Аймақтар • 29 Қазан, 2020

Ауылдарға интернет жетті

183 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Онлайн оқу әсіресе ғаламтор желісі толық жетпеген елді мекендерде оңайға соғып тұрған жоқ. Оқу жылы бастала салысымен облыс орталығына таяу жердегі Ұлан ауданына қарасты Бестерек, Ізғұтты Айтықов ауылдарының студенттері мен оқушылары онлайн оқудан оқшауланып қалған.

Ауылдарға интернет жетті

Бестеректегі Ғадас Салықов атындағы мектептің директоры Роза Мугулиеваның айтуынша, даярлық сыныбынан бастап 9-сынып аралығындағы 38 оқушының бәрі санитарлық талаптарды сақтай отырып, кәдімгідей мектеп қабырғасында оқып жатыр. Даярлық тобын қоса есептеген­де төрт сынып түске дейін, үш сынып түстен кейін оқитын кө­рі­­неді.

– Өткен оқу жылының төр­тін­ші тоқсаны қиын болды. Бірақ тығырықтан шығудың жолын тапқан едік. Екі мұғалім бұй­рық­­пен курьер болып бекітіліп, оқу­шылардың үйіне тапсырма тасы­ды. Курьер тапсырмаларды оқушылардың үйіндегі пошта жәшігіне салып, ертеңінде орын­да­лған тапсырманы мұға­лім­де­рі­не жеткізіп жүрді,  – дейді Роза Тілесқызы.

Ал студенттер кейде Wi-Fi желісіне қосылу үшін мектептің маңына баратын. Енді жаңа оқу жылынан бастап басқа мектептерде оқитын ауылдың балаларына да жағдай жасалып, мектептен интернет желісі бар арнайы кабинет ұсынылған. Оларға ара­қашық­тықты сақтай отырып, онлайн оқуларына мүмкіндік жа­сал­ған.

– Студенттер, оқушылар мектеп ішін аралап жүрмей, сыртқы есік­тен тура кіреді. Олардың сабағын кезекші мұғалім қадаға­лай­ды. Ата-анасы өтініш жазып, сабақ кестесі бойынша ғана мектеп қабырғасында болады. Ауданның әр мектебінде осын­­дай сыныптар бар. Бірақ ноут­бук, компьютер бермейміз. Тек Wi-Fi паролін ғана ұсы­на­мыз. Ал аз қамтылған немесе көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға өздері оқып жатқан білім мекемесі техника жа­ғы­нан көмектеседі, – деді Ұлан аудан­дық білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасов.

Мектеп қабырғасынан арнайы кабинеттің ашылғанына ауыл­­дағы студенттер, гимназия оқушылары қуанды. Интер­не­ті жоқ ауылдарда онлайн оқу күрмеуі қиын мәселе еді. Енді қашықтан оқу мүлде қиын­дық туғызбайтын сияқты. Өйт­ке­ні аталған екі ауылға да интернет желісі тартылды.

– О баста онлайн оқу оңай болмады. Әсіресе оқу жылы со­ңын­­да қиналдық. Күн суықта дала­дан интернет нүктесін іздеп жүретінбіз. Биыл жаңа оқу жылында ауыл мектебінен арна­йы кабинет ашып берді. Енді саба­ғы­мызды жылы жерде оты­рып, онлайн оқып жүрміз, – деген еді Өскемендегі дарын­ды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гим­­­на­­зиясының 11-сынып оқу­­­шысы Ақгүл Жеңіс­­­хан­­­қы­зы.

Көп ұзамай халықтың мұң-мұқ­та­жына құлақ түрген Ұлан ауда­­нының басшылығы «Қазақ­телеком» АҚ бірлесіп, Ізғұтты Айтықов пен Бестерек ауыл­да­рын­дағы биік төбелерге интернет құрылғыларын орнат­қан. Жыл­дам­дығы жоғары интернет желі­сі­не ең алдымен ауыл­дар­да­ғы оқу­шылар мен студенттер қол жет­кізді.

Сонымен қатар интернет же­лі­сін тарту жұмыстары Бозан­бай ауылынан бастап, Асубұлақ ауылына дейін аяқ­та­лып қалды. Кең жолақты интернет реттелген соң барлық тұрғындар еш ке­дер­гі­сіз үйді-үйіне орната алады.

Интернеті әлсіз мектептердің қатарына Жоғары Тайынты, Жантас, Манап ауылдарының мектептері де кіреді. Троицк, Проле­тарка ауылдарындағы мек­теп­­терде де интернет жүйесі нашар. Сондықтан да бұл аталған мек­тептің оқушылары қашықтан емес, штатты режімде білім алу­да.

 

Шығыс Қазақстан облысы