шаруашылығын жүргізуге қолайлы жерлерді анықтау мақсатында арнайы топ та құрылған. Жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізіп, облыстың Қордай, Шу және Мойынқұм аудандары арқылы өтетін Шу өзенінің арнасынан және Жамбыл мен Байзақ аудандары арқылы өтетін Талас өзенінің арнасынан тоған жасауға жарамды 24 жер телімін анықтаған. Қордай, Шу және Мойынқұм аудандарындағы Шу өзенінің бойында барлығы 119 гектарды құрайтын 13 жер телімі анықталып отыр. Мамандардың айтуынша, егер аталған алқаптарда балық өсіру тоғаны жасалса, онда өңірде 238 тонна тауарлы балық өсіруге мүмкіндік туады. Ал Жамбыл және Байзақ аудандарындағы Талас өзенінің бойынан 16,6 гектар аумақты құрайтын 11 жер телімі алынып, ол жерде 24,8 тоннаны құрайтын тауарлы балық өсіруге болады. Дегенмен, Шу өзенінің төменгі сағасында орналасқан Сарысу ауданына бұл өзеннің суы бармайды. Әсіресе, Қамқалы ауылдық округінің тұрғындары осы күнге дейін «Қамқалы» көлінен балық аулап келген болса, бүгінде бұл да жоқ. Себебі, Шу өзенінің суы Мойынқұм және Шу аудандарының аумағынан бері аспайды. Әйтпесе, кезінде аталған ауылдың тұрғындары да балық шаруашылығымен айналысқан.

Бүгінде Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамыту маңызды. Бұл үшін аталған шаруашылыққа қолайлы су деңгейін көтеру, айдындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етудегі кедергілерді жою және тағы да басқа мәселелерді реттеу керек. Төменгі Шу бойындағы Сарысу ауданындағы жағдай да көпшілік үшін өзекті. Дегенмен, өңірде аталған кәсіпті жолға қою мақсатында «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарының тау бөктерлеріндегі 22 тау өзеніне және 36 балық шаруашылығы су айдынына ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Егер бүгінде жүргізіліп жатқан күзгі балықтандыру, жалпы, өңірде балық өсіру жұмыстары өз жүйесін тапса, алдағы уақытта Жамбыл облысының балық шаруашылығымен де аты шығуы мүмкін.

 

Жамбыл облысы