Тағайындау • 28 Қазан, 2020

Нұртөре Жүсіп Қазақстан Медиа Альянсының жаңа жетекшісі болды

1157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Қазақстан Медиа альянсының Басқарма төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz 

Нұртөре Жүсіп Қазақстан Медиа Альянсының жаңа жетекшісі болды

Кеше "Қазақстан Медиа альянсы" қоғамдық бірлестігінің құрылтайшылар жиналысында Басқарма төрағасы ауысты. Бұрынғы жетекші Арманжан Байтасов бұл қызметті үш жыл атқарды.

"Жаңа жетекшінің кандидатурасын ҚМА бірінші съезінде-ақ талқылаған болатынбыз, жаңа төраға – Нұртөре Жүсіп", деді А.Байтасов.

Жиналысқа қатысқан құрылтайшылар Арманжан Байтасовтың бастамасымен дауыс беруге қатысты. Қалыс қалған Михаил Дорофеевтен басқасы ҚМА жаңа Басқарма төрағасының кандидатурасын қолдап дауыс берді. Нұртөре Жүсіп қазіргі кезде ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

Нұртөре Байтілесұлы 1961 жылы 29 сәуірде Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Керделі кентінде дүниеге келген. Әкесі – Байтілес Жүсіпов, анасы – Рәбиға Байділдаева. 1984 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі. "Біз кімнен азбыз?" (2001), "Қазақ қызы" (2004), "Елес пен белес" (2006), "Мың құмырсқа және біз" кітаптарының авторы. Еңбек жолын Павлодар облыстық "Сарыарқа самалы" газетінде агроөнеркәсіп бөлімінен бастады. Бұл газетте Көлік және коммуникация бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді.

1990-1996 жылдары – "Егемен Қазақстан" республикалық газетінің аға тілшісі, бас редакторының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары.

1996-2002 жылдары – "Жас Алаш", "Ақ жол Қазақстан", "Егемен Қазақстан", "Астана ақшамы" газеттерінің бас редакторы.

2008-2019 жылдары – "AIQYN" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газетінің бас редакторы.

2019 жылы 12 тамызда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.

"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағының иесі; Қазақстан Республикасы Журналистер академиясының академигі; Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі; Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы Б. Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы С. Сәдуақасов атындағы сыйлықтың лауреаты; Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент сыйлығының лауреаты; "Алтын адам" ұлттық сыйлығының лауреаты – Жыл адамы; Қазақстан Журналистер Одағы "Алтын Жұлдыз" сыйлығы, "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл" медалі, "Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл" медалі, Қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Құрмет ордені; "Тіл жанашыры" медалімен марапатталған.

Шиелі ауданының және Қызылорда облысының Құрметті азаматы.