Қоғам • 29 Қазан, 2020

2 мыңға жуық көмек берілді

178 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі маңызы мен мәнін ешқашан жоғалтқан емес. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қор­лары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп ке­ле­ді. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отыр. Мысалы, жуырда Түркістан облысында «Қам­қор­лық» бағдарламасы аясында 8 балалы ана баспаналы болды.

2 мыңға жуық көмек берілді

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасы Сарыағаш ауданына қарасты Дарбаза ауылдық округінде жал­ға­сын тапты. Ауылдық округ­те­гі жанашыр кәсіпкерлер мен ауыл жастары демеушілік жасап, көмекке мұқтаж тағдыр тауқыметін тартқан жандардың бірі, 8 баланың анасы Рыскүл Торыбаеваға 6 бөлмелі үй салып берді. Жақсылыққа ұм­тыл­ған жандар арқылы басыбайлы баспана бұйырған отба­сын­дағы балалардың қуаны­шын­­да шек жоқ. Жылдар бойғы қиын­дық­тан құтылған ананың айтар алғысы айрықша. Көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған.

«Қамқорлық» бағдарламасын Nur Otan партиясының облыстық филиалы мен облыс әкімдігі бірлесе үйлестіріп келеді. Игі шара тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Бағдарлама аудан, қалалардағы тұрмыс тау­қы­метін тартқан отбасыларға жан-жақты қамқорлық көрсету ар­қылы кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Мұн­дай отбасыларды анықтау үшін құрылған арнайы комиссия құ­ра­мында ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер бар. Кешен­ді бағдарлама аясында 2 мыңға жуық адамға көмек бе­ріл­ді. Отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, материалдық көмек көрсетілуде. Оның ішінде 35 отбасына тұрғын үй алып берілсе, 100-ге жуық адам тұрақты жұ­мыс­пен қамтылып, 178 адам қо­­­­­ғамдық жұмысқа тартылған.

Әкімдік пен саяси ұйым тарапынан қолға алынған қайы­рым­дылық шарасына қарапайым тұрғындар да қолдау көрсетуде. Мысалы, жуырда Келес ауданына қарасты Қазақстан ауылының азаматтары жалғызбасты анаға баспана сыйлады. Жаны жомарт жандар мұндай игі істі мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ұйымдастырып отыр. Бес баланың анасы Қ.Сәлімбаева бас­пана ала алмай келе жатқанына бірнеше жыл болған. Қамкөңіл ана осындай қуанышқа кенелтіп отырған №33 «Жуантөбе» жалпы орта мектебінің түлектеріне ерекше алғысын білдірді.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық – ізгі­лі­гін, таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адам­дардың бір-біріне деген сүйіс­пен­шілігі мен көмегі. Әрбір аза­мат өз еліне, туған жеріне қашан да қамқорлық танытып жүруі керек деген ойдамыз. Әсіресе қазіргідей індет әбі­гер­ге салып жатқанда жаны жомарт жандар бірлесіп мұқтаж аза­мат­тар­ға қол ұшын созып тұрса, елді­гі­мізді көрсетер еді», дейді мектеп түлектері.

Бұдан бөлек, «Жуантөбе» білім ұясының түлектері қар­жы жи­нап, ауылдық округ аума­ғын­да­ғы мазараттың 250 шаршы метр аумағын қоршап, ауылдағы орта­лық мешіттің ауласы мен кіреберіс бөлмесіне жөндеу жұмыстарын жүргізді.

 

Түркістан облысы