Өнер • 29 Қазан, 2020

«Абай» операсының кейіпкерлеріне арналады

577 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қараша айында «Астана Опера» театрында ұлы ағартушы, ойшыл, философ, ақын әрі композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай» операсының кейіпкерлері» атты көрме ашылады. Экспозицияда «Оскар» сыйлығының иегері Франко Скуарчапиноның ұлттық классиканың жауһары – М.Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсына арнап дайындаған костюмдері қойылады.

«Абай» операсының кейіпкерлеріне арналады

Бұдан басқа, көрермендер елор­да­лық театрда опера премьерасына әзір­лену жүре бастаған сәттен бас­тап «Абай» операсы­ның аңыз болған қо­йылымының тарихын баяндайтын әр­тіс­тердің дебюттерімен, сондай-ақ театрдың ауқымды гастрольдері ке­зіндегі фотоэкспонаттармен таныса алады. Мәселен, «Астана Опера» әр­тіс­терінің орындауындағы айтулы қойы­лымның арқасында, алыс-жақын шетел көрермендері қазақ халқының кемеңгер тұлғасымен жақын танысуға мүмкіндік алды.  

– Хакімнің сахнадағы көркем бей­несіне арналған бұл көрме арқылы біз көрермендердің ұлы ойшылдың өмі­рі мен шығармашылығына деген қызы­ғушылығын арттырғымыз ке­леді. Экс­позицияның ашылу күнінде Үлкен зал сахнасында «Абай» операсы қойылады. Қазақ ақынының тау тұлғасы – өз мағынасында дәуір ауы­суы кезіндегі, яғни өткеніміз бен ертеңімізді сабақтастырып тұрған «алтын көпір» тәріздес нышанды құбылыс. Мұның барлығын Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Абай аманаты» атты мақаласында айт­қан болатын. Елбасы халқымыз үшін Абай біздің айнымас темірқазығымыз болғанын, болып та қала беретінін бір­неше мәрте айрықша атап өтті, – деді «Астана Опера» театрының директоры, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Ал костюм суретшісінің айтуынша, айтулы ауқымды спектакльге арналып 200-ден астам костюм тігіліпті. Оларды дайындау кезінде табиғи жібектен бас­тап перделік маталарға дейінгі түрлі материал пайдаланылды. Костюмдер бойын­ша суретші олармен жұмыс жасау кезінде арнайы әдебиеттерге, сондай-ақ кітапханалар мен мұражайлардан тапқан тарихи фотолардың көшірмелеріне сү­йенді. Бір қуанарлығы, өзіміз қойылым барысында куә болғандай, италиялық сахна маманы Франко Скуарчапино қазақ мәдениетінің тереңіне бойлау арқылы ұлттық киімнің барлық бөлшектерін сәтті айшықтай алды, аяқ-киімдердің, бас киімдердің бедерлі оюларына, безен­дірілген әшекейлерге ерекше назар аудара білді. Әр костюмге матаның аса зор талғампаздықпен арнайы таңдалуы және ою-өрнек һәм түс үйлесімінен-ақ білікті кәсіби маманның жұмысы екендігін бір­ден аңғаруға болады.

«Астана Опера» театрында Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған спек­такльдің премьерасы 2015 жылғы 25 қыркүйекте өтті. Қойылымның му­зыка­лық жетекшісі – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Алан Бөрібаев, қоюшы режиссері – Джанкарло дель Монако (Италия). Кеңесші-режиссер – Қазақстанның Халық әртісі Есмұқан Обаев. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қоюшы режиссердің ассистенті – Ерен­бақ Тойкенов. «Астана Опера» теат­ры­ның шығармашылық ұжымы 2018 жы­лы «Абай» операсының қойылымы үшін Әдебиет және өнер саласындағы Қазақ­стан Республикасының Мемле­кеттік сыйлы­ғын алды.

1

Театр басшылығы мәлім еткен­дей, сегізінші театр маусымында түр­лі ба­ғыттағы көрмелер жиі ұйым­дас­тырылады. Яғни театр әкімшілігінің экс­позиция­ны тұрақты түрде өткізіп тұру жоспары бар. Мәселен, келесі ұйым­дастырылатын көрме Майра Мұха­медқызының шығар­машылығына арналатын болады және айтулы шара опера жұлдызының жеке кон­цертінің аясында өтеді. Демек, бұл тамаша дәс­түр алдағы уақытта да жалғасын табады деген сөз. Ендігі ұсынылатын көр­мелер мазмұны негізінен операның, ба­леттің жетекші солистерінің және бар­лық шығармашылық ұжымның жетіс­тіктеріне арналып, олардың спектакльдері кезінде ұсынылатын болады.