Коронавирус • 29 Қазан, 2020

Босаңсуға болмайды!

167 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Індетпен күресу ісінде іркіліс жасауға болмайтынын уақыт талап етіп отыр. Өйткені, аймақтарда коронавирустың ізі ішінара болса да айқын білініп, ел айналаға алаңдай бастағандай. Дерт жұқтырғандар қатары Жетісу өлкесінде де анықталуда. Ал сақтық шарасы мен екінші толқынға дайындық барысы күн тәртібінде.

Босаңсуға болмайды!

 

Өңірде вирус жұқтырғандарды оқшаулайтын жаңа модульді инфек­циялық аурухана салынып, іске қосыл­ған болатын. Қазір мұнда 5 мың­нан астам төсектік-орын дайын тұр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, індеттің салқыны балаларды шар­пыған жағдайда қол қусырып қал­мау үшін де қам жасалып жатыр. Облыста балаларға арналған екі COVID орталығы құрылған. Бұл ор­талықтарда бір мезгілде 400 жеткін­шек ем қабылдай алады.

Жалпы, індеттің екінші толқынына дайындық аясында медициналық құрал-жабдықтарды түгендеуге облыс қазынасынан қомақты қаржы бөлін­ген. Бүгінде бұл қар­жыға 3 компьютерлік томография, 150 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынған. Бұған қосымша рес­публикалық бюджет есебінен алын­ған 120 өкпені жасанды желдету аппараты да аймақтағы аурухана­ларға табыс етілген. Қазір облыста 333 өк­пені жасанды желдету аппараты мен 1 090 дана оттегі концентраты бар. Ал жа­қын күндері облыстың «Жедел жәр­дем» стансасының иелігіне 180 жаңа көлік берілмек. Осылайша, облыс­тағы алғашқы медициналық көмек көр­сететін жедел көліктердің жетіс­пеу­ші­лігі шешімін таппақ. Яғни облыста жедел жәрдем бригадасының саны 165 көліктен 205 көлікке дейін көбейді.

Айтпақшы, Алматы облысында биыл 17 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бұған 12,9 млрд теңге қазына қаржысы бөлінген. Мұнан бөлек, аудандардағы 7 аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жасалуда. Оның құны 3 млрд теңгеге бағаланған. Мысалға, Жамбыл ауданындағы перзентхана мен Көксу ауданындағы дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Ал Талдықорған қаласындағы қажетті заманауи құралдармен жабдықталған және 452 медицина қызметкері үшін жаңа жұмыс орны болған модульді жұқпалы аурулар ауруханасын бөлек атап өткен жөн.

Сондай-ақ 1968 жылы салынып, күрделі жөндеу көрмеген Ескелді аудандық орталық ауруханасының стационары толық күрделі жөндеуден өтті. Аурухананың реанимация, хирургия, перзентхана, терапия, балалар бөлімшелерінде және ота жасау блогында қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, талапқа сай жаңа заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Қосымша орталықтандырылған оттегін тарату торабы салынған. Осы тораптан барлық бөлімшелердегі палаталарға желі тартылып, оттегі тасымалдау нүктелері жасалған екен. Яғни коро­на­вирустың екінші толқыны туын­даған жағдайға аудандағы аурухана індетпен күресуге толығымен дайын.

– Облыста індетпен күреске жергілікті бюджеттен 13 млрд теңге бөлінсе, оның 8,1 млрд теңгесі екінші толқынға дайындыққа жұмсалуда. Бұл қаржыға 3 компьютерлік томограф, 18 рентген аппараты, 150 өкпені жасанды желдету аппараты және басқа да медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар демеушілер көмегімен 31 өкпені жасанды желдету аппараты, 510 оттегі концентраторы, 22 санитарлық автокөлік, 208,3 мың жеке қорғаныс құралдары алынды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әділбек Ниязымбетов.

Дәрігерлерге демеу мен қолдау көрсету ісінде де аймақта біраз ілкімді жұмыс бар. Қазірге дейін 5 362 маманға 4,7 млрд теңге сомасында үстемеақы төленген екен. Және тағы 1 123 қызметкерге жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 137 млн теңге болатын сыйақы берілген. Ал медицина мамандарының тұрғын үй мәселесін шешу үшін биыл 756 млн теңге бөлініп, оған 127 пәтер сатып алыныпты. Жыл соңына дейін тағы 64 дәрігер баспанамен қамтамасыз етілмек. Бұйырса, келесі жылы Талды­қорған қаласында тек медицина қызметкерлері үшін 60 пәтерлі тұрғын үй салынады.

– Облыста қажетті дәрігер маман­дар­дың тапшылығы бар екені рас. Біз осы кадр жетіспеушілігін болдырмауға жыл сайын көңіл бөліп отырмыз. Алматыдағы С.Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина универ­си­те­тімен бірлесіп, маман дайын­дау мақсатында 274 дәрігерді облыс қаржысына оқыттық. Жас маман­дар­дың баспана мәселен шешу үшін биыл 756 млн теңгеге 127 пәтер сатып алынды, жыл соңына дейін тағы 64 маманды баспанамен қамтамасыз етеміз. Келесі жылы медицина қызметкерлері үшін Талдықорғанда 60 пәтерлі тұрғын үй салынатын болады. Сол сияқты 5 362 маман 4,7 млрд теңге сома­сында үстемеақы алды, 1 123 қыз­меткерге жергілікті бюджеттен жал­пы сомасы 137 млн теңге болатын сыйақы берілді. Жалпы, аймақта індет­тің екінші толқынына дайындық жұмыс­тары ерекше бақылауда, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

 

Алматы облысы