Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ
Жер ғаламшары 2025 жылы адам танымастай өзгеруі мүмкін. Дүниежүзілік экономикалық форумның анықтамасы бойынша, біз төртінші өнеркәсіптік революцияны бастан өткеріп жатырмыз. Бұл жүйе тауар өндірушілерді, дистрибьюторларды және тұтынушыларды бір желіге біріктіруді көздейді. Яғни, өндірісті роботтандыру процесі басталады деген сөз. Бүгінде өндіріске киберфизикалық жүйелер жаппай енуде. Жыл сайын роботтехниканың пайыздық мөлшері артып келеді. Тіпті кейбір елдер өнеркәсіпке тиімді 10 жұмысшыға татитын бір роботты құрастырып, іске қосқан.
Бүгінде жұмыс орны көпшіліктің екінші үйіне айналғаны белгілі. Шындығында, кез келген кісіге жалақы таңертең ерте тұрып, жұмысқа баруға, одан қалса белсене еңбек етуге стимул береді. Егер төртінші өнеркәсіптік революция толықтай іске асса, еңбек табысымыз немен өтелмек? Қарапайым тілмен айтқанда, біз қалай және немен өмір сүреміз? Бұл қазір әлемді алаңдатып отырған күрмеуі қиын мәселенің бірі.
Еуропа елдері өндірістің роботтандырылуын ынталандыратын бағдарламаларды кезек-кезегімен қабылдап жатыр. 2027 жылға қарай 10 мың жұмысшыға арналған 30 автоматтандырылған механизм қызметке араласады. Бұл салада АҚШ нарығы 2018 жылы 20%-ға дейін өскенімен келер жылы 16%-ға құлдырады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, былтыр Солтүстік Америка кәсіпкерлері тек 23 758 ғана өнеркәсіптік робот сатып алған. Бұл президенттік сайлау алдында ойлап тапқан Дональд Трамптың саяси қулығына ұқсайтындай. Ол сайлауалды бағдарламасына сәйкес, болашақта халыққа жұмыс орындарын қайтарып беруге уәде еткен еді. Екінші жағынан, АҚШ-тың Қытаймен сауда соғысы және Еуропамен текетіресі себеп. Өндіріс денуацияны күткендей баяулады.
Алайда жекелеген секторлар бәз баяғы қалпында екен. Мысалы, жуырда АҚШ-тың ең ірі автомобиль өндіруші компаниясы «General Motors Co» электр және өздігінен басқарылатын автомобильдер мен жүк көліктерін шығаруға 2,2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салатынын мәлімдеді. Конвейерлік желілерді шығаратын «Hytrol Conveyor Co Inc» компаниясы да роботтехниканың өсуінен бас тартпақ емес.
Бұдан байқайтынымыз, роботтехниканы енгізудің негізгі локомотиві автомобиль өнеркәсібі болып отыр. Бірақ одан электроника, металлургия салалары да қалар емес. Логистикада айтарлықтай өсім байқалады.
Жеке пайдалануға арналған роботтар өз алдына дербес кәсіпке айналғалы қашан? Мәселен, үй қызметіне пайдалы шаңсорғыштар, шөп шабатын машиналар, ойын-сауық құрылғылары статистикаға енбегенімен бүгінде үлкен сұранысқа ие. Ол ол ма, алдағы уақытта өнеркәсіптен басқа, пилотсыз жолаушылар көлігінің де күрт дамуы күтілуде. Жеке көмекшілер, тұтынушыларға қызмет көрсетуге арналған роботтар, экзоқаңқалар, коммерциялық кеңістіктерге және ауыл шаруашылығына арналған роботтар және басқа да түрлері жарық көрмек. Ең қызығы, бірлескен роботтар яғни саналы роботтар өмірге келмек. Олар – адаммен бірге жұмыс істейтін және кез келген жағдайға бейімделе алатын жасанды интеллект элементтері бар машиналар. Қиналсаңыз көмектеседі, ауырсаңыз емдейді.
Зерттеушілер жоғары технологиялық машиналар мен компьютерлер адамдарды еңбек нарығынан ығыстырады деп санайды. Жүргізушілердің орнын роботтар басады, банкирлерге деген қажеттілік жоғалады, дәрігер мен қызмет көрсететін персонал мамандықтар қажет болмайды. Компьютерлік технологияға деген қажеттілік туындайды. Қала ішіндегі автобустар мен жеңіл көліктер өздігінен жұмыс істейді.
Жалпы, жақын шамада адам мен машинаның арасында үлкен симбиоз пайда болатыны анық. Енді кәсіпкерлерге кассирлер, даяшылар, банк қызметкерлері, сондай-ақ өнеркәсіпте, құрылыста және ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдардың көпшілігі қажет болмайды. Автоматтандырылған жүйелерді қолдау үшін шектеулі кадрлар жеткілікті болмақ.
Неге десеңіз, роботтардың жұмыс өнімділігі өте жоғары. Аз шығынмен көп нәтижеге жетуге болады. Олар шығынды азайтады, ауырмайды, жұмыстан кешікпейді не сұранбайды, қателеспейді, тек берілген бұйрықты орындайды. Жалақы, әлеуметтік пакет, 1 айлық демалыс сұрамайды. Жұмыс берушіге ең қажет қызметкер сияқты. Ендеше компаниялар оны өз саласына неге енгізбеске?
«Робот адамдарды барлық ауыр жұмыстан босатады. Сонымен қатар адамдарға бос уақыт сыйлап, күйбең тіршіліктен басқа не істей алатындығына назар аудартады. Мысалы, шығармашылық тапсырмалар. Нәтижесінде, ерекше формадағы жаңа адамдар мен роботтар командасы құрылады», дейді Мюнхендегі Messe München көрме орталығының басқарушы директоры Фальк Сенгер.
Айтпақшы, Азия өнеркәсіптік роботтарды қабылдау бойынша әлемдегі ең ірі нарық болып қала бермек. Тұтастай алғанда үш роботтың екеуі осы құрлыққа тиесілі. 2013 жылдан 2018 жылға дейін өнеркәсіптегі робот қондырғыларының жылдық өсімі орта есеппен 23%-ды құраса, былтыр күрт баяулаған.
Машина адамды ауыстырады деген қорқынышқа келетін болсақ, олар іс жүзінде өзін-өзі ақтамайды. Роботтехниканы енгізгенімен іс өнімді болады деген жансақ пікір. Алайда McKinsey халықаралық консалтингтік компаниясы қазіргі кезде адам жасайтын операциялардың 60%-ы болашақта автоматтандырылуы мүмкін екенін болжайды.
Келешекте әрбір адам еріксіз былай ойлауға мәжбүр болатындай: «Мен не істеймін? Неге ұмтылуым керек? Балаларды қалай тәрбиелеймін, оларға не үйрету керек?». Шын мәнінде біз жаңа формацияға қадам басып отырмыз. Сондықтан жаңа әлеуметтік инфрақұрылым құрып, бір-бірімізбен бұрынғыдан да тығыз қарым-қатынастар жасауға бейімделуіміз шарт. Ол үшін бізге адамзат тәрбиесінде бұрын-соңды болып көрмеген төңкеріс жасауға тура келеді.
Иә, сана революциясы оқудан басталады. Роботтандыру, жұмыспен қамтуды қысқарту біз үшін осындай зерттеулерге уақыт беруімен құнды. Сонымен қатар бұл тәжірибе адамзатқа маңызды ең үлкен идеялардың өмірге келуіне септігін тигізбек.
Әлемдік «Gartner» компаниясының ғылыми болжамдарына сенсек, биыл 50 миллиардқа жуық компьютер интернетке қосылады. Оның үстіне көп ұзамай «Ақылды қалалар» жүйесі көбейіп, байлар жаппай «Ақылды үйлерде» тұруды әдетке айналдырмақ. Бұл туралы Мартин Форд өзінің «Роботтар келеді: технологияның дамуы және жұмыссыз болашақ» атты кітабында да тұспалдаған еді. Түбінде роботтар барлық салада адамдарды алмастыратынын айтады автор өз еңбегінде. Автоматтандырылған және роботтандырылған жүйелерді енгізу экономиканың барлық саласына араласпақ.
Саясаттанушылар дүниежүзілік даму тенденциясы бір ізге түспей, әлем кез келген жағдайда жаһандық жұмыссыздыққа ұшырайтынын хабарлауда. Адам табиғаты әлі күнге дейін өзімшіл. Мұндай мінез адамзатты екі түрлі таңдау жасауға итермелейді. Біріншісі – социалистік қамытын қайта кию болса, екіншісі – қатыгез нацистік режім.
Шындап келгенде, жаппай роботтандыру неліктен қоғамды сонша әуре-сарсаңға салуы тиіс. Былай қарасаңыз, барлық ауыр жұмысты роботтар жасап, оның зейнетін көру адамзатқа жақсы-ақ дүние ғой. Оларды керегіне жаратып, қажеттіліктеріне қол жеткізсе болды емес пе? Соның нәтижесінде белгілі бір мөлшерде табыс та таба алады. Мұндай ұсыныстарды қазірдің өзінде көптеген экономистер мен мемлекет қайраткерлері талқылап жатыр. Тіпті қарапайым азаматтар арасында сауалдамалар да жүргізілуде. 2016 жылы кейбір еуропалық елдер осыған байланысты негізгі кірістер туралы заң жобаларын ұсынған.
Жалпы, адамдар жұмыс істемейтін қоғам не болмақ? Ол қалай дамиды? Адамзаттың өмір сүру формуласы өзгерген жағдайда табиғат та құбылатыны анық. Жұмыр жердің саналы перзенті роботтардың құрсауында қалса, экономика ілгерілегенімен, рухани кеңістігіміз тарылмасына кім кепіл!? Ақылды роботтар адамзатты ақымақ етпек пе?