Руханият • 29 Қазан, 2020

«Оралым менің, Оралым...» (Қасым Аманжоловтың Оралдағы жылдары)

1657 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Күздің қоңыр салқыны жан дүниеңді де тоңдырып жіберетіндей. Дүние мүлгіп бара жатқан секілді. Атыраудың да күзі осы секілді. Қайта Оралдың ну орманы күз келгенде ерте сарғайып, дүниені алтын түске айналдырып жібереді. Бірақ бұл сәтің де ұзаққа бармайды екен. Артынша-ақ қаланың іші қоңырқай тарта береді. Аспан да қою түсінен бір танбай, көпке дейін сазарып тұрып алады. Бүгін де сөйтіп тұр.

«Оралым менің, Оралым...» (Қасым Аманжоловтың Оралдағы жылдары)

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Демалыс күні болған соң Хамит кеше Қуан шақырған үйге келе жатыр. Сырт­қы есікті аша қап еді, кіреберістен-ақ тіршілік байқалды. Қария шай ішіп отыр да, кемпірі бесік тербетіп отыр.

Мұның күңк еткен сәлеміне екеуі де бастарын изеген болды. Әлден соң қария қолын көтеріп әлденеге белгі берді. «Неге өйтті» деп ойлай бас­тағаны сол еді, ішкі жақтан музыка үні естілгендей болды. Қария аяғымен ішкі есікті тарта қап еді, іштен небір си­қырлы саз төгіліп сала берді. «Кіре бер» дегендей тағы белгі берді қария.

Хамит ішке ақырын басып кірді де, есіктің жақтауына жабысып қалғандай тұра қалды. Қуан мен Түмия ортада қо­сыла ән айтып тұр екен. Шәкір скрип­камен, ал Қасым мандолинмен сүйе­мелдеп тұр. Осы екі аспап екен дүниені сазға бөлеп тұрған.

Ән аяқталған соң Хамит бәріне сәлем берді. Сол-ақ екен Қасым:

– Ей, мынау әлгі тақта отырғанда тапжылмайтын ханның өзі емес пе? – деді кеудесін көтеріп.

– Иә, мен соның дәл өзімін.

Хамит бұларды бұрыннан-ақ таниды. Қасымды ғана сырттай білетін. Ал Қасымның бұны танып отырғанына іштей таңғалып, тіпті масаттанып та қалды. Өткен жолы пединститут пен пед­рабфак студенттерінен құрылған труппа Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» қойылымын қойған. Сонда бұл ханның рөлін ойнады. Ол қойылымды бір күнде бітіре алмай қап, жалғасын ертесі күні қойған. Сол қойылымды көрген Қасым «Комсомол ұрпағы» га­зе­тіне екі күнде екі рецензия жазған болатын. Алғашқысында ол: «Хан тағында қозғалмай, тап бір манекен тәрізді отырады да қояды екен» деп сынады. Ертесі күнгі рецензияда: «Хан кешегідей емес, бүгін ширады» деп жазып еді. Сол «ханды» танып отыр қазір.

– Әй, бала, сенен әртіс шығады, – деді сосын. Хамит іштей одан әрі насаттанып қалды.

 * * *

Қазақтың қара өлеңінде айрықша «Қасым поэзиясы» ізін қалдырған Қасым Аманжолов еркебұлан жастық ша­ғын – 20 мен 25 жастың арасын ерке Жайық пен сұлу Шағанның жағасында кезек ойнақтатып өтті. Өмірден өткеніне ғасыр болмаса да оның бала кез, жастық шағы туралы деректер там-тұмдап қана кездеседі. Оралда өткізген бес жылы ту­ралы деректер аз. Кейінгі шыққан есте­ліктерде, әртүрлі жазбаларда бір деректер сәт сайын қайталанып отырыпты. Оралдағы «Екпінді құрылыс» газетінде қызмет атқарғанын білеміз. Алматы­дағы Ұлттық кітапханадан осы газеттің 1932 жылдардан бері қарайғы газетті ақтарыстырдық. Ойымыз – Қасымның өлеңдеріне, мақалаларына шолу жасап, қандай да бір деректер іздеу. Түк таппадық дегеніміз жарамас. Бұрын кітаптарынан кездестірмеген бірнеше өлең, очерктерді оқыдық. Олар­дың көбі «Қасым» атымен жарияланса, кейбіреулері лақап атпен де жарияланыпты. Лақап атпен жа­рияланғандарын көзін көрген редак­тор­лардың естелік­терінен білдік. Газет қызметкері ре­тінде Оралдың бір­не­ше ауданында іссапармен жүріпті. Өлеңдері де дүр­кін-дүркін жарияланып тұрды. 21-22 жастағы жас талап болса да редактор бетінен қақпаған сыңайлы. Мәселен, «Ерлік тойы», «Айбынды қызыл әскер күші», «Панасыз кемелер, ұқыпсыз төрелер» деген құлаш-құлаш өлеңдері газеттің тұтас бетін алатындай. Ал газет­тің өзі екі-ақ бет. Төрт емес, екі бет. Яғни, бір беттің екі жағы. Тіп­ті кей­бір мақалаларын өлеңдетіп жі­беріпті. Жас­тықтың буы, өлеңнің буы ұрып-ақ тұр емес пе?!

 «Үкіметім, кеңесім»

Алтын күндей жарқырай,

Өмір еркін күлгенде.

Жібек қанат тотыдай,

Қоғам өнерленгенде.

Тау суындай жарқырап,

Тұрмыс жорта желгенде.

Арна күйдей сарқырай,

Өнер, білім өнгенде.

Су еркесі – шортандай,

Көк еркесі шолпандай,

Көзге түскен қандай ел?

– деп жазыпты «Екпінді құрылыстың» №283 санында (11 желтоқсан).

Қасымның Орал туралы өлеңдері ел айта жүрер өлеңдерінің қатарына қо­­сылды. Себебі жалынды жастық шағы өткен өлкені тебірене жырламау мүмкін емес.

Жарқын жүзбен жайраңдап,

Жатырсың ағып, Жайығым.

Жағаңда ойнап сайрандап,

Ескенмін заман қайығын...

Немесе:

Оралым, сенің қойныңда,

Ойнақтап өткен жылдарым.

Жарқылдап Жайық бойында,

Достармен сайран құрғаным...

Сұлу Шағанның көңілі жабырқап қалмасын дегендей елгезек ақын оны да жырына қосып қояды.

Шағанның бойы көк шалғын,

Шалқамнан жатқам шаңқай түс.

Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс.

«Оның алаулаған жастық шағы, әсем талантының әр қыры жарқырап, қай­сысын қууға білмей аласұратын ке­зеңі – осы тұс. Сол кезде қазақ өнері­нің – жыры мен музыкасының жаңа дәу­рен лебімен қанат жайып, дүркірей жөнелгелі тұрған шағы. Қасымның зерек жаны, алғыр зейіні, өрт сезімі өнердің бар саласын құшақтауға бас­тайды. Ойын-сауықтың, шат-думанның ортасында жалаудай жайнап, шаншыла кіріп, дамыл таппайды. «Қасым жүрген жердің бәрі көшіп жүрген ән мен жыр еді» дейді сол кезде жастық жәрмеңкесін бірге кешкен құрдас-достары. Ол домбыра, мандолина, скрипка, гармонь, кейін пианинода тамаша ойнап үйренді. Музыканың бес аспабын меңгерген ол алма-кезек дүрілдетіп, сол алтын жас­ты­ғын еске алып, жаңғыртып отырар еді».

Қасым Аманжоловтың Оралдағы жылдары жайлы білетіндердің барлығы да оның тұрған үйін дәл анықтайды.

«...1932-1933 жылдарда «Екпінді құ­­рылыс» газетінде Қасыммен бірге іс­те­­дім. Бір бөлмеде отырдық, Қасым, Оқас Үбішев үшеуміз отыратын осы бөл­­мені елгезек, балаң Қасым әрқашан әзіл-қалжыңға, думанға айналдырып жібе­ретін, өлеңдерін, фельетондарын, басқа да материалдарын ортаға салып, оқып беретін. Пікірлер алысқанды ұнататын.

Иә, редакцияның («Екпінді құры­лыс» газеті А.Т.) бухгалтері Абдулла Пәтеевтің осы үйінде, шеткі кішкене бөл­меде Қасым пәтерде тұрды. Абдулланың әке-шешесі, үш қарындасы болатын. Ол кезде пәтер-үйлер көбіне жеке адам­дардың меншігінде болушы еді. Сон­дықтан кеңсе қызметкерлерінің көп­шілігі-ақ осындай пәтерлерден бөлме жалдап алатын да, әрі тамақты да сол үйден ішіп, пәтер ақысы мен тамақ ақы­сын қоса төлейтін. Сол шақта, отызыншы жылдардың бас кезінде, Оралда татар, орыс жастары кешке қарай гитара, мандолина, гармонь алып қақпа алдына шығып музыка ойнап, ән салып, сауық құрып көңіл көтеретін. Бі­рақ қазақ жастарының арасында мұн­дай салт некен-саяқ кездесетін-ді. Ал Қасым болса, бұдан өзгеше, кешке қа­рай мандолинасы мен скрипкасын (ол мұны сыбызғы дейтін, өзінің 1933 жы­лы «Екпінді құрылыс» газетінде басылған «Моншадағы мода» атты фелье­тонына «Сыбызғы» деп бүркеншік ат қойғаны да сондықтан болса керек) алып қақпа алдына шығар еді, осы жердегі ұзын жайдақ орындыққа отырар еді, әуелі бірсыпыра уақыт мандолина ойнар еді. Одан соң орнынан тұрып скрипканы сыңқылдатар еді. Көршілес үйде, пәтерде тұратын облыстық комсомол комитетінің сектор меңгерушісі мар­құм Ізім Қошпанов екеуміз мұндайда кө­біне Қасымның жанына барып музыка тыңдайтынбыз, әңгіме-дүкен құра­тын­быз...», дейді Қасыммен бірге қыз­меттес болған Сағат Жұмағазиев өз есте­лігінде.

«Орайы келгенде мынаны да айта кетсем деп едім. Қасым Аманжолов шы­ғармаларының төрт томдығына арналған алғы сөзінде ақын Ғафу Қайырбеков оның Алматыға келген соң журналистік қызметке ойысып, «Лениншіл жас» га­зетінде жұмыс атқарғанын айтады. Мен Қасымның Оралда, «Екпінді құры­лыс» газетінде де сол кездің өзінде бел­ді журналистердің бірі болғанын, газет қызметінің сан қырына белсене қа­тысқанын қоса айтқым келеді. Ол редакцияның мәдениет бөлімін (ол кезде бөлімдер сектор деп аталатын) бас­қарды. Аудандарға, колхоздарға жиі шығып тұрды. Мәселен, «Тракторшы Темірбекті» Теректі ауданына барып қайтқаннан кейін жазғаны есімде. Оның «Панасыз кемелер, ұқыпсыз төрелер» атты фельетон-өлеңі де Орал пороходствосында болған рейдке қатысқаннан кейін туған. Қасымның «Фашизмнің жасап отырған әрекеті» деген үлкен мақаласы да ізденуге байланысты пайда болған.

Ол тұста Алматыда шыққан газет­тер Оралға жеті тәулікте келетін, ал Москваның газеттерін бір жарым тәу­лікте алатынбыз. Сондықтан көп­те­ген маңызды материалдарды Орал газе­тінің қызметкерлері орталық газет­тер­ден өздері аударып басатын. Сол мате­­риалдардың едәуір бөлігін аудару Қасым­­ның да үлесіне тиді...», дейді Сағат Жұмағазиев.

Талайлы тағдырын бірге кешкен, өлең мен жырға бусанып тұрған от­ты тұла бойын қара суық, тіпті ерте шыр­ма­ғаннан бергі күресте бірге болған ­аяулы жары Сақыпжамалымен де Қа­сым Оралда танысқан еді. Бірақ ол кезде екеуі де жас, екеуі де ерке. Үлкен өмірге енді қадам басар кез. Ерке жастық... Бірақ Сақыпжамалдың жүрегі басқада еді онда... Оралдағы күндерін ақынның жары былай еске алады:

«Бірінші күйеуім Әнуар Сейдахметов әскери адам болатын. Киевтегі әскери училищені бітірген соң Орал қаласында біраз уақыт қызмет істеді. Содан со­ғыс басталғанға дейін Свердловск қала­сының әскери оқу орнында соғыс өне­рінен дәріс береді. Орал қаласында қыз­мет істеп жүрген кезде жергілікті газет­тің қызметкерлері Қасым, Жәрдем Тілеков екеуімен күйеуім танысып, үйге ертіп келіп жүрді. Әсіресе пианино, скрипка, домбыра, гармонь секілді аспап біткеннің бәрінде еркін ойнай беретін Қасымды Әнуар құлай ұнатып еді.

...Онда мен тым жас едім. Қасым ма­­ған арнап жазған өлеңдерін оңашада қа­пысын тауып оқып беретін. Мен оны­сын Әнуарға жасырмай айтып қоя­тынмын. Ашуланудың орнына ол мәз болып күліп, «ақынға ұнаған әйел жаман әйел емес» дейтін. Әлдебір жағдайға байланысты көп ұзамай Қасымның Алматыға кетуіне тура келді. Біз Сверд­ловскіге қоныс аудардық. 1939 жылы демалысқа келгенде Қасым бізді іздеп тауып, үйіне қонаққа шақырады. Бір-екі жылдан кейін «балапан басына, тұ­рымтай тұсына» кеткен заман орнады. Әнуар сұранып жатып, жаңадан бо­санғаныма қаратпай Алматыға әкеп тас­тап, соғысқа аттанып кетті. 1943 жы­лы қаза тапқаны жөнінде қара қағаз келді...»

Арғы жағы белгілі. Соғыстан алдын күйеуі Сақыпжамалды Алматыға, Әбу Сәрсенбаевтың үйіне апарып тастаған болатын. Күйеуі Әбу ақсақалдың бал­­дызы еді. Елмен бірге майданға ат­танған Қасым да аман-есен оралады, көп ұзамай Сақыпжамалға үйленеді.

«Ол кезде (Оралда – А.Т.) Қа­сым ­жиырма төрт жаста. Денесі қар­шығадай шағын болғанымен, жалт-жұлт еткен жанары қыранның көзіндей өткір. Мені­мен танысқан сәтте Қасым қолымды ұза­ғырақ қысып, қадала қа­рап қал­ды... Содан кете-кеткенше мен жаққа ұрла­на көз тастаумен болды», де­гені бар ­Са­қып­­жамалдың тағы бір естелігінде.

«Ақ қайың мен сұлу қарағай аралас орманы бар, жиегін Ақ Жайық пен Шаған көмкерген табиғаты сұлу өзі де Еуропа үлгісінде салынған Орал қа­ласы ақынның жалынды жас дәурені, алғашқы махаббаты, отты жырларының куәсі мен сырласына айналып, ол осы елге бауыр басады. Оралда өткерген 6 жыл ғұмыры Қасым ақынның ең бақытты кезеңі деп айтуға дәлеліміз мол. Оралда Қасым алғаш рет Марфуға Кенжеғалиева деген аруға жолығады, оған 12 өлең арнаған», дейді Ақұштап Бақтыгереева.

Ол өлеңдер қайсысы еді?!

Қарай-қарай көзімнің нұры бітпес,

Айта-айта көңілімнің сыры бітпес.

Жалын жүрек,

жасын тіл жас ақынның,

Сүйгеніне арнаған сыры бітпес.

 

Өзіңе аян, мен саған ғашық едім,

Сыр сандығын өзіңе ашып едім.

Жанға қимас сандықтың

бар асылын,

Аямай-ақ өзіңе шашып едім...

Әрине, қазіргі поэзиядағы өлшеммен қарағанда кемшін тұсы жоқ емес. Бірақ 1930 жылдар үшін және жас шағынан алғанда бұл – қазақ поэзиясындағы жаңа теңеулермен, сұлу сөздермен өрілген үл­гі еді. Оған «жалын атқан жастығын» қосыңыз.

Қасымның Оралда тағы бір қызмет ет­кен орны – театр. Бұл туралы да дерек­тер тіптен аз. Ал театрдың қазіргі қо­рын­да бір-екі суреттен басқа ешқандай де­рек жоқ. Тек көзін көрген, қызметтес бол­ғандардың ғана бір-екеуінің естелігі бар.

«Орал қазақ театрындағы қиын ша­руа­ның бірі актерлер кадры болды. Қа­сым Аманжолов актерлерді топтас­тыру мен сахна өнеріне баулу ісіне де көп қажыр-қайратын жұмсады. Сөйтіп, ілдәлдалап жүріп, сахна өнеріне қабілеті бар бірнеше адамды театрдың штатына енгізіп, қызметке алды. Театрда актер болғандардың бірі – Батыр Қыдыр­ниязов, Қасыммен бірге редакцияда қызмет істеп жүретін жас жігіт, міне­зі албырттау, ақжарқын болатын (осы күнгі республикаға танымал ақын Шол­­пан Қыдырнизова – сол Батырдың қызы). Батыр Қыдырнизяов та құрбы жол­дасы Қасым Аманжоловтай болмаса да, өлең шығарып, ән салатын, домбыра шерте­тін ақжелең жігіт еді. ­Штатқа алынған екінші актер Қабден­ғали Қуаныш­алиев – Орда ауданы­ның Қашқыншы ауылының азаматы. ­Ол кісіні мен бала кезімнен білетін едім. Кедейлігіне мойы­майтын, міне­зінде серілік сыңайы бар ағамыз ­еді...» – дейді Зейнолла Тұрар­бе­ков «Қасым құрған театр еді» деген естелігінде.

Бұл жазбада біз Қасымның Оралдағы жылдарына ғана назар аудардық. Орал, Жайық жайлы жазылған жырларын ғана арқау еттік. Әлбетте, Қасымның поэзиясы – үлкен поэзия. Оны зерттеп, зерделеу әлі де жалғасып келе жатыр.

Бүкіл қазаққа аты мәлім Қасымның жас­тық кезі, отты жылдары Жайықтың жағасында, Оралдың көшелерінде өт­кенін айтып, тіпті мақтанғымыз да кел­ді. Неге мақтанбасқа?! Ол осы өлкенің суын ішті, осы өлкені еркін жайлады. Орал табиғаты оған шалқар шабыт сыйлады. Небір сырлы сазды аспаптарды үйренді осы қалада. Бүгінде Қасым жазған жырды біз де жатқа айтамыз. «Оралым, менің, Оралым...»...

 

Аслан ТІЛЕГЕН,

«Egemen Qazaqstan» газетінің жас журналистерге арналған сыйлығының лауреаты