Саясат • 29 Қазан, 2020

Бюджеттің әлеуметтік сипаты басым

126 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу екенін алға тартқан болатын. Президент атап өткендей, «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару қажет. Өз кезегінде, мұндай қолдау аймақтардың бюджетін өрістетіп, оның әлеуметтік сипатқа бағытталуына да серпін берері сөзсіз.

Бюджеттің әлеуметтік сипаты басым

Былтыр облыс бюджеті жыл ішінде 239,2 млрд теңгеден 304,6 млрд теңгеге ұлғайып, облыстың өз кірісі де артты. Ең бастысы, бюджет әлеуметтік сипатынан айныған жоқ. Оған қазына қаражатының 60%-ға жуығы бағытталды. Бұл ретте облыс жан басына шаққандағы әлеуметтік шығыстар бойынша өңірлер арасында көш бастап тұрғанын да айта кету қажет.

2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға, оның ішінде азаматтардың барлық өтініш-тілек­терін жедел әрі тиімді қарастыратын «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасын іске асыруға баса назар аударылды. 

Былтыр жыл соңында 254,7 млрд тең­ге болып белгіленген бюджет көле­міне ішін­ара өзгерістер енгізіліп, түрлі әлеу­мет­тік шараларға бағытталатын қаржы артты. Мысалы, биыл сәуір айын­да облыстық мәслихаттың 44-сессиясы өтіп, онда үшжылдық бюджет 34,8 млрд теңге болып нақтыланды. Бұл қаржының 2,6 млрд теңгесі мемлекеттік атаулы әлеу­мет­тік көмек көрсетуге, 1,5 млрд теңге  әлеуметтік кепілдендірілген пакетке, со­ның ішінде төтенше жағдайға байланыс­ты аз қамтылған отбасыларды азық-түлік жә­не тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз етуге бағытталды. Ал еңбек нарығын дамы­ту, соның ішінде жалақыны ішінара субси­­дия­лау, жастар практикасына, NEET сана­­тын­дағы жастарға, табысы төмен көп­ба­­лалы отбасыларға, еңбекке қабілетті мүм­­кін­дігі шектеулі жандарға, жаңа бизнес идея­­ларға берілетін гранттарға және қо­ғам­­­дық жұмыстарға 4,3 млрд теңге қарас­тырылды.

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 22 жоба­ға 3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар «Биз­нес­тің жол картасы – 2025» мемле­кет­тік бағ­дарламасы шеңберінде несие­нің пайыз­дық мөлшерлемесін субсидия­лау мен ша­ғын және орта бизнес несие­лерін кепіл­дендіруге 1,7 млрд теңге қарас­ты­рылды.

Сонымен қатар облыстық бюджеттен аудандар мен Қызылорда қаласының бюд­жеттеріне мұқтаж азаматтардың жекеле­ген санаттарына әлеуметтік көмек беруге, сондай-ақ Қызылорда қаласындағы «Бақытты отбасы» отбасыларды қолдау орта­лығының қызметін қолдауға 982,6 млн теңге бөлінді. Осы жылы тамызда облыс­тық мәслихаттың кезекті 47-сессиясы өтті. Онда облыстық бюджеттің кіріс 9 млрд теңгеге ұлғайды. Сондай-ақ об­лыстық бюджеттік бағдарлама әкімші­лерінің мемлекеттік сатып алу конкурсынан үнемделген 4,9 млрд теңгесі қайта бағытталды. Осылайша облыстық бюджет 13,9 млрд теңгеге нақтыланып, «Қызылорда қаласында ет өңдеу кешен құрылысы» ин­вестициялық жобасына 466 827 мың теңге және «Алтын Қамба» агроөнеркәсіп ком­бинаты» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің «Құрама-модульді 10 дүкен құры­лысы» инвестициялық жобасына 38686,4 мың теңге бөлінді.

 «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кадрлардың біліктілігін арттыру, даярлау және қайта даярлау» бюджеттік бағдарламасы бойын­ша 1814 студенттің 2020 жылы оқуын жал­ғастыруға және   қыркүйек айынан бастап 1515 студентті жаңадан қабылдауға 1 425 518 мың теңге қаралды.

Мүгедектерге арналған оңалту орта­лы­ғын күтіп ұстауға, соның ішінде ком­муналдық шығындарға 37569 мың теңге бөлінді. 2019 жылы облыс әкімінің гранты тағайындалған 126 студенттің 2020-2021 оқу жылындағы оқу ақысы мен тамақтану, тұру шығындарын өтеу үшін әлеуметтік кө­мек көрсетуге 78212 мың теңге және 2020-2022 оқу жылына жаңадан 150 грант тағай­ындауға 97885 мың теңге қаралып отыр.

Осы нақтылауда депутаттар Қызылорда қаласында халықтың әлеуметтік осал топ­тарына, аз қамтылған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге, не­сиелік тұрғын үйлер салуға, сол жаға­лаудағы тұрғын үйлердің инженерлік ком­му­никациялық инфрақұрылымын дамы­туға, Жаңақорған ауданында көпба­лалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отба­сыларға сатып алу құқығынсыз арен­далық тұрғын үйлер сатып алуға, Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсектік ауыл­дық аурухана, Қызылорда қаласы Сыр­дария өзенінің сол жағалауында 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысына қаржы бөлуді қолдады.

Қазына қаржысының жұмсалуы об­лыс­тағы тексеру комиссиясының ұдайы бақы­лауында тұр. Комиссия төрағасы Сәуле Құлымбетованың айтуынша, осы жылдың мамыр айында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органның есебіне қорытынды болатын былтырғы бюджеттің атқарылуы туралы құжат әзірленген.

Былтыр бюджеттік инвестициялық жоба­ны іске асыру үшін «Байқоңыр  әлеу­мет­­тік-кәсіпкерлік корпорациясы» акцио­нерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінген 2100 409,0 мың теңге қаражаттың тікелей және түпкілікті нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізуі 18 пайыз ғана құрап отыр.

2017 және 2018 жылдардағы облыстық бюджеттің атқарылуына жасалған есепте тексеру комиссиясы тарапынан жергілікті атқарушы органдарға «Сот шешімдері шы­ғарылған облыстық бюджеттің деби­тор­лық және кредиторлық берешектері бойынша міндеттемелердің орындалуын қатаң бақылауға алу» жөніндегі ұсыныстар екі жыл қатарынан берілгенімен, 2019 жылдың қорытындысымен де дебиторлық берешек бюджетке өндірілмеген.

Мемлекет-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша жасалған шарт сомасы 12828594,0 мың теңге болса, 2019 жылы 3284720,0 мың теңге (26 %) төленген. Мін­деттемелерді орындау мерзімдері 3-10 жыл екенін және облыстық бюджет қаражаты есе­бінен 2019 жылы 35 жоба әзірленгенін ес­кер­сек, қабылданған міндеттемелерді са­па­лы орындауда бюджеттің мүмкіндігін, ал­дың­­ғы қаржы жылдарындағы ықтимал жүкте­­ме­­лерді мұқият есепке алу қажеттігін білдіреді.  

Жүргізілген мемлекеттік аудит қоры­тын­дысында «Қызылорда облысы Жала­ғаш ауданы Ақсу ауылдық округіндегі дәрі­­­­герлік амбулаторияның құрылысы» жобасының құны 126,6 млн теңге бола тұра, 130 млн теңгенің шығындары өтеліп, 3,4 млн теңге бюджет қаражаты артық жұм­сал­ғаны анықталды. Тексеру комиссия­сы осыған байланысты «Жекелеген жергілікті жобалар бойынша шығындарды өтеу олар­дың құнынан асып түсіп, бюджет қара­жатын тиімсіз пайдаланылуына әкеп соғуда», деген тұжырым жасаған.

Тексеру комиссиясы өткен жылы 21 аудиторлық іс-шара жүргізіп, 131 нысанға бөлінген 189 224 804,7 мың теңге бюджет қаражаты мен мемлекет активтеріне аудит жасалды. Аудит объектілеріне 54 ұсыным мен 216 тапсырма беріліп, құқық қорғау органдарына 3 аудит материалы жолданған.

– Әкімшілік құқық бұзушылықтар белгілері байқалған 137 материал уәкілетті органдарға жолданып, оның 42-сі бойынша 3 368,3 мың теңге айыппұл салынды. 89 материал бойынша аудит объектілерінің лауазымды тұлғалары ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 6 ма­териал бойынша әкімшілік іс қозғаудан бас тартылып, кері қайтарылған, – дейді комиссия төрағасы.

Тексеру комиссиясы облыстық бюд­жеттің былтырғы атқарылуын бағалауда облыстық бюджеттің кіріс бөлігінің өңір­дегі мұнай өндіруші компанияларының салық­тарына тәуелділігі әлі де сақталып отыр­ғанын айқындаған. Қаржы экономи­калық негіздемелерінде көзделген инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыруда квази­мемлекеттік сектор субъектілері жауап­кершілігінің төмендігі белгілі болған. 

Тексеру комиссиясы бюджеттен бө­лін­­ген қаражаттың тиімді пайдаланылып, әлеуметтік-экономикалық дамудың кепі­ліне айналуына күш салады.

 

Қызылорда

 

Соңғы жаңалықтар