Руханият • 29 Қазан, 2020

Мақсат – бәріне бірдей мүмкіндік беру

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Саламатты өмір салтын және бұқаралық спортты насихаттау. Ең бастысы, волонтерлер мен әлеуметтік осал топтарды қолдауға назар аудару. Бұл «Ашық жүрек» қайырымдылық теннис турнирі ұйымдастырушыларының көздеген мақсаттары.

Мақсат – бәріне бірдей мүмкіндік беру

Биыл 11 қазанда Ақтөбе об­лы­­­­сының Волонтерлер лигасы үлкен теннистен «Ашық жүрек» кубогының қайырымдылық тур­нирін өткізді.

Волонтерлер қозғалысын ке­ңінен насихаттай отырып, ха­лықты саламатты өмір салтын ұстануға шақыру, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, үлкен теннисті дамытуға үлес қосу және адамдардың қайырымдылық жа­сауға деген ниеттерін арттыру мақ­сатында өткізілетін турнирдің қатысушылары биыл көп болды.

Волонтерлер лигасының бұл бастамасын Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қолдап, турнирдің ашылу салтанатына қатысты. Өз сөзінде шаһар басшысы қоғамдағы волонтерлердің атқарып жатқан еңбегінің жоғары деңгейде екенін атап өтіп, барлық қатысушыға алғысын білдірді.

«Бүгінгі турнирдің өтуі ақтө­беліктердің кез кел­ген жағ­дайда шет қалмай­тын­дығының дәлелі деп түсінемін. Біз әрдайым көмек қолын созуға дайынбыз. Арамызда тек сөзбен емес, іспен дәлелдейтін азаматтарымыздың саны көп, бұл – біздің ауызбір­шілігіміздің көрінісі. Қоғамдағы мұқтаж жандарға қа­шан­да кө­мек көрсетуге дайынбыз, қол­ұшын беріп қатарымызға тар­­­­ту­ға асықпыз. Біздің күшіміз – бір­­лік­те», деді қала әкімі Асхат Шаха­ров.

Қайырымдылық турниріне 50-ге жуық адам қатысуға ниет білдірді. Барлық қатысушылар 2-3 мың теңге көлемінде жарна төлеп, үш топқа бөлініп бақтарын сынады. Алғашқы топта бірыңғай ерлер, екінші топта әйелдер болса, үшінші топ волонтерлерден құралды. Бір күн көлемінде өткен жарыста барлық қатысушы белсенділік танытып, спортқа деген ынта-жігерін көрсетті. Аталған қайырымдылық турни­рінен түскен барлық қаражат Волонтерлер лигасынан көмек сұраған мұқтаж отбасыларға ауда­рылады.

Айта кетейік, бұл Волон­тер­лер лигасының бастамасымен өт­кізіліп отырған алғашқы спорт­тық шара емес. Бұған дейін де әуес­қойлар арасында осындай футбол және волейболдан турнирлер өткізілген болатын.

Осы орайда жастар арасында волонтерлік бастамаларды іл­герілетуге бағытталған «Ашық жү­­рек» жобасы Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігінің қол­дауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ мем­лекеттік гранты аясында жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн.