Технология • 28 Қазан, 2020

Мемлекеттік секторда цифрлы трансформацияны жеделдетуге сұраныс артуда

214 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңір елдерінің уәкілетті органдары жетекшілері Израиль мен Эстонияның халықаралық сарапшылары және БҰҰ-ның жетекші мамандарымен бірлесіп, электрондық үкіметті дамытудағы заманауи инновациялық шешімдерді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz

Мемлекеттік секторда цифрлы трансформацияны жеделдетуге сұраныс артуда

Халықаралық конференцияға Еуропа, Азия және Американың 20 елінен мемлекеттік органдар мен электронды үкіметті дамыту саласындағы және халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ университеттердің 100-ден астам өкілдері қатысты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин конференцияны аша отырып: "Пандемия мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді ұсынудың дәстүрлі тәсілдерінің әлсіз жақтарын айқындап қана қоймай, көптеген сын-қатерлерге жауап беруде цифрлық технологиялар маңыздылығын көрсетті", деп атап өтті.  

"БҰҰ зерттеу нәтижелері цифрлық трансформация жолында мемлекеттер айтарлықтай прогреске қол жеткізгенін және алға қадам жасағанын көрсетеді. Ппандемияның жаһандық өршуі ауқымында мемлекеттер арасындағы өзара тиімді әрекеттесу ерекше мәнге ие", деді ол.

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов: "Covid-19 пандемиясы сенімнің әлеуметтік құндылық қана емес, кез келген стратегияны, оның ішінде электрондық үкімет стратегиясын іске асырға ауадай қажет тиімді әкімшілік капитал ретіндегі маңыздылығын көрсетті. Сонымен бірге, жаңа технологияларды қолдануда. Кез келген асыра сілтеушілікке жол берілмей, шешім қабылдауда ашықтық және жариялылық қатар жүруі керек. Тәжірибе алмасу заманауи технологияларды қолдануға да, жаңа жағдайда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға да қатысты болуы  аса маңызды", деді Байменов,

"Электронды үкімет бойынша біз жасаған шолу көрсеткендей, мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге деген сұраныс соңғы айларда күрт өсті", деді БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті (UN DESA) Электронды үкімет басқармасы жетекшісі Винченцо Акуаро.

Оның айтуынша, "пандемия үкіметтер мен қоғамдарды дағдарысқа қысқа мерзімде жауап беру, орта мерзімде оның салдарын жою, сондай-ақ ұзақ мерзімде стратегиялық шешімдер мен құралдарды әзірлеу үшін цифрлық технологияларға жүгінуге мәжбүр етті".

"Бізге осы серпілісті әрі қарай күшейтіп, цифрлы прогрессті одан сайын ілгерілетіп, цифрлық алшақтықты еңсеру қажеттігін естен шығармай, елдің ішінде де, мемлекеттер арасында да ешкімді назардан тыс қалдырмауымыз керек", деді Акуаро.

UN DESA сарапшысы Арпине Корекян өз баяндамасында БҰҰ-ның 2020-шы жыл бойынша электронды үкімет даму деңгейіне қатысты зерттеудің шешуші нәтижелері мен трендтерін таныстырды. Соған сәйкес, БҰҰ-ға мүше 193 мемлекет арасында 126-ға жуық мемлекетте электронды үкіметтің даму деңгейі жоғары және өте жоғары деп анықталған, Дания, Оңтүстік Корея және Эстония көш бастап тұр. ТМД елдері арасында Қазақстан үкіметтің ашық деректері, онлайн-қызметтер даму деңгейі индексі және теңізге шыға алмайтын елдер арасындағы индекс бойынша  алдыңғы орынға шыққан.

Израиль Ұлттық цифрлық министрлігі Мемлекеттік АКТ басқармасы Бас атқарушы директоры м.а. Шахар Браха, БҰҰ Азия мен Тынық мұхиты  өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы АКТ және апаттар қаупін азайту жөніндегі департаменті директоры Тициана Бонапаче, Эстония Электронды басқару академиясы Атқарушы директоры және Басқарма төрағасы Ханнес Асток COVID-19 пандемиясы кезінде мемлекеттік қызметтерді тиімді ұсыну бойынша озық тәжірибелерімен, сондай-ақ бірегей инновациялық шешімдерімен бөлісті.

Қырғыз Республикасы Ақпараттық технологиялар және байланыс мемлекеттік комитеті төрағасы Алтынбек Исмаилов, Беларусь Байланыс және ақпараттандыру министрінің бірінші орынбасары Павел Ткач, Өзбекстан Ақпараттық технологиялар және коммуникациялар министрінің бірінші орынбасары Олег Пекось, Әзірбайжан Электронды үкіметті дамыту орталығы директоры Фариз Джафаров, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов және басқалары электронды үкіметті дамытудағы өз жетістіктері мен жаңа міндеттерімен таныстырды. БҰҰ-ның электронды үкімет жөніндегі зерттеуі аясындағы өңір елдерінде электронды үкіметтің дамуындағы жетістіктер мен сын-тегеуріндер" атты онлайн-конференцияны Астана мемлекеттік қызмет хабы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті, "Зерде" холдингі бірлесіп ұйымдастырды.

Конференция барысында қатысушылар өзара әрекеттесу келешегі және осы мәселе бойынша жаһандық және өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін талқылады.

Спикерлердің презентацияларымен Астана мемлекеттік қызмет хабының ресми сайтында танысуға болады: www.astanacivilservicehub.org/ru