Қазақстан • 28 Қазан, 2020

Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Атырау облысына барды

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Атырау облысында болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Атырау облысына барды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлердің эпидемиологиялық жағдайы және коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындығымен танысу мақсатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Атырау облысында болды.

Жедел кеңесте Атырау облысының әкімі өңірдің COVID-19 екінші толқынына дайындығы туралы баяндады.

Кеңес қорытындысы бойынша Е.Тоғжанов өңір басшылығына эпидемиологиялық ахуалды, халықты және медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен, сондай-ақ ӨЖЖ аппараттары және оттегі концентраторларымен қамтамасыз етілу мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

14

Сондай-ақ, өңір басшылығына карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Жұмыс сапарының барысында вице-премьер 200 төсектік модульді жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысының барысымен танысты, облысты дәрі-дәрмекпен қамтудағы тұрақтандыру қорына және аймақтың дәріхана желілеріне 42 атау бойынша дәрілік заттарды жеткізетін «Іңкәр» ЖШС қоймасының жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, Е. Тоғжанов Атырау қаласының № 4 емханасында болды. Бүгінгі күні өңірде бірінші болып келушілердің дене қызуын автоматты түрде өлшейтін роботты іске қосқан емханада 343 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Е.Тоғжанов өңірде «Жұмыспен қамтудың 2020 - 2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан алты жолақты автожолдың құрылыс жұмыстарының сапасымен және 600 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты.