Отырысқа саяси партиялар, Ішкі істер министрлігі, «Азаматтарға арналған үкімет», Сыртқы істер министрлігі, бейнеконференция арқылы аумақтық сайлау комиссиялары мен облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдері аппараттарының басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров сайлаушылар тізімін жасақтаудың ретін түсіндірді.
«Сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру процесін енді аумақтық сайлау комиссиялары бақылайды, олар әкімдіктер ұсынатын тізімдердің «Жеке тұлғалар» деректер қорымен сәйкестігін анықтап, жергілікті атқарушы органдармен пысықтайды. 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне 11 820 318 азамат енген. Сайлаушылар тізімін деректер қорының негізінде қалыптастыру осыған дейінгі кейбір кемшілікті жояды. Бұрындары бір азамат өңірлік бірнеше тізімде көрсетіліп, соңында ешқайсысында болмай шығатын еді», деді К.Петров.
Белгілі болғандай, сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды. Оған республиканың сайлау құқығы бар 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, бас бостандығынан айыру орындарында отырмаған азаматтары енгізіледі. Нақты бір сайлау учаскесінде тіркелу үшін азамат сол сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркеуде болуы керек. Ал уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізіміне жергілікті атқарушы органдарға өтініш арқылы ене алады. Тіркелмеген күннің өзінде 10 желтоқсанға дейін дауыс беру учаскесін таңдауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ азаматтардың тіркелген жері бойынша сайлауға келе алмайтыны белгілі болса, өтініш жазып, басқа учаскеге ауыса алады. Бұл ретте жергілікті атқарушы орган азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығарып, дауыс беретін учаскенің тізіміне өздері енгізеді.
Әкімдер сайлаушылар тізімін дауыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын, яғни 20 желтоқсаннан кешіктірмей акт бойынша учаскелік сайлау комиссиясына электронды түрде және қағазға шығарып, ал аумақтық комиссияға электронды нұсқада ұсынуы керек.
Әрбір азамат тізімдегі өзі туралы деректерді тексеруге, тізімге енгізілмегені немесе шығарылып тасталғаны туралы, одан бөлек деректерде жіберілген дәлсіздіктер туралы шағым жасауға құқылы.
Республика бойынша азаматтардың уақытша мекенжайы бойынша құрылған 558 учаске бар. Мұндай учаскелер бойынша сайлаушылар тізімі дауыс беруге 5 күн қалғанда жасалып, 1 күн қалғанда нақтылануға тиіс. Бұл сайлау учаскелері демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жерлерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерінде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына тиесілі сайлау күні ашық суда жүрген кемелерде және әскери бөлімдерде құрылған. 51 елдегі Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан ашылған 66 сайлау учаскесі тағы бар. Бұл жерде шет мемлекетте тұратын, ұзақмерзімді іссапарда жүрген және республика азаматының паспорты бар отандастарымыз дауыс бере алады.
Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық-техникалық орталығының директоры Қанат Арсақбаев ведомстволық жүйелерді интеграциялау, аумақтық сайлау комиссияларымен техникалық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру бойынша жүргізілген жұмыс туралы айтып берді. Одан бөлек Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев азаматтарды тұрғылықты жері бойынша есепке алу және тіркеу бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндады.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар және елорда әкімдері аппараттарының басшыларына да сөз берілді. Олар сайлаушылардың тізімін жасау сапасын арттыру және call орталықтарды ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Отырысты қорытындылай келе, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сайлаушыларды құқықтық сауаттылық танытып,
10 желтоқсанға дейін заңда белгіленген мерзімде сайлаушылар тізімінде бар-жоғын анықтауға шақырды. Сондай-ақ ол жергілікті атқарушы органдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша дауыс беруге құқылы барлық азаматтың тізімге енуін қадағалауды ескертті.
Отырыс қорытындысы бойынша арнайы қаулы қабылданды. Оған сәйкес әкімдер келіп түскен барлық өтініштерді ескере отырып, сайлаушылардың нақты тізімін жасауға міндетті. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы ақпараттандыру үшін онлайн сервистер мен сall орталықтар ұйымдастыруы қажет.