Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі С.Сейітжановтың мәлімдеуінше, қазір елімізде КСРО кезеңінен бері құжаттандырылмаған немесе жеке басын куәландыратын құжаты жоқ, төлқұжатын ауыстырмаған азаматтарды анықтайтын республикалық акция өтіп жатыр. Акцияның мақсаты – сондай адамдарды құжаттандыру.
– Атырау облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы аталған акция кезінде 12 тұлғаны анықтады. Оның ішінде КСРО-ның қызыл паспортымен жүрген үш адам анықталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматы екенін басқа құжатпен айқындайтын құжатсыз үш адам бар. Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуына байланысты азаматтығы жоқ адам деп танылған 1, шет мемлекеттің азаматтығынан шығуына байланысты азаматтығы жоқ адам деп танылған 6 тұлға белгілі болды, – дейді полиция полковнигі С.Сейітжанов.
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері рейдтік іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін шетелдік 1986 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.
– Олардың көші-қон заңнамасын бұзғаны дәлелденіп, 184-і елден шығарылды. Шетел азаматтарына қатысты 49 қылмыс тіркеліп, 43 шетелдік тарапынан қылмыс жасалғаны белгілі болды. Оның көпшілігі Өзбекстан Республикасының азаматтары тарапынан орын алады. Жалпы, түрлі әкімшілік құқық бұзған шетелдіктерден
5 млн теңге өндірілді. Сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке қазақстандық 10 жұмыс беруші тартылды, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Атырау облысына қоныс аударған шетелдіктер саны өткен жылмен салыстырғанда 77%-ға азайып отыр. Дегенмен атыраулық полицейлер шетелдіктерге патенттер беру яғни жеке тұлғаларға жұмыс істеуге рұқсат беру арқылы заңдастыру бойынша жұмыстарды белсенді жүргізілуде. Жыл басынан полиция қызметкерлері тек Атырау қаласында 50 мың шетелдікке жеке тұлғаларда жұмыс істеуін жүзеге асыруға арналған патенттер рәсімдеген. Олардың басым бөлігі Өзбекстан елінің азаматтарына қатысты болған.
Ал облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, шетелдіктер тарапынан әкімшілік құқықбұзушылық азаймай отыр. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған шетелдіктерге одан әрі шаралар қабылдау үшін көші-қон қызметі бөлімдеріне 70-тен астам құжат түскен екен. Мәселен, қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін жүргізілген шаралар кезінде анықталған шетелдіктердің арасында Өзбекстан азаматтары да бар. Шетел азаматтары тарапынан алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда жүру, автокөлікті мас күйде жүргізу, қоғамға қауіп төндіретін басқа да құқықбұзушылықтар жасалған. Азаматтық тәртіпте қарау үшін жинақталған құжаттар Атырау қалалық сотына жолданды.
Тәртіп сақшылары түрлі құқықбұзушылық жасаған шетелдіктердің тайраңдап жүруіне жол берген жоқ. Биыл сот шешімімен осындай теріс әрекетімен танылған шетелдік азаматтардың ел аумағынан шығарылуын ұдайы қадағалады.
– Құқық бұзған шетелдіктің бірі – 29 жастағы азаматтың көлікті мас әрі жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны анықталды. Өзбекстан Республикасының бұл азаматы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 6-бөлігіне сәйкес 20 тәулікке қамауға алынды. Осы азаматқа қатысты жинақталған құжаттармен танысқан Атырау қалалық соты 13 қазанда оны депортациялау туралы шешім қабылдады. Өзбекстан елінің тағы бір азаматы жақында қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін ұсталды. 1986 жылы туған азаматқа Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабының 1-бөлігіне сай, әкімшілік айыппұл салынып, елден шығару туралы шешім шығарылды, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова.
Сот шешімімен кейін Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері шетелдіктердің ел аумағынан шығып кетуіне ықпал етті. Сөйтіп шетелдіктерді Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орналасқан «Жібек жолы» бақылау-өткізу пунктіне дейін жеткізіп, Қазақстан территориясынан шығару үшін шекара қызметінің қызметкерлеріне тапсырды.
Атырау облысы