Бұл оқу жылының бірінші тоқсанының аяқталуына санаулы күндер қалғанда да өзекті болып отыр. Ақтөбе облысының 403 мектебіндегі жалпы оқушылар саны – 157 919. Қыркүйек айы басталғаннан бері 219 мектеп дәстүрлі түрде оқып жатыр. Бұлар – негізінен алыс елді мекендерде. Тамыз айының соңында 18 мың отбасының 24 мың оқушысын қашықтан оқытуға компьютерлік техникамен жабдықтау қажет болды. Негізінен көпбалалы, аз қамтылған, ерекше қажеттілігі бар оқушыларды қамту жоспарланды. Мұның бәрін бір мезетте қамту мүмкін емес, содан облыстағы білім беру мекемелеріндегі барлық компьютерлік техниканың жарамдылығы тексерілгенде, 12 500 компьютерлік техниканың ғана талапқа сай екені анықталды. Бұған дейін осы жабдықтар оқу кабинеттерінде көрнекілік мақсатта ғана тұрған, оның көбісінің жарамдылық мерзімі өткені белгілі болды.
Тамыз айының жиырмаларында жарамды 12 500 компьютер ең бірінші қажеттілігі бар отбасыларға таратылып берілді. Тамыз айында республикалық бюджеттен Ақтөбе облысының қашықтан оқитын мектеп оқушыларына 19 146 компьютер, 13 833 ноутбук, 2 314 компьютер, 2 999 планшет сатып алуға қаржы бөлінді.
10 қыркүйекке дейін облыстың білім беру мекемелеріне 13 151 ноутбук, 2 091 компьютер, 2 999 планшет сатып алу жоспарланды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева: «Компьютер мәселесі ел бойынша күрделі болып отыр. Білім және ғылым министрлігіне қазір күнделікті ақпаратты күнделікті береміз» дей келіп, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізіліп, қорытындысында екі мекеменің жеңіске жеткенін хабарлады. Осылайша, Ақтөбе облысының барлық білім беру мекемелерін қыркүйек айының ортасына дейін «LTD International» ЖШС және «LaborTech International» ЖШС-і жабдықтап болуы керек еді. Алайда жағдай басқаша өрбіді. Бұл кезде компьютерді күтумен төрт көздері түгел болған оқушылар бірінші тоқсанды да аяқтап қалды. Көпшілік оқушы екі ай компьютерсіз білім алды.
Қазанның соңына дейін 24 мың мектеп оқушысына уәде етілген компьютерлік техника толық түспеді. Сонымен республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд теңге және оған қосымша облыстық бюджеттен қосымша қарастырылған 1 млрд теңгеден астам қаржының сұрауы қайда?!
Жабдықтардың жеткізілу мерзімін қарайық. 18 қыркүйек күні «LOGYCOM» компаниясы Ақтөбе қаласына 660 компьютер жеткізді. Моноблоктар қашықтан оқытуға арналған құралдармен: видеокамера, микрофон, Wi-Fi-мен қамтамасыз етілген. Сол күні Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілінің бақылауымен техникалық құрылғылар 12 мектепке таратылды.
8 қазан күні 2 314 компьютер, 765 ноутбук, 185 планшет келді. 20 қазанда 3 442 ноутбук, ертеңіне 2 810 планшет жеткізді. Мұның барлығын мемлекеттік сатып алу конкурсынан ұтып алған «LTD International» ЖШС-і жеткізді.
– «LaborTech International» ЖШС ноутбуктерді 10 қыркүйекте әкелуі керек болса да, жеткізу мерзімі бір айдан астам уақытқа созылды», дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Марал Мыржықбаева.
Мемлекеттік сатып алуда тапсырыс беруші Ақтөбе облыстық білім басқармасы сенімсіз жеткізушінің үстінен келісімді уақтылы орындамағаны үшін айыппұл өндіруге сотқа беріп жатқан кезде, қажетті техника да жетті. «LaborTech International» ЖШС-і өкілі Ғабит Базаралин жеткізу мерзімінің кешіктірілгеніне шекаралардың жабық тұруы себеп болды дегенді алға тартып, «Бренд процессорлар бір зауытта жасалса, қалған бөлшектері басқа жерде жиналатындықтан, оны құрастыру үшін тасымалдауда қиындықтар туды», деді. Қысқасы, шекаралардың жабық тұруы бөлшектердің қозғалысына әсер еткен дегенді алға тартқан Ғабит Базаралин ноутбуктардың «Веб-камерасы, микрофоны, дауыс күшейткіші, Wi-Fi бар», деп сендірді.
Қажетті компьютерлік жабдықтар келген бойы техникалық ерекшелікке сәйкестігін, зақымданудың бар-жоғы тексерілді. Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева да: «Планшеттер қашықтан оқытуға қажетті барлық құралдармен жабдықталған: веб-камералар, микрофон, wi-fi-мен жабдықталған» дегенде, жеткізуші компания мен Л.Оразбаеваның сөздері бір жерден шықты.
Кешігіп жеткен қашықтан оқытуға қажетті жабдықтардың мектептерге әділетті түрде бөлінуі «Aqtobe – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің сарапшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, білім және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті, облыстық жастар ресурстық орталығының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелерінің көз алдында өтті. Дегенмен, осы кезге дейін мемлекеттің қаржысына сатып алынған компьютерлік техника қайда кетті? Неге 307 мектепте бар-жоғы 12 500 дана компьютер ғана қалған деген сұрақтың басы ашық тұр. Күні кеше ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мамандары Ақтөбе облысының мектептеріне компьютерлер сатып алуға бөлінген және алдыңғы жылдары бөлінген қаржыны тексеруге кірісті. Әзір белгілі болғаны, облыстық білім басқармасы 2018 жылдан бері мектептерге қажетті компьютерлік техникаларды нарықтағы бағадан қымбатқа сатып алып келген екен. Мәселен, 2018 жылы білім басқармасы «Казинтерсервис» ЖШС-мен 5 мың дана компьютер алу жөнінде келісімшартқа қол қояды. Мемлекеттік сатып алудағы лот бағасы 250 млн теңгеге есептелген. «Казинтерсервис» ЖШС Ақтөбе қаласындағы «Фора», «Технодом» дүкендерінде бағасы 149 мың теңге тұратын компьютерді мектептерге 250 мың теңгеден сатқан. Тапсырыс беруші – Ақтөбе облыстық білім басқармасы.
«Компьютердің нарықтағы бағасын, сапасы мен қаншалықты ұсынысқа ие екенін тексере келе, бұл құрылғылардың конфигурациясы әлсіз болғаны және сервистік қызметпен қамтамасыз етілмегені анықталды», дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің арнайы мониторинг топ сарапшысы Надир Мерғалиев. Өйткені, электронды лотқа қатысып, жеңіп алған тарап компьютерлік техникаға 36 айға дейін сервистік қызметті тегін жасауы керектігі білім басқармасымен жасалған келісімшартта көрсетілген. Міне, техника келіп түскен бойы облыстық білім басқармасы жаңа жабдықтардың компьютерлік сервистік қызметі үшін бюджеттен тағы да қаржы бөледі. Бұл қаржы да «Казинтерсервис» ЖШС-нің есепшотына құйылады. Мұнымен бір мезгілде 1 млрд теңгеден астам мемлекет қаржысына тағы да компьютерлік техника сатып алуға білім басқармасы конкурс жариялайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің арнайы мониторинг бөлімі осы заңбұзушылықтарға қарсы тексеріс жүргізуді бастағанын және қорытындысын тиісті құрылымдарға жолдайтынын мәлімдеді.
Ал мамандар мұны мемлекеттік сатып алу заңындағы олқылықтардан көреді. Қазіргі заң бойынша бұл процесс ұзақ уақытқа созылады. Мәселен, конкурс жарияланғанда, тек қана бір сатып алушы қатысқан жағдайда, конкурс өтпеген болып шығады. 20 күн бойы екінші қатысушының қосылуын күту керек. Егер сатып алуға екінші не үшінші қатысушылар ынта білдірмесе, онда конкурс өтпеген болып шығады. Сондықтан да қашықтан оқытуды ұйымдастыру сияқты өте қауырт және қажетті шараларға конкурс жарияламай-ақ, шұғыл ұйымдастыруға заңға өзгеріс жасау керектігін алға тартады. Қазақстанның барлық мектептеріне қажетті техниканы сенімді бренд компаниялардан тікелей сатып алуды ұйымдастырғанда, жағдай қазіргідей болмас еді дейді мамандар. Сонда ғана жемқорлық та, мерзімінен кешіктірмеу сияқты қолбайлау болмас еді.
Ақтөбе облысы