Аймақтар • 28 Қазан, 2020

Қыдыратын кезең емес (Алматының эпидемиялық ахуалы тағы да тұрақсыз)

186 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Егер оқырман есінде болса, індет елге кірген күндерде «Алматыда коронавируспен ауырғандар саны 8-ге жетті» деген де ақпарат таратқан екенбіз. Ақиқатында, сол аттандауға ұқсас алаңдаулы хабардың соңы қандай қайғылы жағдайға ұласқанын көзіміз көрсе де, есімізді жия сала, қайта сайран салуға көштік. Тұрғындар ол кезде де жағдайымыз қазіргіден көш ілгері болғанын түсінер емес. Өйткені нендей жағдай болса да алдымыз жаз еді. Енді қылышын сүйретіп қыс келеді.

Қыдыратын кезең емес (Алматының эпидемиялық ахуалы тағы да тұрақсыз)

 

Дәл осы күндері талай құ­да­лық, үйлену тойлары тап ортасынан тоқтатылып, таратылса да талайларға сабақ болар емес. Алматы билігі де жиын-тойларын тыя алмай отырған жауапсыз адамдармен алысудай алысып-ақ жатыр. Қысқасы, қаланың коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиялық жағдайы тұрақсыз. Аурудың біртіндеп өсуі тіркелуде – айдың басында күніне 3-5 жағдай тіркелсе, бүгінде КВИ жұқтырғаны анықталғандар саны күніне 15-20-ға дейін өсіп отыр. Тәуліктік өсім 0,1%-ды құрады, репродуктивтік саны R, яғни инфекцияның таралу индексі – 1,88 (R мәнін түсіндіру: R>1– індет өсуде, R=1 – індет бұрынғы деңгейде қалып отыр, R<1 – індет төмендеуде).

Алматыда эпидемиялық ахуал шиеленісе түскендіктен қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дә­рі­гері Жандарбек Бекшин қала тұрғындарына үндеу жолдауға мәжбүр болды. Мысалы, 23 қа­зан­да өткен кезекті брифингте Ж.Бекшин: «Соңғы тәулікте COVID-19-дың 44 жағдайы және анық­талмаған пневмонияның 5 жағ­дайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0,3%, жұқтыру коэффициенті – 1,37 құрады. Осы аптада КВИ ауруының деңгейі бірінші аптаның деңгейінен 9 есе асып түсті. Қаладағы жағдай шиеленісе түсуде және індет жұқтыру өсіп келе жатқаны байқалуда», деген болатын. Бас санитар атап өткен­дей, қалада індетке шалды­ғу­дың көбеюіне көпшілік шаралар – бірінші кезекте үйлену тойлары септесіп отыр. Яғни науқастарды 38%-ы індетті жиын-тойлардан жұқтырып отыр. Сондықтан қомақты айыппұл төлесе де айылын жимаған нысандарда тәртіп бұзушылықтар қайталанған жағдайда, олар сот тәртібімен жабылады.

«Алматыда індет жұқтыру оқиғалары өсуінің екінші себебі – қоғамдық көлік, онда бетперде режімі жиі бұзылады, қолғап пайдаланылмайды. Сондықтан бетперде мен қолғап кию ре­жі­мін қатаң сақтауды талап ете­міз», деді қаланың Бас санитар дәрігері.

Үшінші себеп – ұйымдарда коронавирус инфекциясының көп тіркелуі. Қызметкерлердің көп жиналуын төмендету және жұмыста да, жұмысқа ба­рар жолда да байланысты шек­теу үшін Тауарлар мен көр­се­­тілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тіршілік әрекетін қам­тамасыз ету объектілерін қос­пағанда, қызметкерлердің кемінде 30%-ын қашықтан жұ­мыс режіміне көшіруді талап ете­ді.

Төртіншіден, аурудың өсуі­нің себебі – отбасында қайта жұқ­тыру. Ересектер, әсіресе жастар, түнгі клубтар мен тамақтану орын­дарына барғанда, инфекция­ны қарт отбасы мүшелері, ата-ана­лары, аға-інілері бар отба­сы­лар­ға әкеледі.

Мәселен, Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері 8 қазаннан бері әуе бортынан індет әкелген 33 жолаушы түсірілгенін мәлімдеді. Көбінесе Шарм-эль-Шейх курортынан келгендер ауру тасып отыр. Яғни, Мысырдан келген 14 адамнан, Түркиядан келген 8 адамнан, Біріккен Араб Әмірлігінен ұшып келген 6 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Олар­дың бар­лығы инфекциялық ста­цио­­нарларға жатқызылды. Сон­­дық­тан Алматының Бас сани­тарлық дәрігері қала тұр­ғын­да­рын са­пар­ларын тоқтатып, шетелге бармай тұра тұруды өтіне келе: «Өздеріңіз көріп отыр­ған­­­дай, әлемдегі ахуал күр­де­­ле­ніп келеді. Осыған бай­ла­ныс­ты шет мемлекеттерге саяхаттау­ды уа­қытша доғара тұ­­руды ұсы­на­­мыз. Елімізде де ке­ремет демалыс орындары бар. Біздегі көр­сет­кіш төмен бол­ған­дық­тан ауру жұқ­ты­ру қаупі де төмен болады», деді.

Бұл оқиғалардың барлығы да арқаны кеңге салып, бейғам болмауға шақыратыны белгілі. Сондықтан да Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дә­рі­герінің соңғы 26 қазанда №64 қаулысы шықты. Мұнда барлық тиісті мекемелердің міндеті анық көрсетіліп отыр.

Аудан әкімдіктерінің жанында 26 мониторингтік топ жұмыс істейді, олар күн сайын ұйымдарға, нысандарға эпи­де­мияға қарсы іс-шараларды орындау үшін рейдтер жүргізеді. Содан бері мониторингтік топ­тар­дың жұмысы 1 860 нысанды қамтыды, оның ішінде 439 нысанда карантиндік, оның ішінде маскалық режімді бұзушылықтар анықталды.

Жеке тұлғаларға қатысты бет­­перде режімін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша сомасы 4 708 710 теңге болатын әкімшілік құқықбұзушылық туралы 113 хаттама толтырылды. Бірақ осы­­ған қарамастан, қызметіне уа­­қыт­ша тыйым салынған нысан­­дарда (түнгі клубтар, карао­ке, букмекерлік кеңселер, компью­тер­лік клубтар, бильярд клубтары) салтанатты отбасылық іс-шара­лар анықталып жатыр. Тәр­тіпке бағынбаған дәмхана, мей­рамхана иелері аз айыппұл төле­месе де, айылын жимай отыр­­ға­ны өкінтеді. Мәселен, Ме­деу ауданында мони­то­ринг­тік топ түнгі сағат 23.00-де рейд жүргізгенде 200-250 адам жи­­нал­ған «Nebo bar gallery & terrace» пабы жұмыс істеп тұр­ған, «Black hall Bar» пабында 400 адам, «Bla Bla Bar» барында 100 адам, Түрксіб ауданындағы «Эрмитаж» дәмханасында 100 адамға арналған үйлену тойы, «Золотой Кувшин» дәмха­на­сында 20 адам жиналған отба­сы­лық іс-шара, Наурызбай ауда­нын­дағы «Алтын» мейрамханасында 100 адам жи­нал­ған қыз ұзату, «Tengri» дәм­ха­насында 100 адам жиналған мерейтой өткізілген. Барлық нысандарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қонақтарды таратып, нысанды жапты. Осы күндері Алматы қалалық Полиция депар­та­мен­ті­нің аудандық полиция бас­­қа­рмасы шектеу шараларын бұзу фактісі бойынша аумақтық денсаулық сақтау нысандарына 117 материал жіберді. Өз ке­зе­гін­де қаладағы Тұрғын үй сая­са­ты басқармасы көппәтерлі үй­лердің кіреберістері мен балалар алаңдарына аптасына 1 рет про­филактикалық дезинфекция жүр­гізеді.

Қысқасы, бұл – қыдыратын ке­зең емес.

 

АЛМАТЫ