Қоғам • 29 Қазан, 2020

«Айбынның» алғашқы жеңімпаздары

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республикалық «Айбын-2020» жастар жиынының алғашқы үш байқауының қорытындысы бойынша Түркістан облысының орта мектептері атынан сынға түскен «Барыс» әскери-патриоттық клубы көш бастап тұр.

«Айбынның» алғашқы жеңімпаздары

«Біз біргеміз» челлендждер бай­қауында команда он күннің ішінде Instagram әлеуметтік же­лісінде 8,5 мил­лион рет қа­рал­ған.  Сонымен қатар 98,5 мың лүпіл, 72,7 мың оң пікір жи­нап, бірін­ші орынға ие бол­ды.

«Smart Sarbaz-2020» робот техникасы бойынша сайыс­та осы команданың мүшесі Әбдібек Қуаныш қазылар ал­қа­сына функционалы адам қо­лының мүмкіндіктерін көші­ретін роботтандырылған аяқ-қол­ды таныстырды. Төрешілер ал­қа­сы өнертабысты жоғары баға­лап, оның авторына бірінші орын берді.

Роботты аяқ-қолдың үш еркіндік дәрежесі бар. Ол ги­драв­ликалық жетекші және ги­дростатикалық берілу мүм­кін­­дігін пайдаланады. Қолдың басты айырмашылығы – оны қашықтан басқаруға болады.

Қатысушы атап өткендей, оның дамуы әлі прототип бо­ла отырып, тоғыз килограмға дейін жүкті кө­тере алады, ал көтеру салмағын 50 кило­­грамға дейін арттыруға бо­лады.

 «Әрине, менің өнертабысым әлі де ауыр жұмысты көтере алмайды, бірақ оның көмегімен әскери қызметшілер оқ-дәрілер мен миналарды тазарту, снарядтарды немесе басқа да ауыр заттарды тиеу немесе түсіру сияқ­ты күрделі жұмыстарды орын­дай алады», дейді әзір­леуші.

Түркістан облысының «Барыс» әскери-патриоттық клу­бы «Айбын» жұлдызы» шы­ғар­ма­шылық сайысында тағы бір марапатты жеңіп алды. Жас патриоттар «Әлия» әнін орын­дап, үшінші орынға ие болды.

Алда «Айбын» жиынына қатысу­шыларды әскери-қолданбалы спорт түрлері бо­йынша жарыс­тар, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша конкурс және «Брейн-ринг» финалдық ойыны күтіп тұр.