Іс-шараны жүргізген Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ұлы ойшылдың мұрасын зияткер ұлт пен жаңартылған қоғам қалыптастыру негіздері тұрғысынан зерделеудің маңызы туралы айтты. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы «ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы» деген сөздерін қаперге алып, Абай мұрасының зияткер ұлт қалыптастырудағы рөлінің басымдығын атап өтті.
Жиында «Абай мұрасы және елдік сөз» деген тақырыпта баяндама жасаған Парламент Сенатының депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп Абайдың алтыншы қарасөзіндегі бірлік туралы тұжырымдамасына қатысты ойларымен бөлісті. Қаламгер қазіргі қазақтың сөз тыңдау, сөз сөйлеу, аталы сөзге тоқтау мәдениетінің кемшіндігі, тобырлық сана тудырған топтық мүддені көздейтін кей дау-жанжалдар «қазақ ұлт болып қалыптасқан жоқ» дейтін түсініктердің пайда болуына әкелгенін айтты. Дегенмен қуаныш пен қайғыда, көпшіліктің басына түскен қиындықта бірге болуды мұрат тұтқан отандастарымыздың тұтас ұлттығымыздың белгісін танытып жүргенін де атап өтті. Осыған орай Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы ауылдарды су басу оқиғасы кезіндегі халықтың «біз біргеміз», «біз бекембіз» деген түсінікпен зардап шеккендерге барынша көмек қолын созған мысалдарын келтірді.
Сенатор жүрісі жылдам дәуірге аяқ басқан халқымызға ең керегі кәсіп үйрену мен білім алу екенін жеткізіп, соған сәйкес Абайдың «әрбір орынды қарекет өзі де уайым-қайғыны азайтады» дейтін сөзіне талдау жасап берді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев «Абай поэзиясының әлеуметтік парадигмасы» деген тақырыпта баяндама жасап, Абай ойларының мәңгілікпен ұштасып жатқанын алға тартты. «Абай туралы көп жазылды. Үлкен ғалымдар тарапынан іргелі зерттеулер жасалды. Енді Абайды жаңаша зерттеу керек. Әлемдік әдебиеттану, антропология, психологияны игерсек қана Абайға жаңаша келуге болады» деген ғалым әр ұрпақтың Абаймен өз сана шеңберінде диалогқа түсіп отыратынын айтты. Ол сондай-ақ өткен ғасырдағы француз әлеуметтанушысы, философы Пьер Бурдьенің кез келген әдеби шығарманы төрт капиталға жіктеп қарастырғанын айта келіп, Абай феномені ретінде оның шығармашылығы осы капиталдардың шеңберіне сыймайтынын, өйткені ол өлеңді «табыс табу, танылу, елену, мәдени кеңістіктен өз орнын табу» мақсатында жазбағанын айтты. Ғалымның ойынша, Абай «ішін кернеген дертті сыртқа шығарған ақын». Ш.Ыбыраев өз баяндамасының соңында ұлы ақын шығармашылығына бойлау үшін оның өлеңдеріндегі мәдени және әлеуметтік кодтарды ашу керектігіне назар аудартты.
Ал «Абайдың қайраткерлік болмысы» тақырыбында баяндама жасаған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов жас ұрпақ Абайдың ақындығына, ойшылдығына, аудармашылығына ғана емес, қайраткерлік болмысына да қарап бой түзеулері керек деген мағынадағы ойларымен бөлісті. Тарихшы ғалым қайраткерлігімен де танылған тұлғаның атқарған істері туралы деректер Ұлттық мұрағаттың 64-ші, 44-ші, 344-ші қорларында сақталғанын айтып, сондай дерекқорлардың бірінде сақталған, Семей облысы әскери губернаторы, генерал-майор Галкиннің 1903 жылы Абайға берген мінездемесінен үзінділер келтірді. Галкиннің мәліметіне сәйкес, біріншіден, Абай дәулетті адам. 1000 жылқы, 2000 қойдың иесі. Екіншіден, кіндігінен тараған балаларының бәрін өзі оқытқан. Үшіншіден, кітап, газет-журналдарды жаздырып алып, оқыған. Төртіншіден, 18 жыл мемлекеттік қызметті мінсіз атқарған. Осы мәліметті келтірген З.Қабылдинов, әсіресе мемлекеттік қызметкерлерді Абайдың қайраткерлік қырымен, мемлекет ісіндегі мінсіз қызметімен тәрбиелеудің маңыздылығы жөнінде ой қозғады.
Жалпы, «Абай мұрасы» конференциясында баяндама жасаған ғалымдардың көпшілігі Абай шығармашылығын бүгінгі күн тұрғысынан зерделеу, оның мұрасын шетелдерде таныту, өскелең ұрпақты тәрбиелеу тұрғысынан сөз қозғады. Айта кету керек, жиынға Zoom желісі арқылы 100 шақты отандық ғалымдар мен шетелдік қонақтар қатысты. Шара барысында Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» кітабының тұсауы кесілді. Жиынды жүргізуші Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов кітап материалы БҰҰ-ның ресми алты тіліне аударылғанын, бұл орайда шетелдік және отандық ғалымдар мен аудармашылардың еңбегі зор болғанын атап өтті.