Руханият • 29 Қазан, 2020

Сахна сыртындағы әйелдер

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көп жылғы қалыптасқан дәстүрлі мәнерге жаңа леп әкелген шығармашылық топ жаңа неміс кинематографиясының дамуын­да айрықша орын алады. Соның арасында Райнер Вернер Фассбиндер, Вернер Херцог, Фолькер Шлендорф, Маргарет фон Тротта, Вим Вендерс сынды талантты режиссерлер шоғыры әлем киносында жақсы танылды. Бір қайран қалдыратыны, көркемдік суреттеудің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру жолында жұртшылық камера сыртындағы әйелдерді тани бермейді. Біз бүгін неміс фильм сахнасынан жұрт білуі тиіс тұлғаларды назарға ұсынбақпыз.

Сахна сыртындағы әйелдер

Суретте: «Будден­брок­тар» фильмінен көрініс. Тари­хи кос­тюмдердің авторы – тәжі­рибелі суретші-костюмер Бар­бара Баум.

Каролина Линк,

режиссер

Оның «Тыныштықтың ар жағында» (Jenseits der Stille) атты кино дебютінің өзі 1998 жылы Оскар сыйлығына ұсынылған-ды. Бес жылдан кейін Каролина Линк «Африкада ешқайда» (Nirgendwo in Afrika) фильмі «шет тіліндегі үздік фильм» болып танылып, АҚШ-тың ең танымал марапаты Оскар жүлдесінің иегері атанды. 2018 жылы комик Керкелиннің өмірбаяны негізінде түсірілген «Балаға таза ауа қажет» (Der Junge muss an die frische Luft) фильмі де режиссердің үлкен жетістігіне айналды. 2019 жылы үлкен экранға жол тартқан Юдит Керрдің романы бойынша түсірілген «Гитлер қызғылт көжекті ұрлағанда» (Als Hitler das rosa Kaninchen stahl) фильмі көрермен тарапынан оң бағаға ие болған еді.

 

Анетте Хесс,

кинодраматург

Германия тарихы жайлы телефильмдер мен сериалдар үшін сценарий жазып жүрген белгілі кинодраматургтердің бірі. Ахим фон Борристің «Ойдағы махабаттан не пайда» (Was nützt die Liebe in Gedanken) кинофильміне сценарий жазуы оның кәсіби жетістігін өсіре түсті. 2021 жылы «Біз Зоо бекетінің балаларымыз» (Wir Kinder vom Bahnhof Zoo) атты сериалының Амазонда тұсаукесері өтпек. Бұл А.Хесстің бас автор ретінде топпен жұмыс істеген алғашқы тәжірибесі.

 

Теа Фон Харбоу,

кинодраматург

Неміс кино тарихында әу бас­тан ерекше орны бар кинодраматург көптеген классикалық экспрессионистік фильм мен романның сценарий авторы. 1920 жылдары көрнекті дыбыссыз фильмдерге сценарий жазып, белгілі режиссерлермен, оның ішінде Фридрих Вильгельм Мурнаумен бірге жұмыс істеді. Өзінің зайыбы – режиссер Фриц Лаңмен бірге «Метрополис немесе M» (Metropolis oder M) сын­ды фильмдерге сценарий жаз­ған. 1933 жылы күйеуі айдалып кеткенде де, мансабын жал­ғастырып, ҰСДЖП мүшесі болғаны үшін Харбоудың жеке басына қатысты қарама-қайшы пікір де айтылып жатады.

 

Регина Циглер,

продюсер

1973 жылы 29 жасар Регина Циглер өзінің жеке кино түсіретін фирмасын құрған алғашқы әйел атанды. Оның «Мен өлімін деп ойладым» (Ich dachte, ich wäre tot) деп аталған алғашқы фильмі Неміс кино академиясының сыйлығын жеңіп алды. 50 жыл ішінде 500-дей кинофильм, телефильм түсірген Циглер кейін Германияның ең табысты продюсеріне айналды. Циглер көңіл аулайтын фильмдермен қатар күрделі жұмыстарға да продюсерлік етті. Кейінгі танымал жұмыстары ретінде Филипп Штёльцлдің «Мен Нью-Йоркте болған жоқпын» (Ich war noch niemals in New York) және Фоль­кер Шлендорффтың «Монтокқа оралу» (Rückkehr nach Montauk) фильмдерін айтуға болады.