Қазақстанның ядролық қарусыздану бағытында ұстанған саясатын Семей сынақ полигонынан алшақ қарастыру мүмкін емес. Бүгінде еліміз атомды бейбіт мақсатта қолдану бастамасын көтерген көшбасшы ел ретінде ғана танылып қоймай, ядролық сынақтардың салдарын жою бағыттары бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізіп келеді.
Қазақстанның ядролық қарусыздану бағытында ұстанған саясатын Семей сынақ полигонынан алшақ қарастыру мүмкін емес. Бүгінде еліміз атомды бейбіт мақсатта қолдану бастамасын көтерген көшбасшы ел ретінде ғана танылып қоймай, ядролық сынақтардың салдарын жою бағыттары бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізіп келеді.
Семей полигонының жалпы аумағы 1,8 млн. га. жерді қамтиды. Бұл шамамен алғанда, Словения мемлекетінің тұтас аумағына, ал Израильдің жалпы аумағының 1,5-іне тең келеді. Осыған орай, мамандар осынша ауқымдағы аумақты алып жатқан сынақ алаңының 95-98 пайызы толықтай зерттеліп, топырақта түзілген радиация деңгейі сараптамадан өткенін, зерттеу қорытындысы бойынша 5 600 шаршы шақырым жер шаруашылық мақсатта пайдалануға жарамды деген қорытынды жасалғанын алға тартып отыр.
Мәселен, елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының ғылым жөніндегі кеңесшісі, еліміздің Ұлттық ядролық орталығының және Ядролық физика институтының бұрынғы директоры Қайрат Қадыржановтың айтуынша, сонау 1993 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарын жою, уланған жерлерді қолданысқа қайтару аясында біршама жұмыстар атқарылыпты. Біз Семей ядролық сынақ алаңын зерттеу жұмыстарын 2020 жылға дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда полигон аумағында жоғары радиациялық қаупі бар жер телімдері жоқ. Дегенмен, кейбір аумақтар бұдан кейін де қоршалып, қатаң түрде қадағаланатын болады. Мамандар әрбір 20 метр сайын радиация мөлшерін тексеріп, ол зерттеулердің қорытындылары Ұлттық ядролық орталыққа жіберіліп, сараптамадан өтеді. Зерттеулердің қорытындыларына келсек, негізінен, Семей полигонының жартысынан көбін халық шаруашылығына қайтаруға болады. Мұндай шешімге бұрын мен Ұлттық ядролық орталықтың директоры болған кезде өз әріптестерімізбен бірлесе жүргізген жұмыстар нәтижесінде келген болатынбыз. Ал ешқандай тазалауға болмайтын жерлерді, яғни ядролық апаттан кейін зиян келтіруі мүмкін деген жерлердің барлығын қоршап қойдық, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Оның айтуынша, полигон жабылған кезден күні бүгінге дейін ядролық сынақтың салдарын зерттеу мақсатында жалпы көлемі 200 миллион долларды құрайтын қаржы жұмсалған. Яғни, Қазақстан тарапынан бұл мақсатқа 15 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінсе, қалған қаржы өзге елдер мен түрлі халықаралық қорлардан тартылыпты. «20 жыл ішінде, үлкен жұмыстар жасалды. Қазақстанға әлемдегі ірі ядролық мемлекеттер – Ресейден, Америкадан, Қытайдан, Ұлыбританиядан және Франциядан ядролық қару саласында көп жұмыс істеген, бұл саланың қыр-сырын меңгерген мықты ғалымдар да келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Яғни, біз белгілі бір қорытындыға солармен ақылдаса отырып, келдік», деді өз сөзінде Қ.Қадыржанов.
Қайрат Камалұлы полигон аймағындағы жұмыстардың 2020 жылға дейін жалғасуының себебін, ол аймақтағы жұмыстардың күрделілігімен де байланыстырып отыр. Бұл орайда біздің: «Ядролық сынақтан кейін топырақта түзілетін көптеген зиянды элементтердің жою және жойылу үдерістері қалай жүргізілуде?» деген сұрағымызға ол: «Бұл жұмыстарды жүзеге асырудың өзгеше бір технологиялары бар. Оны америкалықтар жақсы біледі. Себебі, Америкада Невада полигоны бар. Мұны Ұлыбритания да жақсы біледі. Олардың атом қаруын жарған 3 бірдей полигоны бар. Біз сол елдерден үйрендік. Жақында Дегелең таулы сілемдеріндегі жұмыстар аяқталды. Біз «қай жерге көмуге болады, қай жер ыңғайлы» деген мәселені 10-15 жыл бойы тексерген едік. Нәтижесінде қоршаған ортаға зиян келтіретін жаман радиоактивті элементтердің барлығы көмілді», деп жауап берді.
Ғалымның сөзінен аңғарғанымыз, бүгінде радиациялық экология, радиациялық медицина бағытында да біршама ауқымды жұмыстардың басы қайырылған екен. «Мәселен, радиациялық медицина саласы – өте маңызды сала. Оны Алматыдағы Ядролық физика институты жүзеге асырады. Онда жаман ауруларды алдын ала анықтау және зерттеуге, тез диагностика қоюға қажетті радиоизотоптар шығарылады. Демек, кез келген атомды жаман деу де дұрыс емес. Себебі, одан да адамға қажетті көптеген нәрселерді жасауға болады. Яғни, ядролық медицина – тез диагностикалық ем жүргізу, адамға зиян келтірмей емдеу үшін қажет деп ойлаймын», деді Қ.Қадыржанов.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».