Оқиға • Бүгін, 16:10

Бағалы сый: Қазақстан аумағына төрт Амур жолбарысы әкелінді

3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетиканы ынтымақтастықтың аса табысты бағыты ретінде қарастыруға толық негіз бар, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағалы сый: Қазақстан аумағына төрт Амур жолбарысы әкелінді

Фото: Ашық дереккөз

«Менің ойымша, бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр станциясын салуға қатысты келісімдердің стратегиялық маңызы зор. Осы ауқымды жобаны батыл қолдағаны үшін Ресей Федерациясының Президентіне ризашылығымды жеткіземін. Бұл бастама ғылым-білім, технология салаларындағы ықпалдастықты ілгерілетіп, энергетика мен индустрияға қатысты аралас бағыттардың дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Ресей үшін энергия ресурстарын және электр энергиясын өндіру, тасымалдау, ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізу мәселелерін табысты шешудің мәні зор. Еуразиядағы көлік байланысы көбіне біздің елдерімізге тәуелді. Қазақстан мен Ресей Солтүстік – Оңтүстік, Шығыс – Батыс құрлықаралық дәліздерін дамыту жолында жемісті жұмыс атқарып жатыр. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді қысқарту, шекара маңындағы және басқа да инфрақұрылымды жаңғырту үшін жүйелі шаралар қабылданғаны қуантады. Соның нәтижесінде жүк тасымалы тұрақты түрде артып келеді, былтырғы қорытынды бойынша 92 миллион тоннаға жетті. Бұл шамамен 3,4 пайыз өсімді құрайды», деді Президент.
Аталған көрсеткіштерді ұлғайту жоспарланған. Мемлекет басшысы ол үшін озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізілетінін атап өтті.
«Мемлекеттеріміз арасында жүргізушісіз жүк көліктерінің қозғалысын іске қосу – осы істің жарқын мысалы. Ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. «Байқоңыр» космодромы көп жылдан бері жемісті ғылыми-техникалық серіктестігіміздің символы ретінде қызмет етіп келеді. «Бәйтерек» бірлескен жобасының жүзеге асырылуы, соның ішінде жақында «Сұңқар/Cоюз-5» жаңа зымыран тасығышының сәтті ұшырылуы ғарыш қызметін ұсынатын халықаралық нарықтағы елдеріміздің позициясын нығайтуға жол ашады», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға төрт Амур жолбарысының әкелінуін Ресей Президентінің мемлекеттік сапары аясындағы айтулы оқиға деп атады.

«Құрметті Владимир Владимирович, Қазақстан аумағына жолбарыстарды жерсіндіру жөніндегі бастамамызға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге шынайы алғыс айтамын. Бағалы сыйыңыз туралы ел азаматтарының барлығы кеңінен құлағдар болды. Осы игі іске атсалысқан екі елдің мамандарына ризашылығымды білдіремін», деді Президент.
Еске салайық, кеше Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. «Egemen Qazaqstan» газетінде Владимир Путиннің «Ресей – Қазақстан: Еуразия төріндегі одақ» атты мақаласы жарияланды.
Соңғы жаңалықтар